Абай және оның рухани әлемі

2020 07 03 okdbbvy4duq Жаңалықтар

Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «10 тамыз – Абай күні» болып белгіленген еді. Елдегі қазіргі пандемиялық ахуалға байланысты ұлы ақын мұрасын бүгінгі өскелең ұрпақ санасына жеткізу, оның ұлағатты ойларынан тағылым алу тұрғысында онлайн шаралар кеңінен өткізіліп, абайтануға бұрынғыдан да мол үлес қосылды. Міне, облыстық «Атырау» газетінің онлайн режимінде өткен «дөңгелек үстеліне» АБАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ» атты тақырып арқау болды. Осындай салмақты сауалдар аясында Семейдегі Абайдың «Жиде бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ардагер журналист Төлеген Жаңабай, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанова өз ой-пікірлерін ортаға салды. Онлайн ой бөлісуге облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов модераторлық етті.

АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ МӘНІ – РУХАНИ ҚУАТЫНДА

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі:

– Биыл қазақтың біртуары – Ұлы Абайдың туған жерінде үш бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Бірі – Абайдың 175 жылдық мерейтойы болса, екіншісі – Абай музейінің 80 жылдығы. Ал, үшіншісі 10 тамыз ақынның туған күніне орай «Абай күні» мерекесі болып бекітілді. Абайдың туған елінде осынау даталарға байланысты атқарылған жұмыстар да аз емес екені анық. Осы орайда Семейдегі Абайдың «ЖидебайБөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорықмузейінің директоры Тұрдықұл Шаңбаймен байланысқа шығып отырмыз. Биыл Абайдың туған жері ерекше дүбірге толы. Жалпы, атаулы даталарға байланысты Семейдегі ағайындар қандай әсерде екен? Қандай өрелі бастамалар жүзеге асырылды? Тұрдықұл Қасенұлы, осы сауалдар аясында ой бөліссек…

Тұрдықұл ШАҢБАЙ, Абайдың «Жиде бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:

– Жылы сөздеріңізге бек рахмет. Абайдың 175 жылдық тойына орай біздің әсеріміз ғажап. Бұл ретте алға қойылған жұмыстардың барлығы елдік деңгейде шешілді ғой. Дегенмен, біз таудай жүктелген жауапкершілікті өзіміздің міндетіміз деп санап, оның барлығын сапалы орындауға тырыстық. Ең алдымен, хакім Абайдың мерейтойы қарсаңындағы дайындыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен, Үкімет мол қаржы бөлді. Еліміздің шығысында мерейтой қарсаңындағы қауырт жұмыс жаз айларында толассыз жүрді десем, анығы сол болар. Енді осы жұмыстарды жүйелеп атап өтейін: құрылыс-жөндеу жұмыстары, қайта жаңғырту жұмыстары, музейлендіру және ғылыми-танымдық жұмыстары. Жалпы, Абайдың «Жиде бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә дени және әдебимемориалдық қорық-музейі – сегіз экспозициясы (бөлімшелері) бар мәденитанымдық, тұтас облыс аумағына таралып орналасқан ерекше құрылым. Оларды атап өтетін болсақ, Үржар ауданындағы Мақаншы ауылында «Әсет Найманбайұлы музейүйі», Абай ауданында «Шәкір Әбенов музей-үйі», «Көкбай мешіт-медресесі», Жидебайдағы «Абайдың музей-үйі», «Жидебай» қорығы, Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы, Бөрілідегі «Мұхтар Әуезов музей-үйі», Семей қаласындағы «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі, «Ахмет Риза мешіті мен медресесі», «Абайтану музей-үйі» және қаламыздағы Абайдың Бас музейі. Осылардың барлығында құрылысжөндеу жұмыстары қарқынды жүрген кездерде барлық нысандарға тартылған адамдардың саны 700-ден асқан кез де болды. Бұл ретте мен тек Абай музейіне қатысты жұмыстарды ғана айтып отырмын. Пандемия кезінде тәртіпті сақтай отырып, жұмысқа жұмылдыру оңай болмады. Дегенмен, абыроймен атқарып шықтық. Ал, қайта жаңғырту жұмыстарына келсек, бұл таза құрылыс-жөндеу жұмыстарына жатпайды, бұрыннан бар мәдени құндылықтарды қалпына келтіру, сақтау, жарқыратып жаңарту десек те болады. Яғни, қайта жаңғырту жұмыстарын шығармашылық жұмыс деп айта аламыз. Аталған қайта жаңғырту жұмыстарын арнайы маманданған «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкерлері жүргізді. Атап айтсақ, Жидебайдағы «Абайдың музей-үйі», «Шәкәрімнің «Саят қорасы» экспозициясы», «ҰлжанЗере» кесенесі, Бөрілідегі «Мұхтар Әуезов музей-үйі», Семей қаласындағы «Ахмет Риза медресесі мен мешіті», «Абайтану музей-үйі» (бұрынғы бас ғимарат), міне, осы экспозицияларда толық қайта жаңғырту жұмыстары жүрді. Бұл жұмыстардан кейін музейге өң кіріп, жанданып кетті десем, артық айтқандық емес. Музейлендіру жұмысына арнайы мол қаржы бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстарды да осы сала бойынша маманданған мекеме жүргізуде. Музейтану саласында «музей ғимаратының жобасы» деген ұғым бар. Ғимараттың дұрыс жобалануы музейдің мазмұнын толықтырады. «Абай музейінің» бас ғимараты кейіннен арнайы жобаланып салынған ғимаратқа ауысты. Бір-бірімен бірлестікте үндестік тауып тұрған музей ғимараттары академиялық стилімен өзгеше ансамбль құрып, тұтастығымен бүгінде асқақ көрінеді. Ал, музейдің ішкі мазмұнына келсек, экспонаттардың орналасуы, тұтас экспозиция мәдениеті жүз пайыз өзгеріске түсіп, ХХІ ғасырдың талабына сай дайындалып жатыр. Мұндағы тачэкрандар, аудигид, 3-D және басқа да цифрлық жаңарулар – музей кешенінің халықаралық талаптарға сай өзгерістерінің көрінісі.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: – Байқасақ, Абай елінде біраз ауқымды жұмыстар жасалып жатыр екен.Бұл ретте істеріңізге сәттілік тілеймін. Енді музейдің рухани жұмыстарына, Абайдың мұрасының насихатталуына кеңірек тоқталсаңыз…

Тұрдықұл ШАҢБАЙ: – Бұл сұрағыңыздың мән-маңызы бөлек деп түсінемін. Олай дейтін себебім, Абай музейінің мәнінің өзі оның рухани қуатында ғой. Түйіп айтсақ, бұл – даналықтың музейі. Сол даналық музей мамандары ғылыми жұмыстарын жүйелі жүргізгенде ғана ашылмақ. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасыр атты мақаласында» бұл мәселеге арнайы тоқталып, «Абайдың «Жиде бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихимә дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек» деді. Яғни, Президентіміз музейдің «ғылыми-танымдық орталыққа» айналуын талап етті. Бұл міндет бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Музейге директор болып келгендегі ең бірінші жұмысым да оның ғылыми концепциясын дайындау болды. Ғылыми концепцияның басым бағыты: Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, ғұлама Мұхтар, Алаш алыптары және Абайдың ақындық мектебі. Осы бағыттар бойынша «Абайтану мәселелері» 100 томдық сериялық ғылыми-зерттеу жинағы қолға алынды. «Абай музейі. 80 жыл» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық энциклопедиясы дайындалып жатыр. Іргелі бағыт бойынша, «Хакім Абай және Алаш алыптары» (Еркіндік пәлсапасы) және басқа да монографиялар дайындалуда. Оқу-әдістемелік бағыт бойынша, «Абайды оқы, таңырқа!» жинағы құрастырылу үстінде. Шығармашылық сайысында үздік шыққан оқушылардың шығармалар жинағы жасақталды. Өзекті мәселелер бағыты бойынша Жидебай қорығына арналған «Жидебай» атласы дайындалуда. Музейтану мәселелеріне арналған буклеттер, кітапшалар, күнтізбелер, ашық хаттарды шығару да қолға алынды. Ағымдық бағытта телехабарлар, лекциялар, сұхбаттар, экспедициялар ұйымдастырылды. Абай музейі тек қана музей емес, оның Жидебайда 6 400 гектар аумақты қорығы бар. Соған арнап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетімен бірлесіп «Жидебай» атты атласты үш тілде дайындап жатырмыз. Бұл рухани құнды дүниені Лондоннан шығару жоспарланып отыр. Мәскеулік досым, жазушы, академик Г.В.Пряхин екеуміздің «Абай» атты еңбегіміз де осы қаладағы «Художественная литература» баспасынан жарық көрмек. Бұл жұмыстардың барлығының негізгі мақсаты – Абайтануға жаңа леп, жаңа өріс беру. Бұл – біздің Абайды келешек ұрпаққа кеңінен насихаттап, оның есімін мәңгілік етудегі басты міндетіміз.

АНЫҚ АБАЙДЫ БІЛУ – АРМАН

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық «Аманат» сыйлығының лауреаты:

– Абайды анық білу – арман. Абайдың ақыл тұңғиығы игертпейді. Дегенмен, қазағына қамыға қарап тұрған, қату қабақ қайран абыз көз алдымнан кетпейді. Не ішем, не кием дегенді өз басы ойламаған, байлығы да, атақ абыройы да біртұтас еліне жетерлік еді. Күмбір қаққан көкірек күрсіністен арылмады. Қу тіршілікті қуып, құлқын үшін құмыға ұмтылған қандастарының қылығына қиналды, жай жүргенде жабайы, аңғал, аусар, ал, жау дегенде жанын пида ететін айбарлы да, антына адал, ақжүрек жұртына алды-артын қамдаған абыздық көзбен қарады. Мұны біреу түсінді, біреу түсінбеді… «Өз қазағын өзі қаралағаны несі?» дейтін дүдәмал сұрақ әлі де бар. «Әке – балаға сыншы» дейтін халық нақылы айдалада қалады мұндайда. Менің анық білгенім – Абай ұлтының әкесі еді. Жаны шыққан, қаны сорғалаған қатал шындық сондықтан да айтылған болатын. Абайдың данышпандығы – оның өлеңдерінде немесе ғақлияларында болсын, төккен зары, айтқан уәжінің дәл бүгінгі күнге дейін ескірмеуінде. Маған бүгін Абайымыз жоқ болса да қазағымыздың қалпы сол күйі қарап тұрғандай көрінеді кейде. Қазақтың мінезін қаптаған техника, инфрақұрылымдар, киген киім, ішкен ас, алып құрылыстар, айналадағы саналуан құбылыстар да өзгерте алған жоқ. Абайдай алыпты туған, талай тарландар мен арландарды дүниеге келтірген асылқанды, мықты қазақтың, мәңгілік қазақтың монумент мінезі қалай толғасаң да өзгермеді, Абайдың бір анықтап кеткені осы. Сондықтан да, ашына сөйледі, асырып айтқан тұсы жоқ, қайта жеріне жеткізіп, желкеден нұқып айтуына мүмкіндігі болмады: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…». Ал, біз – сол «қайран жұртпыз» әлі… Абайды анықтап түсінуге жылдар керек. Біздің мектептеріміз балаларға Абайды түгел жаттатуға шебер. Меніңше, ақын өлеңдерін сынып бойынша сатылап, шақтап, бірте-бірте оқыту керек. Сонда ғана Абай анықталады, кеудеге қонады. Махамбеттің батырлық, отаншылдық тақырыптағы өлеңдерін қазір келіссін-келіспесін билікке қарсы пайдаланып жүргендер бар, сол сияқты Абай өлеңдеріндегі дін жөніндегі айтқандарын да заманасының бөлек екенін ескере отырып пайдалану дұрыс -ау деймін. Ол кезде ислам арқылы араб әліппесімен бірге қазақ тіліне діни сөздер көп кіріге бастады, оны тек сол кездегі сауатты адамдар ғана оқыды, ал, ақын өлеңдерін талғамай жұтып, жаттап алған табынушылар үшін ондай сөздерді жете түсінбесе де, тек айтып жүрудің өзі бір «мәртебе» еді. Мұның бір жақсылығы – сол табынушылар арқылы ғана Абай сөздерінің дені болмаса да, біразы осы күнгі қалпында қолымызға тиді. Абай діни ғақлияларын өзінің түбі бір, түсінетін туысқан жұртына арнады. Сондықтан да, бұл турасында айтарымыз, «Абайдың өзі осылай деген» деген дәйекті дәлел ретінде анық білмей, оңды-солды көп пайдаланбаған дұрыс. Абай бізге әлі ашылған жоқ. Бұл «мен бір жұмбақ адаммын» деп тұрған анық Абай. Танық Абайды тарихтан аршып алып жатқан философтар бар. Маған әсіресе, Тұрсын Жұртбайдың талдаулары ұнайды. Шіркін, сол сөздерін біздің Абай сөзіне сусап отырған Атырауымызға әкелсе ғой! Кенжеғали Мыржықбайдың терең толғаулы, тебіреністі әндері қандай! Илья Жақановтың романстары ше?! Осылар арқылы, өзіміздің өнер шеберлері арқылы Абай жүрегіне еніп, айтқан ақылдарын анықтай түсетін, оны өзіңе сіңіре білетін кезең бір 175 жылдықпен аяқтала қалмай, алысқа шапса, арман не?! Анық Абай сонда ғана алдымыздан шығар…

«АБАЙТАНУ ПӘНІ» ҚАЙТАДАН ЖАҢҒЫРТЫЛСА…

Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Ащы ақиқат бар, ХХ ғасыр Абай үшін өте ауырлау ғасыр болды. Себебі, ХХ ғасыр басынан бастап Абайдың шығармашылығына сол замандағы биліктің көзқарасы нашар болды, қатты қыспаққа ұшырады. «Оның өлеңдері де, қара сөздері де кеңестік идеологияға қарсы» деген пікірлер жаппай белең алды. Тіпті, бір кездері Мемлекеттік сыйлық алған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының өзі өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарына дейін сыннан көз ашпаған еді. Солақай сыншылар Абай образы бейнеленген шығарманы байшылдық, үстем тап өкілдерін дәріптеген шығарма деп сынап-мінеді. Ал, қазір заман басқа, тәуелсіз елімізде Абайға деген шынайы, оңды көзқарас қалыптасты. Бәрінен де бұрын өзіміз айтып жүрген ұлттық кодымызды Абайдың шығармалары одан әрі бекіте түседі. Біздің міндетіміз – Абайдың шығармашылығына тереңнен зерделей назар аудару. Әрі бұл дата өлең жаттаумен ғана шектелмесе деген пікірім бар. Яғни, Абайдың шығармашылығы оқу орындарында енді мейлінше тереңдетіліп оқытылуы тиіс. Бұрын бағдарламада болған «Абайтану пәні» қайтадан жаңғыртылуы керек-ақ.

ҒҰЛАМА ҒИБРАТЫН ТАНУ – ҚАЗАҚТЫ ТАНУ

Төлеген ЖАҢАБАЙ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ардагер журналист:

– 1970 жылдың басында Венгрияның Будапешт қаласына барған кезімізде бізді кітапханада қарсы алған адам «бұл азаматтар Абай елінен келіп тұр» деп Абайдың венгр тіліне аударылған кітаптарын көрсетіп, зор мақтаныш сыйлағаны әлі есімде. Бұл жайт Абай арқылы қазақ елінің әлемге танылуын аңғартады. Осы мәселе Абайды сүю, ол арқылы қазақ халқын терең тануға үндейді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының да өзіндік орны бөлек. Абайдың әрбір сөзі – бізге ғибрат. Әрбір сөзі арқылы Абайды әрбір адамға, бүкіл әлемге үлгі етіп ұсынуымыз керек. Ұлы ойшыл «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, барша қазақты бірлікке, татулыққа, достыққа шақырды. Абайдың 175 жылдығына орай жарияланған Президенттің бағдарламалық мақаласында «қазақтың әрбір үйінің төрінде домбырамен қатар, Абайдың кітабы және «Абай жолы» романы тұруы керек» дегені өте дұрыс. Бұл бүгінгі жас ұрпақтың Абай арқылы өзімізді кеңінен танып, білуіне зор септігін тигізеді. Абай өз заманында ұлтымыздың басында қандай кемшіліктер барын да ашық айтты. Оның әрбір шығармасы қазақтың келешегін ойлағаннан туындап жазылған дүние деп есептеймін. Ал, оның мұраларымен өскелең ұрпақтың сусындап өсуі аса маңызды. Өйткені, Абай мұрасы – біздің ұлт болып, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі де, аса бағалы құндылық.

АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДІ

Бибігүл ҚАЙЫРЖАНОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты:

– Әлемде мейлінше кеңінен танылған тұлғалар көп. Ресейді – Толстой, Францияны – Руссо, Вольтер арқылы танимыз. Ал, Қазақстанды дүние жүзіне Абай арқылы таныту – бізге міндет. Бүгінде ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде, жастарды елін, Отанын сүюге үйретуде Абайдың мұрасы ерекше маңызға ие. «Абайдың қырық бес қара сөзінің мәні мен мағынасы неде? Біз Абайды өзіміз жете тани алдық па?» деген сауалдар мені Түркия елінде Стамбул мемлекеттік университетінде жүргенде қатты мазалады. Өйткені, шетелдіктер Абайды қазақтың ақыны ретінде ғана біледі екен. Ал, мен сол кезде Абай ағартушы, ұлт жанашыры, философ, аудармашы, ұлтымыздың бренді екенін шет мемлекеттерге паш ету үшін ең алдымен оның шығармашылығын кеңінен дәріптеуді өзімізден бастау қажеттігін ұғындым. Абайдың өзінің қара сөздерінде дүниенің мәні өнер, білім үйреніп, ғылымды меңгеруде екенін баса айтады. Тәрбиемен қатар, мұның барлығын бір арнаға ұштастырған адам қашан да өзгелерден оқ бойы озық тұратынын дәлелдеді. Сондықтан, бүгінде «Абайтану» пәнін оқытуға баса мән беру қажет. Бұл жұмыс бізде жүйелі атқарылмай келеді. Ендігі уақыттан бастап, университеттің барлық мамандықтарына осынау пәнді енгізу керек. Өйткені, Абай мұрасы барлық салаға аса қажет. Абай Семейдің Жидебай деген ауылында өсіп-жетіліп, тоғыз тілді білді. Ал, бүгінгі заманда біз балаларымызға бір ғана тілді меңгерту үшін үйретушілер жалдап, оқу орталықтарына, курстарға сүйрейміз. Абайдың айтқан әрбір сөзі бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Абай дүниеден өткелі екі ғасыр өтсе де, ол айтқан шектен асып туған қазақ әлі жоқ. Сондықтан, Абайтануды өзімізден бастап, үйдегі бала тәрбиесі де Абайдың ұлағатымен байланыстырылуы қажет деп ойлаймын. Соның ішінде Абай шығармашылығын дәріптеуде оны жас ұрпаққа оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тапқан жөн. Қалай десек те, интеллектуалды ұлт болам деген әр қазақ Абайтануды өз айналасынан бастаудың маңыздылығын ұғынса екен.

АТЫРАУДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛАДЫ

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ: – Онлайн сипаттағы өзара пікір алысуымызға құнды ой-пікірлер мен ұсыныс-тілектер арқау болды. Енді осы әңгімені түйіндесек: Еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы баршамызға да айрықша ой салды. Ойланып көрейікші: Осы біз Абай феноменін толық танып-білдік пе? Оның өлеңдері мен қара сөздерін қайталап оқып, тіпті жаттап та алдық. Әйтсе де, өздеріңіз атап айтқандарыңыздай, әңгіме – оның мәнін терең түйсінуде. Осы тұрғыдан алғанда, біз Абайды ақын деп қана тар шеңберде қарай алмаймыз. Оның кең дүниетанымы мен мол энциклопедиялық білімі өз заманында ғана емес, бүгінгі қоғам үшін де зор маңызға ие болуы – ғажап құбылыс. Бұл ұлы ғұлама дарынының уақытпен шектелмейтінін, шекараға да бағынбайтынын айқын паш еткендей. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген хакім бүгінде барша адамзаттың Абайына айналып отыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы атап айтқанындай, Абай мерейтойын өткізу «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани жағынан дамуымыз үшін» қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деп түйіндеді. Мерейтой аясындағы барша шаралардың да мәнмаңызы осында. Ендеше, бүкіл елімізде, тіпті күллі түркі әлемінде кең көлемде атап өтіліп жатқан Абай тойы біздің аймақта қандай шаралармен есте қалмақ? Мұнайлы өңірде түрлі мекеме, кәсіпорындарда Абай шығармашылығы, оның тәрбиелік мән-маңызы, әсіресе, жас ұрпақ үшін бөлекше тағылымдылығы хақында түрлі онлайн форматтағы шаралар өтуде. Ал, үстіміздегі жылдың ақпан айында «Жайық» спорт кешенінде мұнайлы өңірде ұлы ойшыл мерейтойының шымылдығын ашу салтанаты өткен болатын. Сол ауқымды шарада сөз алған облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов Атырауда да Абай ескерткіші бой көтеретінін мәлімдеді. Сөз жоқ, қазақ данышпанының алып тұлғасы ұлтына бағдар болып әр шаhарда шамшырақ болып тұрғаны әбден орынды. Бұл біздің елдігімізді танытатын айтулы шара болары хақ. Қорыта айтқанда, дана да, дара Абайдың мерейтойы – абайтануға қосылған зор үлес болса, нұр үстіне нұр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз