7-20-25: Атырауда бағдарлама қалай орындалып жатыр?

millennial couple scaled Жаңалықтар

Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Үйсіз жүргендердің үй алуына мүмкіндік беретін жоба – 7-20-25 бағдарламасы.

Үйсіз жүргендердің үй алуына мүмкіндік беретін жоба – 7-20-25 бағдарламасы. Сыйақы мөлшерлемесі 7, бастапқы жарнасы 20 пайызды құрайтын ипотеканың уақыты 25 жылға есептелген. Баспанасыз жүрген жандарды бақытқа бөлейтін тың бастама Атырау облысында қалай орындалуда?


Жоба ел үмітін ақтады ма?

Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Омаровтың айтуынша, 7-20-25 бағдарламасы бойынша бүгінде атыраулықтардан 688 өтінім қабылданды. Соның 329-ы (жалпы сомасы 4,5 млрд. теңгеге) мақұлданып отыр.
–Бағдарламаның бір ерекшелігі, мұнда мақсатты мемлекеттік қаржыландыру болмайды. Несиенің тез қайырымдылығын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарта отырып, жүзеге асырылады, – дейді ол.


Аталған бағдарламаға еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Басты талап – меншігінде жылжымайтын мүлкі және ипотекалық қарызының болмауы. Тілек білдіргендердің жұмыс жасауы, немесе кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы болуы міндетті. Баспананың құны Атыраудан өзге, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 25 млн. теңгеден, өзге өңірлерде 15 млн. теңгеден аспауы қажет деген талап та бар.


Бағдарламаның операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ. Бұл құрылым облигацияларды шығару және орналастыру арқылы қаражат тартуда. Қаражат банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға беріледі. Мәселен, банктер халыққа несие береді. Ал, «Баспана» АҚ оны банктен сатып алады. Жұртшылыққа да, банкке де тиімді жол бағдарламаға кең жол ашады.


Алайда, 7-20-25 жобасы әлі де тыңғылықты орындауды қажет етеді. Тұрғындардың көпшілігінің табысы төмен. Мысалы, атыраулық тұрғындар 9,5 млрд. теңге көлеміндегі өтінім берген екен. Аоайда, олардың қаржылық мүмкіндігін сараптай келе, банк көпшілігіне несие бермеді. Алғашқы жарна мәселесі де толық деңгейде шешілген жоқ. Дегенмен, мамандар «бағдарламаның артықшылығы көп. Сол себептен, оған сұраныс танытушылардың саны азаймайды» деген пікірді ұстанады.


Құрылыстың қарқыны қандай?


Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың пікірінше, өткен жылы өңірде 7546 пәтер немесе 933 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 17 пайызға көп.
–Аймақта құрылыс қарқынын арттыру, жаңа тұрғын үйлер кешенін салу мақсатында 1400 гектар жер бөлінді. Осының ауқымында 25 мың пәтерден тұратын 430 көпқабатты үй салу жоспарланды. Қазір сол бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асуда, – деді Мәлік Аманов.


Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 29 млрд. теңге бөлінді. Соның 6 млрд. теңгесі республикалық, 14 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралды. Осынау қомақты қаржы баспананың зары өткен жандардың мақсатына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал, қазір облыста тұрғын үй кезегінде 28301 адам тұр. Оның ішінде жетім, ата-ананың қамқорлығынан тыс қалғандар, аз қамтылған отбасылар, бюджеттік салы қызметкерлері, тағы басқалары бар.


Азамат БАЗАРБАЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/dimash-%d2%9b%d2%b1dajbergen-d%d3%99rigerlerdi%d2%a3-zhala%d2%9bysyn-k%d3%a9terudi-%d2%b1syndy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз