ӘЙЕЛ – ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Облысымызда «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының «Әйелдерді қорғау» бағыты бойынша құрылған сараптамалық тобы гендерлік саясаттың жергілікті жерде жүзеге асуын басты бақылауда ұстауда.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындаөткен сараптамалық топтың кезекті отырысында әйелдерді қолдау бойынша жұмыс істейтін дағдарыс орталықтарының жұмысымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы әйел азаматтардың үлесі жайында айтылды. Жиында сөз алған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары Айбаршын Иманғазиева 2012 жылы ашылған орталыққа көмек сұрай келетін әйел адамдар мен балаларына барлық жағдай жасалып, олармен заңгер, психолог мамандар жұмыс жасайтынын айтты. «Орталықтың басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 18 жастан асқан әйел азаматтарға әлеуметтік, психологиялық көмек  көрсету. Біз оларға үш ай мерзім ішінде пана бола отыра, сол отбасын сақтап қалу мақсатымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, бар мүмкіндігімізді ұсынамыз. Ал, мәселе ушығып, жанұяны сақтау мүмкін болмаса, заң талаптарына сәйкес шара қолданатын боламыз. Отбасы ажырасқан жағдайда, әйелдердің көпшілігі материалдық қиындыққа ұшырап жатады. Десек  те,  біз оларды жер, тұрғын үй кезегіне тұрғызып (егер бұрын кезекте болмаған жағдайда), құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс атқарамыз», – деген ол бүгінге дейін атқарылған жұмыс нәтижесінде екі ана баспаналы болғанын айтты.

Әр әйел отбасында бақытты болуға лайықты. Алайда, тұрмыста бірінің бағы жанса, енді бірі оған қол жеткізе алмай жатады. Бұл мәселеде кінәні бір жақты қараған да орынсыз. Себебі, сараптамалық топ отырысында белгілі болғандай,  жыл басынан бері жайсыз 60 отбасы анықталып, төрт ана ата-аналық құқығынан айырылған. Аталған орталықтың ең басты мақсаты еліміздің ертеңі – бала өз отбасында өсуі үшін, әр жанұяда береке, бірлік болуына аз да болса үлесін қосу.

Топ отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлін арттыру мәселесі де талқыланды. Мәлім болғандай,  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша, өткен жылы 224 әйел шағын несие алып, оның 140-ы жаңадан өз ісін ашқан. Ал, биылғы жылдың тоғыз айы ішінде несие алған 257 адамның 95-і – әйел адамдар.

Өзекті мәселе талқыланған отырыста топ мүшелері өз ұсыныстарын айтып, «әр әйел заты еңбек етіп, басына түссе, өмірдің сынағына төзіп, отбасын сақтап қалуға тырысуы қажет» деген қорытынды жасады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз