Әйелдердің зейнет жасында өзгеріс бар ма?

vagkgk Жаңалықтар

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Біреудің дастарханының мақтауын келістірген жұрт: «Ойбой, құстың сүтінен басқаның бәрі болды!» – деседі. Сол айтқандай, бүгінгі әлеуметтік желіде де «құстың сүтінен» басқаның бәрі әңгіме болады. Әсіресе, елімізде әйелдердің зейнет жасына қатысты әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Бұл жазбаны оқыған әйелдер өзін де, өзгені де қуантып, қоймастан «сүйіншілеп» кетті…

Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Құрманай Қалиеваға хабарластық. Ол мұның алып-қашпа әңгіме екенін, әйелдердің текке даурығып жүргенін және мұндай қате ақпарды өзгелерге жолдамауын сұрады. Оның айтуынша, «ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес үстіміздегі 2019 жылы әйелдер 59 жасқа толғанда зейнеткерлікке шығады.

«ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (21.06.2013ж., №105-V) 11 бабына байланысты Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау былай болады: 2019ж. 1 қаңтарынан бастап – 59 жасқа толғанда(1960ж. 1.07. – 1960ж. 31.12. аралығында туғандар) 2020ж. 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда (1961ж. 1.01. – 1961ж. 30.06. аралығында туғандар) 2021ж. 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда (1961ж. 1.07. – 1961ж. 31.12. аралығында туғандар) 2022ж. 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда (1962ж. 1.01. – 1962ж. 30.06. аралығында туғандар) 2023ж. 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда (1962ж. 1.07. – 1962ж. 31.12. аралығында туғандар) 2024ж. 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда (1963ж. 1.01. – 1963ж. 30.06. аралығында туғандар) 2025ж. 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда (1963ж. 1.07. – 1963ж. 31.12. аралығында туғандар) 2026ж. 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда (1964ж. 1.01. – 1964ж. 31.07. аралығында туғандар) 2027ж. 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда (1964ж. 1.07. – 1964ж. 31.12. аралығында туғандар).

− Әйелдерге зейнетке ертерек шығуға басқадай жеңілдік бар ма?

− Өмірге 5 және одан да көп бала әкеліп, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда зейнеткерлікке шығуға құқы бар.

− Зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?

− Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу жұмыста болған үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшін орташа айлық табыс негізге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады. Зейнетақы тағайындаған уақытта 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшері жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгіленеді. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін талап етілетін еңбек өтілінен артық жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға арттырылады. Бірақ, бұл зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспайды.

− Енді нақтырақ, түрлі мысал келтіре отырып түсіндіресіз бе: зейнетақы есептеудің тәртібі қалай жүзеге асады?

− Үстіміздегі 2019 жылдың 1 қаңтарынан тағайындалатын ең төменгі зейнетақы мөлшері – 36 108 теңге. Осынау зейнетақы мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі ер адамдар үшін 25 жыл, ал, әйелдер үшін 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда тағайындалады. Қазір зейнетақы есептеу үшін алынатын ең жоғарғы табыс көлемі – 116 150 теңге, яғни 46 еселенген айлық есептік көрсеткіш. Ал, айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 2 525 теңге. Мысал: бір әйелдің 1998 жылға дейінгі барлық еңбек өтілі – 18 жыл 10 ай.

Ал, 2019 жылға дейінгі барлық ынтымақты және жинақтаушы еңбек өтілі – 31 жыл. Орташа айлық табысы – 127 820 теңге. Орташа айлық табыс 127 820 теңге шектеумен 116 150 теңгенің талап етілген 20 жылға 60 пайызы – 69 690 теңге. Осы 69 690 теңге еңбек өтіліне көбейтіліп (18 жыл х 12 ай + 10 ай = 226 ай), талап етілетін еңбек өтіліне (20 жыл х 12 ай) бөлінеді: 69 690 х 226 : 240 = 65 625 теңге. Осыған барлық еңбек өтілі 31 жыл үшін 28 511 теңге базалық зейнетақы төленеді. Базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейі 26 698 теңгенің 96 пайызы есебінен алынады. Сонда барлық төлем мөлшері 94 136 теңгені құрайды.

− Егер бір әйелдің 12 жыл ғана еңбек өтілі болып, содан кейін түрлі себеппен жұмыс жасамаса, ешқандай табыс таппаса, онда ол қандай зейнетақы алады?

− Онда ең төменгі зейнетақы мөлшері 36 108 теңге бар еңбек өтіліне көбейтіліп, талап етілетін еңбек өтіліне бөлінеді: 36 108 х 144: 240 = 21 665 теңге және 17 225 теңге (29 698 теңге күнкөріс деңгейінің 58 пайызы) базалық зейнетақы төленеді. Сонда барлық төлем мөлшері 38 890 теңгені құрайды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз