АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ ДА ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауы, мұндағы басым бағыттар, жүктелген міндеттер Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингтердің басты тақырыбына айналып тұр. Кеше журналистермен жүздескен ҚР Азаматтық альянсының вице-президенті Салтанат Рахымбекованың әңгімесі де осы бағытта өрбіді. 

Брифинг қонағының айтуынша, биылғы Президент Жолдауы елдің зор қолдауына ие болуда. Өйткені, мұнда Қазақстанды әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосатын, алға жетелейтін жол, сол бағытта атқарылатын жұмыстар көрсетілген. Осы орайда альянстың вице-президенті ғылым мәселесіне айрықша тоқталды. 

 

– Президент ғылымды, дәлірек айтқанда, елдің мүддесі үшін жұмыс істейтін нақты жобалар мен жаңалықтарды қаржыландыруды ұлғайтып, оның деңгейін дамыған елдердің көрсеткішіне жеткізуді міндеттеді. Осы мәселеде, біздің пайымдауымызша, ғылымды жобалық қаржыландыруға, нақтылар болсақ, институттарды қаржыландырудан ғалымдардың шығармашылық ұжымдарын қаржыландыруға ауысуымыз керек сияқты, – деді Салтанат Рахымбекова.

Оның елдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жайы турасында да айтары бар екен. «Мемлекет басшысы «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өңірлік экспортшыларының біріне айналуы тиіс, аграрлық ғылымды дамыту, тәжірибелік аграрлық-инновациялық кластер құру қажет. Ал, ол үшін АӨК-ін дамыту жоспарына түзетулер енгізу керек» деп атап көрсетті. Біздің пікірімізше, Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын орындау үшін әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету жүйесіне түзету енгізілгені жөн» деді баяндамашы.

Салтанат Рахымбекова әңгіменің бағытында Аргентинаның, Бразилияның және Польшаның тәжірибелерін мысал ретінде жұрт назарына ұсынды. 

Брифингте ҚР Азаматтық альянсының вице-президенті журналистердің көптеген сұрақтарына дәйекті жауап қайтарды.

Азамат БАЗАРБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз