Абай мұрасы мәңгілік өшпейді

136401 1383129824 Жаңалықтар

Atr.kz/9 қаңтар, 2020 жыл. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет, Халықаралық «Алаш» әдеби, Түркі дүниесінің Мақтымқұлы атындағы сыйлықтарының лауреаты Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ «Atr.kz» сайтына берген сұхбатында айтты.

– Міне, ХХІ ғасырдың 20 жылы күнпарақтан өз орнын тапты, – дейді ол. – Мәртебелі Уақыттың құрдымына жұтылмаған нәрсе жоқ. Қаншама құрлықтар, мемлекеттер, даңқы жер жарған қолбасшылар шексіз кеңістікке сіңіп жоқ болды. Материктердің орнын мұхиттар басты, теңіздердің тартылып қалған орындарына қалалар салынды, шөл далалар гүлстанға айналды, бұрынғының ізі де жоқ, көзі де жоқ.

Аспан асты, жер бетінен жым жылас жоғалған сол бір құрлықтар, патшалықтар тек Уақыттың ғана есінде. Мәртебелі Уақыт тек бір ғана нәрсені, даналық пен ойлы поэзияны ғана тарих толқындарының астына жоғалтпапты. Қанша ғасыр, қанша жылдар жылыстаса да, мезгіл ағыстары данышпандардың даналық ойлары мен ақындардың ғажайып өлеңдерін ақжал толқындарымен тереңнен қозғап, жағаға әкеліп отыратыны рас.

Сол бір керемет құндылықтарды адамзат баласы ерекше таңданыспен қолға алады, рухани шөліркеген пенделер тұнық бастаудан нәр алады. Сөйтіп, жандарына дауа, жүректеріне тыныштық табады. Ұлы Абай шығармашылығы туралы да осыны айтар едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бүкіл қазақстандықты серпілтіп, рухани жаңғырудың мәні мен мағынасын түсіндірді. «Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып басып шығару. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

Абай тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады» деп атап өту арқылы баршамызға жауапкершілік жүгінің салмағын сезіндіргені ақиқат. Президентіміз айтқандай, әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты дәрежеде танытсақ, соншалықты ұлт мерейінің де биіктейтіні шындық. Оған талас жоқ.

 Абай – өзі айтқандай «мыңмен жалғыз алысып», «ауыр ойды арқалап» жаны жараланып өткен жан. Сондықтан, оның рухани болмысын терең танып білу үшін өлеңдері мен қарасөздерін зерделеп, ақын ойының соқпақтарымен жүріп отырып зерттемейінше, нысанаға жете алмайтынымыз ақиқат. Ұрпағымызға да осыны түсіндіре алсақ, ұлт алдындағы бір парызды өтегеніміз болар еді.

 Бүкіл мектеп, жоғары оқу орындары, тәрбие ошақтары, білім, мәдениет басқармалары Абай тағылымына сүйеніп, Абай мұрасына бет бұрып, Абай өсиетіне адал болса ғана қазақ қазақ болары, алдағы болашағымыздың жарқын боларына сенім бар. Биыл – Абай жылы, даналық жылы, поэзия жылы!

Олай болса:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бірқалыпты тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сүй,

Не қызық бар өмірде одан басқа» деп абыз Абайдың өзі айтқандай, бір-бірімізге сүйеніп, бір-бірімізді қолдап, өркениеттің биігіне қадам басайық.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/b%d2%b1l-ma%d2%9balany-prezident-%d2%9basym-zhomart-to%d2%9baevty%d2%a3-%d2%9baly%d2%a3-%d2%9baza%d2%9b%d2%9ba-%d2%afndeui-dep-%d2%9babyldauymyz-kerek-dejdi-professor-%d2%9badyr-zh%d2%afsip/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз