Ақпандағы аяз жаяу жүргіншілерді әбігерге салды

Ақпандағы аяз Жаңалықтар

Атырау өңірінде соңғы күндері ауа райы күрт құбылып кетті. Өйткені, ақпан айы басталысымен жаңбыр жауып, жердің беті мұздаққа айналды. Табиғаттың бұл тосын құбылысын синоптиктер Атырау облысында циклон жүріп өткендігімен байланыстырады. Артынан күні бойына қар жапалақтады. Соның салдарынан қала көшелерінде көлік кептелістері орын алды. Тіпті, көліктерін тоқтата алмай, бір-біріне соғылғандары да көп болды.

????????????????????????????????????

Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлназира Мұхтарованың бізге берген мәліметі бойынша, ақпан айының 6-7-сі күндері 17 жол көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан жеті адам дәрігердің көмегіне жүгініп, үйлеріне қайтарылған. Ал, «Атырау-Индер» тасжолы бойында жүргізуші қыз көлігімен жолдан тайып кетіп, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.

Үш күнде 250 адам жарақат алды

Табиғаттың бұл құбылысы жаяу жүргіншілерге де оңай тимеуде. Ақпанның 6-нан бері ауа райының қолайсыздығынан мұзға тайып, зардап шеккендердің саны 250-ден асқан. Бұл – бір ғана облыстық ауруханаға барып, дәрігер көмегіне жүгінгендер саны. Ал, жығылып, ауырсынған жерін елемей жүре беретіндер саны қаншама?!

Облыстық аурухананың зақым-жарақат бекеті дәрігерлерінің айтуынша, биыл қыс бойы мұзға тайып құлап, зардап шеккендер қатары артқан. «Қалаішілік жолдарды тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы етсе, мұндай оқиға көбеймес еді» дейді ақ халаттылар. Тайып құлап сынған немесе шығып кеткен сүйектің қайта қалпына келуі ұзақ процесс. Сол аралықта көптеген адамдар жұмысқа шыға алмай үйде отырады.

–  Зақым-жарақат бекетіне күніне алпыс науқас қаралады. Оның  көпшілігі – көшеде тайып құлағандар. Ауруханаға көбіне білек, тобық, иық, бұғана сүйектерінің сынықтарымен келді. Қазір аурухананың стационар бөлімінде 30-ға жуық емделуші бар, – дейді облыстық аурухананың зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі Асхат Бисенғалиев.

Көпірдің  үсті көк  мұз

Көше тазалаумен айналысатын жауапты «арнаулы автобазалықтар»  мұз бетіне тұз немесе топырақ себу жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Алайда, 320 жұмысшы іске кіріскенімен, барлық көшені қамти алмайтын түрі бар. Атырау қаласында 1800-ге жуық көшенің  900-інде ғана жаяу жүргіншілер жолы салынғанын айта кетейік.

Айнала қар мен мұз болғандықтан, тұрғындар амалсыздан көліктің жолына түседі. Олардың айтуынша, қаланың Азаттық және Сәтбаев көшелерінен басқасына құм немесе тұз себіліп жатқан жоқ. Шаһар маңындағы ауылдарды айтпағанда, халық көп шоғырланған Вокзал маңы мөлтекауданы мен Балықшыдағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуар мұздан жалтырап жатыр.

«Арнаулы автобаза» ЖШС директорының орынбасары Қиямеден Шманов алғашқы күні жаңбыр жауғанда мұздақтың бетін топырақпен жапқандарын айтады. «Екінші күні үзбестен қар жауып, топырақ көміліп қалды. Әзірге қар тұрғаны дұрыс. Бетін тазартып алсақ, асты мұз ғой», – дейді ол.

Қиямеден Айтқалиұлының айтуынша, 60 техника жұмылдырылып,  45  текше  метр  топырақ төгілген. Жаяу жүргіншілердің көпіріне көлік кіре алмайтындықтан, жұмысшылар қолдарымен себуде.  Сол себепті, олар қала бойынша барлық жүргінші жолын қамтуға үлгере алмайды. Жұмыстардың негізгі бөлігі түнгі уақытта жүргізіледі. 30 адам 12 техникамен кешкі 20.00-ден таңғы 8.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз