«АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» арқалаған аманат қандай?

Balmagambetov Isatay e1590036045337 Жаңалықтар

Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Бүгінде қоғамға кесірін тигізетін жемқорлықтың қандайма түрі де шын мәнінде көп болып бірлесе күресер індетке айналды. Турасын айту керек, мұндай халықтық келелі іске бүкіл азаматтық қоғам болып атсалысқанда ғана ол берекелі hәм нәтижелі болады.

Ендеше, «демократиялық қоғамның ажырамас бөлшегі» деп аталған азаматтық қоғам институттарына осы бағыттағы ауқымды реформаларды іске асыруда үлкен жауапкершілік артылады. Соның ішінде соңғы кездері өзін ақтаған бірегей бастама – «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі атқарып жүрген жанды жұмыстар көңілге қонымды.

– Елде әділ сот пен құқық қорғау жүйесін, халыққа қалтқысыз қызмет ететін мемлекеттік аппарат құру, экономикасы қуатты, болашағы біртұтас ұлт болуға бағытталған реформаларды жүзеге асыру – қарапайым халықтың қамы. Яғни, басты мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу арқылы мемлекетке деген азаматтардың айнымас сенімін қалыптастыру, – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева.

Оның айтуынша, жобалық кеңсе қызметкерлері өздерінің мақсатты жоспарларын коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай, карантин режимдері кезінде де жүйелі жүргізуді тоқтатпапты. Тіпті, бұл шақта супермаркеттердегі азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауына рейдтер ұйымдастыру, жолаушы тасымалы және басқа да қызмет көрсету түрлеріне бақылау жасау сияқты шаралар ұдайы жүргізілді (мұның бәрі де газетімізде тұрақты жарияланып тұрды – И.Б.).

Енді, міне, Атырау қаласы көшелеріне салынған асфальт жолдардың сапасын тексеруді қолға алды. Сөйтіп, атап айтқанда, Құрманғазы көшесіне былтыр төселген асфальттың бұрынғы ескісінің үстіне жасала салғаны және стандардты қалыңдығы сақталмағаны анықталды. Соның салдарынан салынғанына әлі жарты жыл да болмаған көше жолы қазірдің өзінде ойық-ойық күйге түскен.

Алғашқы тексеру қорытындылары қалалық әкімдікте өткен арнайы мәжілісте қаралып, жол салушы мердігер компания басшысының өзі орын алған олқылықтарды мойындап, түзетуге міндеттенді. Әрине, бұл жерде «мемлекеттік комиссия қабылдап алған кезде қайда қараған?», «мұндай тексеруді тиісті мемлекеттік орындар өздері неге тексермейді, оларға сондай құқық берілген емес пе?» деген де сауалдардың тууы да заңды.

Жөн делік. Бірақ, солай жасауға тиісті қызметкерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамаса, «бармақ басты, көз жұмбайлыққа» салынса, не деуге болады? Енді кімге тапсыру керек мұндай міндетті? «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің керек жері де осы!

Өйткені, қалың бұқараның нақты сұранысына сай қызмет атқаратын осындай халықшыл топтың республика бойынша құрылуы – табылған ақыл! – «Адалдық алаңының» басты күші – еш жалтақсыз, «ақты ақ, қараны қара» деп іс-әрекет жасайтындығында, – дейді Альфия Әдиева. – Бізге Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тарапынан осындай өкілеттілік берілген…

Жақсы, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз мақсаты үдесінен табылды, өзі арқалаған аманатқа адал қызмет жасауда делік. Сонда мемлекеттік қызметкерлерге (әрине, Әдеп кодексі талаптарына лайық, парасатты жандар да аз емес!) қандай талаптар қоямыз, бұл қызметке қабылданғандарды қалай тәрбиелеп қалыптастырамыз?

– Мен Президент құрған Ұлттық комиссияның мүшесімін. Мемлекет басшысы қоғамның жаңаруы үшін, мемлекеттің дамуы үшін түбегейлі реформалар жасауға бел буып отыр, – деді бізге хабарласқанымызда белгілі қоғам қайраткері, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижан.

– «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушыларды ІРІКТЕУ РЕСІМІН орталықтандыру, яғни үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу» қадамы өте дұрыс қолға алынып отыр.

Уәлихан Қалижанұлының осы пікірін тыңдағаннан кейін менің ойыма әріптес досым, белгілі журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің айтқан әңгімесі орала берді.

«Көрші отырған Қытайдың мемлекеттік қызметшілерге қатысты мына бір талабын тәжірибеге батыл енгізуге болар еді» деген ол мына бір жайды ортаға салған болатын: «Қытайда мемлекеттік қызметші (аудан, аймақ басшысы, министр, т.б.) болған адамға жауапкершілік өмір бойына жүктеледі екен. Ол басқа салаға ауыссын, тіпті зейнет демалысына шығып кетсін мейлі, кезінде өзі қол қойған құжаттарға өмірлік жауапкершілікте болады.

Ал, бізде қалай? Жемқорлыққа жол бергендер оп-оңай орынтақ ауыстырып кете береді де, олардан тиісті жауапкершілік сұралмайды. Сондықтан да, ең алдымен осы жауапкершілік мәселесінен құтылмайтындай қатаң талапты енгізу керек» деп ұсыныс айтады Нұртөре Жүсіп.

Құптарлық-ақ ұсыныс! Әрине, әңгіме – қылмысы әшкереленіп, сот арқылы өмір-бақи мемлекеттік қызметке жоламайтындай жаза алғандар туралы емес, ісі сотқа жетпей, бір қызметтен екіншісіне оп-оңай жоғарылап кете беретіндер хақында. Алайда, халық бәрін де көріп-біліп отыр ғой…

Шынында да, әрбір адам заңның алдында ғана емес, арожданының алдында да адал болуының мәні зор. Сонда ғана көп түйін шешіледі, сонда ғана қоғамда көп нәрсе өзгереді. Әрине, жақсылық жағына!..

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/qazaqstan-prezidenti-investici%d1%8f-tartuda-ahqo-aleuetin-belsendi-pajdalanudy-tapsyrdy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз