ЕРЛІК пен МЕЙІРІМ (эссе)

razmet otesinov Жаңалықтар

Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл. Шынын айту керек, Кеңес өкіметі кезінде мәскеуліктердің Одақ құрамына кіретін өзге ұлт өкілдеріне биіктен менсінбей қарайтын әдеті еді ғой.

Алайда, мына жаңа танысқан әдемі жігіттің өзін-өзі ұстауы, ішкі мәдениеті, орысша тамаша сөйлейтіндігі Маринаға ерекше әсер етті. Оның үстіне Ғаділбектің Маңғыстау туралы, оның ерекше табиғаты мен адамдарының өзіндік мінез- құлқы, бейтаныс елдің мәдениеті мен салт- дәстүрі жайында әсерлі әңгімесі Марина­ны бірте-бірте қызықтыра бастады. Ал бір түкпірде жатқан, бұған мүлдем бейтаныс Жаңаөзен деген мұнайшылар қаласында тұратын бейтаныс қазақ туралы мына елге­зек жігіттің соншалықты құлшына айтқан тамаша әңгімесі оператор-режиссердің көз алдына жаңа бір сюжеттерді әкеле берді. «Осы заманның Н.Островскийі мен А.Маресьеві туралы кино түсірсе ғой, шіркін» деп анда-санда армандап қоятыны да тек өзіне мәлім. Терең білімді, ойлы, романтик жігіт әңгімесін әрі қарай жалғастыра берді.

Астрахан облысында кішкентайынан орыстармен бірге өскен Ғаділбек олар­мен қалай сөйлесуді жақсы білетін. Ұйып тыңдап отырған қызға әуелі Каспий теңізінің ерекшелігі, Маңғыстау топырағы мен қатаң табиғаты жөнінде, сол қасиетті мәңгілік ме­кенге айналдырған 362 әулие туралы неше түрлі аңыз-әңгімелерді майын тамыза айта келіп, мұнайшылардың қандай ауыр жағдайда еңбек ететінін тәптіштеп түсіндірген кезде, Мари­на Голдовская «қашан барамыз» деп айтып қалғанын байқамады.

Талантты режиссермен деректі фильм түсіруге келісуін келісіп алса да, Ғаділбек енді өзі іштей абыржи бастады. Өйткені,ол «Правдадан» оқыған болашақ кейіпкері туралы шындап келгенде мүлдем ештеңе білмейтін. Алайда, Алла жазса болашақта осы заманның тамаша қаһарманымен кездесетініне нық сенімді болды.

Алматыға келісімен болашақ кейіпкері – Рахмет Өтесінов туралы деректер жинауға кірісті. Оны жақсы біледі деген адамдармен жолығып, мейлінше мол дерек алуға, көбірек білуге күш салды. Кездесіп, сұхбаттасқан ағалары бұның ойын бір ауыздан қолдап, Рахмет туралы білгендерін жайып салды.

Сонымен, сәті түсіп, 1976 жылдың қоңыр күзінде Марина Голдовская Орталық телевизияның «Время» бағдарламасының арнайы тапсыр­масымен қасына көмекшілерін ертіп Москвадан, ал Ғаділбек Шалахме­тов фильмнің сценарийін жазу үшін «Қазақтелефильмнің» іссапарымен Алма­тыдан келіп Ақтауда жолығысты.

Қараша айының қабағынан қар жауған сұсты күндерінің бірі. Маңғыстауға тұңғыш рет аяқ басып тұрған москвалық қыз үшін бұлыңғыр, сылбыр ауа райы көңілін құлазытқандай әсерде қалды. Алайда, Ғаділбектің ашық-жарқын мінезі, Маңғыстаудың тарихы мен мәдениетін бес саусақтай білетіндігі, бұған қоса әсем де асқақ жас қала Ақтаудың ақшаңқан келбеті, қысқа күнде қырық құбылатын қарт Каспийдің буырқана жағаны сабалаған ақ көбік толқындары Марина Голдовскаяның жабырқау көңілін бірте- бірте жадырата бастады.

Ауа-райының қолайсыздығы, жолдың көктайғақтығы оларды тағы да екі-үш күн Ақтауда кідіруге мәжбүрледі. Бұл кідіріс шығармашылық топтың Маңғыстаудың табиғатымен, адамдарымен, өндірісімен, Ақтау қаласымен жақынырақ танысып, болашақ фильмге қатысы болады-ау деген бағыттағы сюжеттер түсіруге мүмкіндік жасады. Бұрын үш ұйықтаса түстеріне кірмеген ұшықиырсыз кең дала, қолмен қойғандай ғажайып тақырлар, аппақ бор таулар, шырағы лаулаған мұнаралар москвалықтарға керемет әсер етті.

Олар қарашаның 20-ы күні Ақтаудан 150 шақырым жерде орналасқан Жаңаөзен қаласына көктайғақ жолмен қиналып жетті.

Қазақ отбасының табалдырығын өмірінде тұңғыш рет аттап тұрған москвалық сезімтал Марина Голдовскаяның бірден байқағаны – үй- ішіндегі жып-жылы туысқандық пейіл еді. Есік ашқан жап-жас әдемі, қараторы келіншектің жарқын жүзіндегі, ұялы қара көзіндегі шынайы мейірім Маринаның жүрегіне шоқ түсіргендей әсер етті. Ал, залда арбада отырған мойылдай қап- қара шашын шалқасынан қайырған келбетті жігіттің қайратты жүзі мен ұшқын атқан жігерге толы жанары, адамды бірден баурап алатын жұмсақ жымиысы, ұсынған қайратты қолдары түсірілуге тиіс деректі телефильмнің болашақ кейіпкері күмәнсіз осы адам екенін дәлелдеп тұрғандай. Әкесінің жа­нында бейкүнә бала көзімен қуана қарап тұрған екі қыз бен екі ұл да Маринаның жан дүниесін елжіретіп жіберді. Шыны­на келгенде, Марина Евсеевна дәл осы сәтке дейін бақытты, ұйыған отбасын кездестіремін деп ойлаған жоқ еді.

Ол жол бойы қасындағы жолдастары­мен – Ғаділбек Шалахметов, дыбыс опе­раторы Анатолий Фомин және екінші опе­ратор Михаил Левиндермен жол апатына ұшырап, өндірістегі жұмысына араласа алмай қалған адамның шығармашылық жолына түскен сәттегі жан қиналысы мен ізденістерін қалай түсірудің қисынын ақылдасып, пікір таластырумен келген.

Міне, олардың алдында сегіз жылдан бері мүгедек арбасына таңылса да, өмірге құштарлығын жоғалтпаған, ойлаған мақсаттарын қалай да орындап шығуға мықтап берілген, парасатты да арманшыл адам отырды.

Рахмет Өтесінұлы рухани жан- дүниесінің байлығымен адамды бірден баурап алатын ашық-жарқын, әңгімешіл кісі екен. Марина көптен іздеп жүрген ерекше кейіпкеріне кездескенін ұғып іштей қатты толқыды.

Шығармашылық топ келген сәтте Рах­мет Өтесінұлы жаңа көркем шығармасын жазумен емес, өзі көптен шұғылданып жүрген парафин тығынын болдырмай­тын қондырғының жобасын талқыдан өткізуге дайындалып отыр екен. Ол жаңа жобаны бүге-шігесіне дейін дайындап, сызбаларын сызып қойып, күні ертең болатын талқылауға сақадай-сай екенін байқатты. Әйтсе де, қарсы шығатындар да бар екенін ойлап, қатты қобалжитынын айтып қабағын шытты…

Фильм түсіру тобы дер кезінде келіп жеткендерінеқуанып, жұмысты өндірістік қызу талқылауды түсіруге дайындалуға кірісті. Бұл болашақ деректі фильмнің сәтті басталуы еді, сондықтан талантты да тәжірибелі оператор-режиссер жаңа кейіпкерінің көздеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығына, қиындыққа қарсы тұра білетін қайсарлығына шексіз сенді. Жаңа жобаны талқылаудың қандай нәтиже беретіні белгісіз екенін біле тұра, шығармашылық топ жиналысты бастан- аяқ түсіріп алды.

Жаңаөзенде болған 4-5 күннің ішінде Марина Голдовская Рахметтің отбасымен – зайыбы Сақышпен, балаларымен, тіпті көрші-қолаңмен жақын сырласып, ежелгі туыстарындай жақын араласып кетті.

Мәскеуге қайтарда жаңадан табысқан ең жақын адамдарымен қимай қоштасып, көп кешікпей міндетті түрде қайтып оралатынына бек сеніммен, шығармашылық ләззатқа бөленіп бара жатты.

Марина Москвада, Ғаділбек Алма­тыда жүріп болашақ фильмдерінің келесі түсірілуін жан-жақты талқылап, сценарийді толықтырумен айналысты.

Марина Голдовская орталық кітапханалардан Маңғыстау, мұнай тақырыбына жазылған кітаптардың бәрін оқып шықты. Губкин атындағы мұнай институтында Рахметпен бірге оқыған достарымен әңгімелесті, архивтегі кинохрониканың материалдарын шолып шықты, керегіне тапсырыс берді.

Алматыда Ғаділбек те қарап жатпай, Рахмет Өтесінұлы мен қазақ мұнайына қатысы бар көптеген жаңа деректер жинады.

Шығармашылық топ 1977 жылдың қаңтар айында екінші рет Маңғыстауға іссапарға шықты. Олардың Жаңаөзен қаласына қыс айында сапарға шығуының өзіндік сыры бар еді.

Қаңтардың 15 жұлдызы Рахмет Өтесінұлының туған күні, 50 жасқа толатын мерейтойы. Бұл айтулы ме­рекеге Кеңестер Одағының түкпір- түкпірінен достары келмекші. Ал бір күн бұрын қаңтардың 14-інде Рахмет Өтесінұлының өндіріске енгізуге ұсынған жаңа қондырғысының сынағы өтпекші. Шығармашылық топ бәріне үлгеруге тиіс. Өйткені, бұл күні инженер-өнертапқыш Рахмет үшін шешуші күн, бәлки өмірінің ең елеулі сәті шығар.

Таңертең шығармашылық топ Рахмет Өтесінұлымен бірге мұнай кәсіпшілігіне аттанды. Күн қақаған суық, -25 градус. Суыққа берілген табиғат ғажайып әсем еді. Күн шайдай ашық. Қарсыз қара жерді көмкерген таңғы шық та Күн сәулесіне жылт-жылт ете шағылысып, жатаған бұталар мен тырбық жусандарға тұнған қырау да қырық құбылып көзді ұялтады. Жаңаөзенде қыстың күні табиғаттың бұндай әсем шағы, күнде қайталана бермейтін сирек құбылыс.

Сынақ 11.00-де басталды. Рахмет Өтесінұлы айналасындағы адамдар­ды ұмытып, бар ой-санасын сынаққа аударып, әшейінде аса байсалды келбеті қабарып, мазасыздана баста­ды. Шығармашылық топ – оператор- режиссер Марина Голдовская, дыбыс операторы Анатолий Фомин оның әрбір қимылын, жан-дүниесінің мазасыз шағын байқататын кеудесінен шыққан оқыс дыбыс пен аузынан шыққан қысқа сөздерді қалт жібермей жазып алды. Осы сәт фильм кейіпкерінің жауап­ты кезеңдегі көңіл күйін жан-жақты ашып берді. Аллаға шүкір, сынақ сәтті аяқталды. Рахмет маңызды жеңіске жетті. Өзінің бекерге әуре болып жүрмегенін, өндіріске пайдалы істі жүзеге асырғанын, демек әлі де қоғамға талай пайдасы тиетінін жан-дүниесімен сезінді, ойлы қара көздері ұшқын шашып, өмірге құштарлығы айқын байқалып тұрды.

Шығармашылық топ өте сәтті эпи­зод түсіргендеріне қуанып, бірін-бірі құттықтап жатты.

Келесі күні Рахметтің үйінде мерейтой салтанатпен басталды. Сақыш жарқ-жұрқ етіп жайраңдап, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып жатыр. Шығармашылық топ тағы бір эпизодтың сәті түскенін білгендей, әрбір келген қонақты жеке- жеке түсіріп алудың қамымен жүр.

Тойға шынында да жан-жақтан көп қонақ келді. Рахметпен бірге өскен, Мәскеуде бірге оқыған, Жаңаөзенде жұмыстас болған дос-жарандары, ағайын-туыстары үйге сыймай кетті. Сценарист пен режиссер Жаңаөзеннің іргетасын бірге қаласып, әдемі қалаға айналдырған, тонналап мұнай өндірген еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, бір үйдің адамдарындай тату-тәтті өмір сүріп, еңбек еткен әр ұлт өкілдерінің бірлігін Халықтар достығының жарқын мысалы ретінде Рахмет мерейтойының үстінде көрсетуді ойлады. Тамаша идея өз нәтижесін берді. Ол кезде кең байтақ Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан жүздеген ұлттардың жан сүйсінерлік достығын паш еткен деректі фильмдер жоқтың қасы. Фильмде мынадай селт еткізетін эпизод бар: Қонақтардың арасында грузин халқының ұлттық киімін киген қызу қанды ер адам тост көтеріп, Рахметке арнап жан тебірентер сөз сөйледі. Бұл бұрын Жаңаөзенде еңбек еткен грузин Валерий Жвания деген азамат болатын. Ол Тбилиси қаласынан Минвода, одан Баку, Ба­куден Шевченкоға ұшып, досының тойына сый-сияпатын, мүйізге құйған шарабын арқалап, артынып-тартынып келіп тұрған беті. Валерий Жвания деген кім еді?

Ол кезінде Тбилисиде жеміс шырын­дарын, сусындарын шығаратын зауыт ашып, іскер кәсіпкер ретінде атағы жер жарған азамат екен. Алайда, көп ұзамай, үкімет қаржысын талан- таражға салды деген айыппен он жылға сотталып, кейін жеңілдік беріліп, қалған мерзімін бостандықта жүріп өтеуі үшін Маңғыстауға жіберілген.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік басқармасы құрылып, жұмысын бастағанда Валерий Жвания бастықтың кеңсесіне келіп, бұрғышы болып жұмыс істегісі келетінін мәлімдейді.

– Сен қалай бұрғышы болғың келеді, мұнайдың иісі мұрныңа бармайды ғой, – дейді Рахмет күліп.

– Мен бес мыңнан төмен жалақысы бар жұмысты істегім келмейді, – дейді сабазың қасқайып.

– Сенің қолыңнан ауыр жұмыс келе қоймас, өзіңе лайық кәсіп ізде, – деді бастық қабағын шытып.

Бейтаныс жігіт алған бетінен қайтар емес.

– Ендеше мен мұнайшыларға ар­нап жеміс-жидектен сусын жасайтын, балмұздақ шығаратын зауыт ашсам қайтеді, – деп ақылға сыймайтын ұсыныс айтты.

– Оны қалай ашпақшысың? – деді Рахмет таңданып.

– Ол үшін әуелі маған сеніңіз, содан соң сенімхат беріп, қолыма жабдық алатын ақша ұстатыңыз. Екі айдың ішінде за­уытты ашамын, – деді бейтаныс азамат құлшынып.

Неге екенін өзі де білмейді, Рахмет бірінші рет көріп тұрған Валерий Жвания деген жігіттің айтқанына ой­ланбастан сеніп, сұрағанын берді де:

– Жігітім, уәде Құдайдың сөзі, арғы жағын өзің білесің, – деп бір ауыз сөзге сеніп қала берді…

Бір айдан кейін басқарма кеңсесіне құқық қорғау органының тергеушісі келіп, егер келісілген уақытта зауыт жабдықтары келмесе, партбилетті столға қойып, заң алдында жауап бересіз деп ескертті.

Жабдық әкелем деп ауызша уәде беріп кеткен Валерий Жванияның айтқан мерзімі жақындаған сайын Рахметтен маза кете бастады. Ойлап отырса, ол қайда барып, жабдықты қалай жеткізетінін де дұрыстап түсіндірмей кетіпті.

Содан айтқан күніне бір күн қалғанда кавказ халқына тән аңқылдаған мінезбен жарқылдай күліп: «Бастық, жабдықты қабылдап алыңыз», – деп келіп тұр.

Жаңаөзеннің атақты жеміс-жидек сусындарын өндіретін, балмұздақ жасай­тын зауыты осылайша дүниеге келген…

Мерейтойда Рахметке арнап айтылған жүрекжарды жылы сөздер, ән-күйлер пленкаға толық жазылды. Содан соң шығармашылық топ Жаңаөзенде тағы да екі-үш күн кідіріп, қонаққа келгендерден жеке-жеке сұхбат алды.

Москваға оралып, түсірілген пленка­ны айқындаған соң фильм негізінен дай­ын екені белгілі болды. Алайда, жұмысты толық аяқтап шығу үшін тағы не қажет екенін анықтап алу керек. Ең алдымен деректі фильмнің бас кейіпкерінің мағыналы өмірі мен қиын тағдырын, Маңғыстаудың қатаң табиғатымен аста­стыра көрсетудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Бұған дейін күздегі және қыстағы бұл аймақтың табиғаты мен ауа-райы керек мөлшерде түсірілген. Ендігі кезекте Маңғыстаудың жаз айларындағы бораған топырағын, аптап ыстығын, көктемдегі акациясы мен қыр қызғалдағының құлпыра жайнап тұрған әсем сәтін көрсететін эпизодтарды түсіру кезек күттірмейтін мәселе еді.

Жаңа кадрлар табиғатынан шығармашылыққа, ізденімпаздыққа бейім кейіпкердің басына түскен қандай қиындық болса да қасқая қарсы тұратын қайсар да қажырлы, ал, айналасына, бала-шағасына жайма-шуақ мейірімді бола тұра, алған бетінен қайтпайтын өжет мінезі, туған жеріне, ауылына деген шексіз махаббатымен ұштасқан адамның тағдырын жылдың төрт мезгілі айқындай түсетінін топ бір сәт естен шығармады.

Деректі фильм 1977 жылдың мамыр айында толық түсірілді, енді әдемі мон­таж ғана қалды. Бір ғажабы, фильмнің мазмұнды сценарийі бойынша о баста жүйелі қалыппен түсірілуіне орай монтажға көп уақыт кеткен жоқ. Тек фильмнің негізгі өзегі өндірістегі техникалық сынақ болғанымен, ең бастысы, адамның күрделі өмір алдындағы рухының қиын сынағы, фильмнің өн бойынан көрініп тұруына шығармашылық топ бар күштерін салған. Олар негізгі мақсаттарын та­маша орындап шықты. Фильмнің тағы бір жаңалығы – М.Голдовская бұрын өзі түсірген деректі фильмдеріндей адамдардың синхронды сөзіне ғана мән беріп қойған жоқ, дыбыс пен саздың және фильмге арнап жазған музыканың түсірілген эпизодтармен астасып кетуіне мән берді. Композитор Л.Гедравичуске фильмнің музыкасын жазуға тапсырма бергенде қазақтың «Ауылым» әнін негізге ала отырып, даланың ызғырық желі мен жұмыс істеп тұрған мұнай құбырының дыбысын фон ретінде пайдалану арқылы ерек­ше музыка жазуын өтінді. Талантты композитор режиссердің ойындағыдай тамаша музыкалық композиция жазып шығарды. Фильмнің кадр сыртындағы мәтінін КСРО халық артисі Губенкоға оқытудың да өзіндік мәні бар еді.

Фильмде кетіп бара жатқан балдақты адам көрсетіледі, кадр сыртында Губенконың қою қоңыр дауысы:

«Ол күн сайын 200 метр жолды төрт сағатта жүріп өтеді. Әбден қиналады, бірақ қайтпайды. Бұл ол үшін таусылмай­тын ұзақ жол күнде қайталанады» деп бастайды да, көрерменін сиқырлы үнмен баурап алады…

«Сынақ» деректі фильмін алғаш көрген москвалықтар Кеңес Одағының кинемотографиясында бұрын-соңды болмаған жаңалық келді деп аһ ұрды. Ал, шығармасын Алматыда көрген – Рахметтің мұнайшы әріптестеріне, до­старына фильм бірден ұнады. Зейнолла Қабдолов қана: «Музыкасына қазақи әуенді көбірек қосу қажет» десе, досы Ғарай Сағымбаев: «Фильмнің басындағы далакөрінісінсоңындақайталапкөрсеткені және жалғыз кемпірдің жалғыз ағаш түбінде автобус күтіп отырғаны келіспей тұр» деп ескерту айтты.

Шығармашылық топ әділ сынға келісті…

(Жалғасы келесі санда)

 Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз