Айгүл Үлкенбаеваға арналған «Күй падишасы» (поэма)

vyepyu Жаңалықтар

Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр ЖҮСІП жүрегінен жыр жауhарын өрген сыршыл ақын ретінде де оқырманға кеңінен танымал. Біз бұдан бұрын да оның күй әлемі, дүлдүл дарын Айгүл Үлкенбаева туралы жұрекжарды туындысын газетімізде жариялаған едік. Енді бүгін ақынның атақты домбырашы хақында әлі сиясы кеппеген жаңа поэмасын «Атырау» газетінің әдебиет сүйер оқырмандарына сүйіншілей ұсынғанды жөн көрдік.

Қадыр ЖҮСІП,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:

Күй  падишасы

(поэма)

Айгүл Үлкенбаеваға арналады!

             Бірінші тарау

                Қасиетті домбыра

Уілді соққан желдің сыры тынбай,

Әлемнің дүбірлеген дыбысындай.

Адамның құлағына құпияны

Құбылып ұғындырар ұлы сындай.

Даланың күндері де, түндері де,

Айналып тіршіліктің тілдеріне,

Керемет күйдің лебіз тылсымдары

Ұқсайды табиғаттың үндеріне.

Күй оңай сезімдерді шештірер ме?

Әйтеуір «дыңғыр» болып естігенге.

Ішегі домбыраның тиген саусақ

Ерекше сыр шертеді естілерге.

Тербеліп, жаның дайын шайқалуға,

Әлің жоқ бір дыбысты қайтаруға.

Жүрегің күйге бөгіп тыңдағанда,

Сазының шек болар ма айтарында?

Осылай ғасырлардың сана хаты,

Жеткізген күйіменен саламаты.

Болашақ ұрпағына жалғастырған

Домбыра – бабалардың аманаты.

Жүйке де шексіз жырды жазады екен,

Қиялың күмбір күйдің базары екен.

Керемет  қасиеті домбыраның –

Шерткені шежірені ғажап екен!

             Балауса талап

                                  ***

Құм Нарын мекен бопты Адайға да,

Туылған адайлардан талай дана.

Төсегі сусылдаған құмы екен де,

Аспаны – көз жеткісіз сарай ғана.

Еркіндеу алтын құмда сайраңдаған,

Тереңдеу болашаққа ой қамдаған.

Еліне салған жаудың көз қиығын

Қасқита бет қаратпай ойрандаған.

Өсіріп төрт түлігін көрген күнін,

Өмірдің жауқазындай терген гүлін.

Салт-сана бабалардан жалғастырып,

Өсірген ибалы-қыз, көргенді ұлын.

Іргесі берік Себек, Қабақайлар,

Болмаған арасында талапайлар.

Жаздырмай көңілділік құшақтарын,

Жайлаған шатты өмір «алақайлар».

Үлкенбай – Қабақайдың бір тұлғасы,

Ішінде жатқан қайнап сыр тұнбасы.

Көргендер парасатын армандапты:

«Болса, -деп, – елдің сондай шіркін жасы.

Жасы жоқ көмейіне жыр қонбаған,

Үзілмей ән мен күйден тұнған далам.

Бұйырғын, жусан басы әуендерін

Өнерден Үлкенбай да құр болмаған.

Жиылған той-домалақ сәні болған,

Аңсаулы сағыныштың бары болған.

Дәулескер сазы байлық етпесе де,

Күйіне әуесқойлар табына алған.

Омбылап қилы заман күртігіне,

Дегендей баба дәстүр: «кілті міне!»

Елінің ғұрпын іліп жалғастырған,

Мезгілдің айналыпты бір тініне.

***

Перзенті ұл болғанын қалаған-ды,

Сүйсінтер дос-жаранды, аламанды.

Дүние қабыл қылып ақ арманын,

Ауыл-үй арасында сараланды.

Атады жас иісін Нариман деп,

Үстінде болсын барлық ар-иман деп.

Бұлбұлы кең даланың сайрады да,

Қуанды аппақ аспан, далиған көк

Көрінді кішкенеден талабымен,

Ойнады құм даланың самалымен.

Сайраңдап қозы-лақпен жарысады,

Құшақтап сыйғанынша даланы кең.

Әурелеп әкесінің домбырасын,

Жазады жеткізе алмай бар құлашын.

Бес-алты жасқа келіп алғаннан соң,

Бастады қос ішектің «даңғырасын».

Қызығып күйшілердің өнеріне,

Күндегі айналдырды қорегіне.

Құнарлық  дәні болып топырақта,

Болашақ бапталғандай терегіне.

Асаудай  жылдар өтті бас бермеген,

Жебеумен талаптыны төске өрлеген.

Талпыныс-желпінісін баласының

Сезімтал болар ма әке ескермеген?

Күйге де, әнге баптап жас өренін,

Тіледі көркейгенін көсегенің.

Үлгі етті баласына шеберлерді,

Үлгі етті өнер тұнған көшелі елін.

Өнерден құр емес-ті нағашылар,

Жаралған себектерден анасы бар.

Сөзге ұста, Зейнеп – ана, әні көркем,

Ерекше жаратылған дара шынар.

Ерекше домбыраны бағалаған,

Таныған сәби сырын, саралаған.

Әуестен бетін іңкәр қақпайламай,

Бірдеңе шығады-ау шамалаған.

                   ***

Оқыды Манаш ауыл мектебінде,

Көкмайса өнер де өсті көктемінде.

Мамандық шипагерлік таңдаса да,

Нарынның ән-күй қуды бөктерінде.

Бар нұрын аямады бағына күн,

Аялап Шолпан атты нәрін-жарын

Енгізіп көлбеген кең шымылдыққа,

Жігіт боп көтерді жас шаңырағын.

Шолпандай Шолпан десе атқан таңда,

Сиятын бар дүние мақтанғанға.

Адамға қарағанда түскен сәуле

Жайнаған көзіндегі шоқтан жанға.

Ғажапқа теңей алмай сұлулығын,

Таңдамай баламасын бұрынғының.

Жігіттер  аузының суы құрып,

Шаршады таба алмай-ақ тыным бүгін.

Жеткізіп Назым қызға, қыз Жібекке,

Таласар орағандай бұл жібекке.

Әйтеуір құттықтаумен Нар достарын

Тап қылған Қыз Жібекті Нұр жүрекке.

Толыпты ән де осы үйге, күй де осы үйге,

Жамырап жатыр келіп күнде осы үйге.

Жарылып жүректері, қоңылтақсыр

Ән-жырдан бал ішпесе түнде осы үйден.

Қараша үй айналды өнер ошағына,

Тұндырған шат-думанның тосабына.

Әннің бір  әрбіреуі гүлін алып,

Келмейді құралақан бос ағымға.

Шырқатқан қызықтап ән Шолпанға да,

Атпайды әрбір ақ таң салтаң ғана.

Бұл үйге «әу» дейтіндер келеді ылғи,

Болмаса, бұлай қарай жалтаңдама!

Нариман – күйдің басы, әннің басы.

«Жел болса, тербеледі талдың басы» –

Дегендей жүректері еріп бірге,

Алдында табынады бар құрдасы.

Ән шалқып шағын ауыл аспанында,

Қаулады саз тіндері дастанында.

Нариман маздап жүріп, бел байлады

Ұйымды өнер атты басқаруға.

***

Ұлы ісін дәрігерлік ұмытпаған,

Тәсілін оның талай құрықтаған.

Аялап сырқаттарды, дәм татуды

Тілеген сүтпен тегі тұнық тағам.

Екеуі Шолпанымен қосарлана,

Айналып туған жерде қос арнаға.

Сапарға қалса аттана қалашығып,

Сағынып емшілерін тосар дала.

Елінің болашағы – нәрестелер,

Әр үйде жүкті сұлу бар ескерер.

Біреуді сырқатынан айықтырса,

Жандары биіктеле белеске енер.

Қарайды ауылының қарттарына,

Батасын аямаған бақтарына.

Солардың игілікті тілегінен,

Нықтанар адамшылық тақтарына.

Аттары аталғанда ардақтыға,

Таралып  емшілігі жан-жақтыға.

Толысып  беделдері күннен-күнге,

Түсінер айналғанын салмақтыға.

Дегенге самарқаулық көз ілдірмей,

Дарымас өнер жасты сезіндірмей.

Аққыстау театрын ұжым қылып,

Жайнатты ауылының сөзін гүлдей.

Тәніне асыл сөздің жан бітіріп,

Түндігін ғасыр сөздің алды түріп.

Әр күні қызықтады көрермендер,

Әр күні сахнадан сән күтіліп.

Жасады режиссерлік Ғатау аға,

Таң болып талаптыға атар аға.

Елінің қамын жеген бұл адамға

Мәңгілік лайықты бата ғана.

Арқадан Ақан сері аңырады,

Қосылып Жаяу Мұса жамырады.

Қайып  та Ақбөбектей сүйгенінің

Асырды Аққыстауда зарын әрі.

***

Шырқаған Нариманның әні қандай?

Ұқсатып құс дауысын танығандай.

Әлемде қандай тәтті үн болса да,

Ішінде бәрінің де нәрі бардай.

Кетеді жүрегіңді дірілдетіп,

Адамдық дүниені күлімдетіп.

Қаңқылдап көкте қаздың дауысындай

Сәндеген құлағыңа бұрын жетіп.

Бейне бір Ғарифолла келгендейін,

Далада ән шілтерін өргендейін.

Әнінің таңға салған толқынымен

Жамырап жан-жануар өргендейін.

Қосыла домбыраны шырқағанда,

Асыл ән нұр кеудеден бұрқағанда.

Шешілген қоңыр кештің тұсауындай,

Жеткендей бір қаладан бір қалаға.

Даланың сахнасында күй шалқыған,

Айнымай баба салттан мың балқыған.

Сұлу саз желмен ызғып өткенінде

Құмарлық сабағы мен гүл толқыған.

Ішектен іліп-қағып шерткенінде,

Сусыған Нарын құмы бөктерінде.

Кемеңгер домбыраның өр дауысын

Нариман жеткізетін көкте күнге.

Бөлене рахатқа көз ілесің,

Сенесің саз сайраған сөзіне шын.

Күйшіге шекті шерткен саусағынан

Естисің елдің терең шежіресін.

Даланың тынышығы сөгілді мың,

Өнерлі ұсынғанда төрің мығым.

Керемет байқатқандай күйшіміздің

Осылай бір-бір сырын, сегіз қырын.

***

Тігілген отау үй ақ жұмыртқадай,

Қасынан өте алмайсың ұлықтамай.

Бұл үйге келген абзал ақсақалдар

Ат басын шаруадан бұрып талай.

Өмірі өтіп жатты бабыменен,

Қызығар жанашырлар сәніменен.

Әр күннің Алла берген нәріменен,

Сезімнің балбыраған балыменен.

Жаңғырды үй перзенттер дауысынан,

Албырап атты әрбір таңы сылаң,

Бұрқана буырынқанып ақты ілгері

Айнымай өмір –дария ағысынан.

Зәуреші келді тұңғыш мөлдіреген,

Айгүл, Айна жібектей елжіреген.

Үш гүлі сұңқылдаса айнымаған

Гауһардың сынығындай өндір ерен.

Әрқайсы дархан жылдар сыйлығындай,

Еселеп бермес мезгіл күйді мұндай.

Қисынын тауып жатты бар дүние

Алланың тәптіштеген бұйрығындай.

Көрінді әрбіреуі талабымен,

Тірлікке қарап сәнді жанарымен.

Айгүлдің ерекшелеу табиғаты

Әуре ішек, домбыра шанағымен.

Ананың – айы, гүлі, бар тынысы,

Жігерлі естіледі алқынысы.

Аспанда – Айы болған, жерде – гүлі,

Асқақтау балапанның талпынысы.

Жаяды көкке қарай құлашын да,

Кеудеде бар дүние расында.

Қалпында томашадай алып-ұшып,

Қиялы шырқайтындай бір асуға.

Үш жасқа жаңа ғана толғанында,

Дыбыстар ұялар ма талғамында?!

Ілулі домбыраны берсе алып,

Ұмтылар саусағымен қармануға.

Ішектерді қолыменен ілгіштеді,

Қоймастан ынталылық бір күш берді.

Өзінше домбыраны домалатып,

Өзінше әуреленді, білгіштенді.

– Бұл қызым домбырашы болады, -деп,

Нариман алдына оны алады кеп.

Күн бойы әуресі дыбысқа ауып,

Болмады ойыншыққа алаңы көп.

Әкесі икемдеді саусақтарын,

Жүреді тамашалап қол соққанын.

Ақ Айгүл сәби кезде-ақ осылайша

Қызықты өткізген-ді бал шақтарын.

Әкесі көмектесе келгенінде,

Күндегі тоқтатпады ермегін де.

Төгілтіп  ән-күйлерін келген қонақ

Әрқашан отыратын төрлерінде.

Әнді де, қызықтайтын күйлерін де,

Түседі шарапатты күйге мүлде.

Түсінде  де Айгүлдің саз ойналып,

Қалықтап ұшқандайын күй көгінде.

Меймандар: «Болайын деп тұр Айгүл», – деп,

Баланың бақылайтын шырайын көп.

Ұшқыны көзіндегі оттай жанып,

Қалатын мақтауларға құлай гүлдеп.

Домбыра, жалғыз қалса, ермегі боп,

Өзінше дыңылдатып сермеді көп.

Анасы арасында қояр мақтап:

– Айгүлжан, ой, тамаша ерледі,- деп.

Желпініп анасының мақтауына,

Көңілдің гүл жайнады бақтарына.

Былдырлап әкесі боп ән салады,

Дауысын ойнақшыта, ақтарыла.

Қанатын қаққанында жас балапан,

Болады қуанғаннан ақ ана таң.

Шалқи бер, қуана бер, қуан ана,

Шалқыған шомылғанда бақта ботаң!

О, Алла, балаусаға бер тілегін,

Риза болсын десең еркін елім!

Күтерсің өзіне арнап күмбірлеген

Әлемге сый домбыра шертілерін!

***

Айгүлдің жанын салып талабына,

Әкесі кірісті күй сабағына.

Үңілді сөздің терең астарына:

«Тайғақ жол бөгет емес тағалыға!»

Қызының санасына нұрды үйіре,

Жетелеп домбыраның сырлы үніне.

Алғашқы дыбыстаудан жасатты адым,

Қазақтың таусылмастай мың күйіне.

Бастады икемдеуден саусақтарын,

Бастырып әр перненің моншақтарын.

Ал, Айгүл сақтықпенен айнымастай,

Сияқты аралаған тау шатқалын.

Үстіңгі ішекті қатты бұраттырып,

Шығартты дыбысын да сұрап тұрып.

«Астыңғы ішегі бостау болсын», – деді,

Қызының қимылына сынақ қылып.

Сол қолдың міндетін де түсіндіріп,

Дыбыстап саусағымен «құс ілдіріп»…

Оң қолдың қимылдатып қағыстарын

Іңкәрлік нәзіктікпен ұшырды үміт.

Екі қол іске бірге кіріскенде,

Орнында тұрғаны жөн дұрыс перне.

Адамның екі қолы – қос қанаты,

Бастайтын өнегелі ұлы істерге.

Үйрену – нәтижесі қайталаудың,

Ұстаздық мекендеген дархан аулын.

Шәкірттен ынтызарлық болса, шіркін,

Міндеті болмай тәлім арқалаудың.

Осылай Нариманның күндегісі,

Ісімнің болады деп бір жемісі.

Күндері өтіп жатты үкі таққан

Жайқалар қызғалдақты гүл жемісі.

Термелеп шырқады әннің жеңілдеуін,

Көтеріп ата – ананың көңілдерін.

Көрсеңіз сонда Зейнеп әжесінің

Елжіреп қуанғаннан егілгенін.

– Айгүлім домбырашы болады, -деп,

Алысқа, Алматыға барады,  – деп,

Аймалап «жаман қызын» сүюменен

Жүзіне ғазиз ана қарады көп.

Енді үйде домбыраға болмай тыным,

Қайталап күй үйренбей қоймайтынын.

«Әуесқойлық шығар» деп, ойлады жұрт,

Болжамай биіктерге самғайтынын.

                   ***

Бір күні сұңқылдатты «Кеңес» күйін,

Деді де: «Бұл күй маған емес қиын!»

Тыңдады үйдегілер кезектесіп,

«Кәне, тартшы күйіңді, мен де естиін!»

«Тіфә, тіфә, тіл-аузым тасқа!» – деді,

Дарынға айтар енді басқа нені.

Садақа ақсарбастан  айналдырып,

Қызыма жолатпағай еш пәлені.

                   ***

Міне, Айгүл сәбилердің бақшасында,

Әр бала түсер үйден басқа сынға.

Біреуі жатсынғандай көпшілікті,

Бірінің сәулесі бар шақшасында.

Ортада көрінді бұл өнерімен,

Ән айтып, күй тарта алар дерегімен.

Қуантты тәлімгерді әуестігі

Желі ескен талабының желегінен.

Ән салды «Ән айт», – десе, тәрбиеші,

Күй тартты келіскендей нәр жүйесі.

Өзінен домбырасын қалдырмады

Аспабын бабалардың бар киесі.

Балалар айналасын қаумалаған,

Маған да үйретші деп сауғалаған.

«Мен дағы шегін шертіп көрейін», деп

Әрқайсы домбыраны саудалаған.

Кезекпен  қыңқылдады қоймай тыным,

«Тағы тарт», – деп, қызықтап ойнайтынын.

Бәріне  түсіндірді тәрбиеші

Домбыраның ойыншық болмайтынын.

                   ***

Күй тарту – ермегі емес еріккеннің,

Немесе кәсібі емес желіккеннің.

Емес ол еріншектің әуселесі,

Әрине, ойыны емес еліктеудің.

Үйреніп қолы да емес – жиренгеннің,

Жеңіліп  қиындықтан – түйрелгеннің.

Арманы  нәрге ұмтылу жан-жүйенің,

Жойылып  болмысы емес – күйрелгеннің.

Дертпен  тең күй өнері түсінгенге,

Адуын  салу емес күшіңді өрге.

Нәзік саз ұялайды нәрлі ұғымға,

Сіңеді үйіріле кішіргенге.

Жібектей  іздейді әуез көңілдерді,

Көркейтер шөлде қалған өңірлерді.

Ойлыны  іздейді әуез, нұрлы жанды,

Мәңгілік арнаға алар негіздерді.

Нәзік жан  қажет оған  қолғанаттай,

Сермелер сол қанаттай, оң қанаттай.

Үнге еніп елең ете жөнелетін,

Іздейді  жүректі ол жанған оттай.

Айгүлім күйге ғана жаралғандай,

Саусағы күйге айналып таралғандай.

Бар болмыс, қасиеті бойындағы

Әспетті текшелене қаланғандай.

Әкесі күй тартқанда жүзі жайнап,

Көзінің алуан сәуле нұры ойнап.

Жалындай маздап жанған құбылатын,

Әр күйдің ғажайып түр-сырын ойлап.

Нарекең көңіл сыйлап қонақтарға,

Сиынып алатын-ды жаратқанға.

Кештегі бастағанын бітіретін

Әңгіме, ән мен күйін таң атқанда.

Өнерін Нариманның сағынғандай,

Әр адам күй көліне шомылғандай.

Тұңғиық ризашылық шалқып-тасып,

Рахатқа бөленген көңіл қандай?!

Зейіні бір биікке жиналып ап,

Айгүлім жүрді демен қиналып ақ.

Әкенің маржандарын алар құйып,

Оянып табиғаты құймақұлақ.

Ырғағын ашып қойып айқара айқын,

Қызына күйді неше қайталайтын.

Асықпай салмақтаған әр дыбыстан

Адамды толғандырар ой қамайтын.

Үңіліп алуан саздың айшығына,

Тылсымның үйіретін бар сырына.

Селт ете әлсін-әлі елеңдейді,

Жүйкенің нәр ұялап талшығына.

Өзінің түсінгендей хақтан халін,

Қарсы алып талабының ақ таңдарын.

Айыра сарындарын әрбір күйдің,

Бұлжытпай қайталайды тартқандарын.

Қолдарын қағып ішекке жұлқынады,

Жүрегі де солайша бұлқынады.

Айнытпай қайталаса күйдің сазын,

Білмейсің мұнысына «кім кінәлі?»

Айнымай  қозғалысы қалған одан,

Дәл солай  жазылған ба самғау оған.

Көргені көз ашқаннан сол болған соң,

Ешқашан басқашаны талғамаған.

Әкесіндей домбыра қамдауы да,

Әкесіндей түкіріп бармағына.

Орындап  әкеге ұқсап отырғанда,

Қарайды  әкеге ұқсап жан-жағына.

Саялап пернелерді, аялайды,

Үндерін тыңдап-таңдап даралайды.

Ішекті қаншама рет жанап қолы,

Бостан-бос қағуды да қаламайды.

Бейне бір әкесінің көшірмесі,

Жаратқан, көшірмені өшірмеші!

Не жетсін жақсылыққа ұқсағанға,

Түзей бер алға тартқан көшіңді осы!

 Әке сезген сәби ойы

Кең дүние – арманым, болашағым,

Құштармын бәріне де тамашаның.

Мен – перзент қана емес аялаған,

Алдымда қанат қағар дара сағым.

Биікке  қанатым бар өрлетерлік,

Асылға  періштем бар төрлетерлік.

Кеудемде шалқыма бар таусылмайтын,

Байыта кең дүниені көлдетерлік.

Түсінші әке, мені нәр – барыңмен,

Ұмтылған сұлулыққа арманыммен.

Мен мына дүниеге сыя алмаспын,

Кернеген болмысымды талғамыммен.

Күй дегенің – менің  тек құдіретім,

Төбемде кең сарай жоқ тігілетін.

Тағылар жүрегіме қоңырауым,

Соңымнан сағымымдай жүгіретін.

Салынар суретім сазбен ғана,

Жанымда тербеледі наз қозғала.

Күйімді тартқанымда көрінгендей

Тербеле күңіренгені азбан дала.

Қамалып байқайсыз ба, күйге еліктеп,

Буыным тұла бойым, биге еліктеп.

Қосыла қан тамырым ән салады,

Қызғалдақ жел қозғаған гүлге еліктеп.

Күй үшін дүниеге келгендеймін,

Нәзік үн қасиетін тергендеймін.

Қаптаған мына әлем дыбыстардың

Күйіме біреуін де  теңгермеймін.

Әке, мені сен ғана түсінетін,

Мейірім шуағына түсіретін.

Күйіңмен тау тұрғызып асқаралы,

Күйіңмен мысқалдана кішіретін.

Дайынмын алдаспандай жарқылдауға,

Зәредей ниетім жоқ салқындауға.

Күй үшін бармын, әке, бәріне де,

Алдында ажалдың да тартынбауға!

Аяла, баула мені, сыла, бапта.

Отқа да, суға да сал сынамаққа.

Кездескен кедергіден тайсалмаймын,

Ұшамын құшақ аша күн-алапқа!

                   ***

Көршіде болды шебер асқан күйі,

Қауымның мәр ағасы, дастан-биі.

Күйінің балын төгіп бармағынан,

Талайды мәжіліске қосқан жиі.

Сусындап көрші-көлем ақылынан,

Аумаған туысқандық-жақынынан.

Кеңесін есту үшін, аңсағандар

Ондаған келеді іздеп шақырымнан.

«Жәке» деп құрметтейтін ауыл-аймақ,

Салмақты, парасатты жайын ойлап.

«Шәмшиден ата» болды бүлдіршінге,

Жүгірген балапандай салып ойнақ.

Мектептің ұлағатты мұғалімі,

Байыпты сөйлегенде шығады үні.

Жүйткітіп күйдің небір көкебайын,

Төгілер көмейінен жыр ағыны.

Мектепке әзір Айгүл бармағанмен,

Ілді оны күйші атаның қармағы әлден.

Күйлері Шәмшиденнің көңіліне

Айнымай ұя сала орнаған кең.

                   ***

Көршілер алқақотан пікірлесті,

Өткізді әңгімемен бүкіл кешті.

Арамыз ағайыннан бетер жақын,

Қоңсымыз тату-тәтті, шүкір, – десті.

Ой–сырлар басталды да Шәмшиденнен,

Тақырып жағалады ән-күйлерден.

Өнердің майталманы сөйлегенде,

Белсеніп муза жайы шалқиды өрден.

Таланттың табиғатын сырласқанда,

Шеберлік құсы ұшқандай бірге аспанға.

Күйшілік тылсымының қасиетінен

Құйылар құпиялар нұр бастарға.

Есімі сараланды талайлардың,

Санада сәулеленді арайлы әркім.

Бір-бірлеп жарқыратты өнерлі аға,

Есігін ашып алтын сарайлардың.

Нариман дәріс таңдап ғұламадан,

Жаудырды ынталылық сұрау оған.

Жалаңдау ойларына дерек алып,

Жаңартты нәр сусынын жыр-аламан.

Төгілді шежіресі күйшілердің,

Шешіліп түйіндері мың шідердің.

Ұстаздық қасиетінің ғажабы ғой,

Әйтпесе: «Осыларды білші»,- дер кім?!

Қазанғап, Құрманғазы, Диналарды …

Нәрі қып тарихтың жинап алды.

Ғажайып кинолента көргендей боп,

Нариманның отбасы сыйға қанды.

Айгүл де отыр еді алаңдаған,

Әңгіме қызықтырып сан арнадан.

Бәрін де санасына құйып алып,

Өртене ұшқындаған жанар балаң.

Назары ауды атаның Айгүлге де,

Еститін «тыңқылдарын» әр күнде де.

– Саусағын икемдейін бірер күйге,

Қызыңның талабында бар «бірдеңе».

Талапқа есігі ашық үйіміздің,

Пернесін бір басайық күйіміздің.

Түбінде асқақ арман күні туса,

Түйіні бірге ашылар жырымыздың.

Әкенің шалқып тасты ырзалығы,

Шәкеңнің толғандырып мырзалығы.

Ноқтасы байланғанда Айгүлінің

Бос тұрып ұстаздықтың бір қазығы.

Енгенде Шамшиденнің қамқорына,

Шомылар күйдің айдын шалқарына.

Төбесі Нариманның тимей көкке,

Кірісті болашақтың бар қамына.

Түйін

Дүбірден таңқалғандай дала мына,

Ынтаның шаң жұқтырмай балағына.

Құмы да ауылының үйірілген

Қаршадай осы қыздың талабына.

Жанымен ұмтылады бір дес бермей,

Жүрегі сазбен ғана күй кешкендей.

Қолынан болмысының қысып ұстап,

Аспанның жұлдызымен тілдескендей.

Қомдана қонып талап ұшағына,

Алыпты қанат байлап ұшарына.

Кішкене балаусаның асып күші

Кетер ме дүние сыймай құшағына.

Көргенді мүмкін емес жасырарың,

Барады алауланып осы дарын.

Күй деген құдіреттің тасқынына

Білсек-ші бір арна боп қосыларын!

vypyvp
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз