Ағасы бары қандай-ды…

АҒАСЫ БАРЫ ҚАНДАЙ ДЫ... 1 Жаңалықтар

І

Ойлап отырсаң, өміріңнің талай-талай үзік бөлшегі жол үстінде  өтетіндей. Қара шабаданымызды құшақтап, Харабали стансасынан пойызға жармаса мініп, Урбахтан үстемелеп біріне ауысып, үш, төрт, бес  күнде алыстағы астана Алматыға жеткеніміз қисапсыз жолсапардың бастама ізашары ғана емес, кемтігі көп кең дүниенің  айқара  ашылған сырлы қақпасы сынды  екен. Еліміздің бет-моншақтай бір тал университетіндегі бес жылда Тәшкен, Бішкек, тіптен түкпірдегі Мәскеуге де жол түсті, қызықтап, таңдай қағып  қайттық. Ал, өз басым әлі күнге Ганюшкинді көрмеппін. Ол кезде аудан орталығына ауылдың санаулы басшы-қосшылары мүмкін жиі жол таптаған шығар, бірақ, көптің шаруасы – ішім-жемі, киер киімі, тіптен ауру-сырқауының да ем-домы іргедегі біз үшін ғажап қала  – Қарабайлыдан табылатын. Қонақ күткен үй қаладан компот әкелер еді, үгітіліп тұрған аппақ қардай нан-күлшелерін айтсаңшы!..

%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d0%b1%d0%b0%d1%80%d1%8b-%d2%9b%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d0%b9-%d0%b4%d1%8b

Каникул сайын анам байғұс қыңқылдайды: «Қанішкенге барсаңшы. Сұлташ ағаңа жолықсаңшы». Уайымсыз, қамсыз кезде қай сөздің төркінін тірнектеп, түбіне үңілдік. Сөйтсем,  шешеміздің ойы менің ауылға оралуым, Шәкір мен Жарас ағаларымның жанында мектепке кеп мұғалім болуым, сөйтіп, қара шаңырақтың уығын тіктеп, қолын ұзартуым екен ғой. Ал, Сұлташ ағамды неге аузынан тастамайды десем, ол ауданның бас мұғалімі – «районо» екен. Мен сияқты желдібасқа ол кезде «района»  болмақ түгіл, «облоно»  болса да, бұл енді көп бас ауыртарлық мәселе емес-тұғын.

ІІ

Таққа мінбесек те, атқа қондық. Талай-талай қиырларға, шартарапқа жол түсті. Гурьевке келсек, «Ганюшкин қайдасың?»  деп елеңдеп тұратын болдық. Ауданың да ауылың сияқты екен: бәрі таныс, бәрі ағайын-бауыр, аға-апа. Сәлем беріп, әкеңнің атын атасаң, қай-қайсысы да құрақ ұшып тұрады. Шамасы, «Әкең өлсе,  өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» сөзі ұзын  қазақтың  «нақпа-нақ  іспен түйінделген сөз  ләмі ме?»  деп қаласың. Алдымен, іздеп келіп сәлем берген ағамның бірі – «районо» Сұлташ Мәжитов болды. Өз төрімізден  үш-төрт  рет көргенім бар. Түк өзгермепті. Сол сырбаз, байсалды  қалпы. Ет жақын ағайындықтан гөрі,  ресми ұстамдылығы басымдау.  Шағылда туса да, шаңы бұрқыраған аудан орталығында тұрса да,  қанға сіңген ұстаздық қасиет пе, болмыс-бойына тараған бекзат интеллигенттік қалып па, өзіне жарасар жұмсақ жымиысымен жақсы көрмесіңе қоймай, бауырына тартып барады. Бірден үйге, Бақыт жеңгем (апам десем де болады) жайған дастарқанға бастады. Шахматтан күл-талқан болып жеңіле бергенім болмаса, тура бір өз төрімде, өз өлең төсегімде отырғандай күй кештім. Бұдан соң Сұлташ ағамның үйі мен үшін ақжайлауға айналды…

ІІІ

Ағамыздың он жылдай «Коммунизм жолы», бірер жыл Партияның ХХV съезі атындағы совхозда партия ұйымының хатшысы болғандығынан хабардармыз. Заманында «беткеұстар ар, ұят, намысқа барабар» компартиямыз уақытымен тарқап кетпегенінде, кім білсін, қай жерге дейін шабарын, «қайта қайтқан малда қайыр бар» дегендей, абырой болғанда  өз орнын тапты: Еңбекші орта мектебіне директор болып оралды. Директор демекші, маған ағамыз туабітті директор болып жаратылғандай  көрінеді де тұрады.

%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d0%b1%d0%b0%d1%80%d1%8b-%d2%9b%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d0%b9-%d0%b4%d1%8b-2

Аға басқармаған, тіпті болмағанда,  ұстаздық етпеген аудан мектептері жоқ-ау, сірә: Абай орта мектебі, К.Маркс атындағы орта мектеп, Сүйіндік орта мектебі, Орлы орта мектебі, оны зейнетке  шығарған  жоғарыдағы Еңбекші орта мектебі. Мұның сыртында ағамыз «районо» болған жылдары ауданда Абай, Орлы, Сүйіндік, Балқұдық, Крупская орта мектептеріне жаңа типтік ғимараттар тұрғызылып, түлеп, түрленіп шыға келгенін еске алсақ, өз қамынан гөрі мектептердің жайлылығы, ұстаздар мәртебесінің биіктігі «директор Сұлташ Мәжитов» үшін басты өмірлік ұстаным болғаны сөзсіз. Сырт келбеті мен ішкі дүниесі үйлесім тапқан математика-физика пәнінің мұғалімі, жоғарыда айтқанымыздай, тек ұжым басшысы, директор болу үшін жаратылғандай… Ұзақ жылғы лауазымды ұстаздық қызметі ел аузында, қала  берді билік тарапынан да біршама бағасын алды: «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медалдарымен марапатталды, «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері», Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Жеңгейді жоғалтқаны, құлақтан қалғаны болмаса, абыроймен қартайып, қаумалаған бала-немерелерінің  ортасында сеңгірлі ақсақал болып отыр…

ІV

Сұлтекеңнің өмір жолын шолу үстінде көз алдыма бүгінде көпшілігі бақилық болған өз ұстаздарымның тағдыр-талайы, жарты ғасырдан астам ғұмырын мектепте өткізген анам Динаның бейнесі көлбеңдей берді. Шоң Шыңғыстың «Алғашқы мұғалімі» еске түсті… Құдайдың не екенін біле бермесек те, ұстаздан қорқушы едік, кәдімгідей сыйлаушы едік.

Мұғалім беделі. Ұстаз ұлағаты. Замана қалпы… Тележәшікті ашып қалсаңыз, қаптаған қап-қара күйелеш көріністер: мектептегі жемқорлық, ішіп қойды, жеп қойды, мұғалімді масқаралаған суреттер, ұрып-соғу, тіптен оқушыларынан зәбір көрген ұстаз… Көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен,  бүгінгі (кең мағынасында) кітап оқымайтын, материалдық құндылыққа табынған (тәрбиеленген) ұрпақ  ұстаз түгіл,  Құдайдан да қорықпайтындай көрінеді. «Бәрі бесіктен басталады» дейміз. Шын мәнінде, бәрі мектептен басталса керек. «Мектеп көрген», ұстаздың алдынан өткен бала ғана болашақ атпал азаматқа айналары сөзсіз. Ал, ол үшін баршамыз – сіз бен біз – адам жанының механигі, бапкері –  мұғалімді қадірлесек, қастерлесек, алақанға салсақ, кәнеки?!.

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымдарының  докторы, профессор.

Алматы  қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз