42500 теңге: кімге беріледі, кімге берілмейді?

1586857014 b36929d4d82a1dc0c00825103307d7ff Жаңалықтар

Atr.kz / 16 шілде, 2020 жыл. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақы берілетін санаттарды жариялады.

«Ертеңнен бастап шілде айына 42500 теңге төлеу жөнінде өтінім қабылдауды бастаймыз. Мұндағы жалпы негізгі қағидат – бұл төлем жұмыс істеп жүрген және карантиннің күшейтілген шараларына қатысты табысынан айырылғандарға төленеді.

Біріншіден, бұл жәрдемақы карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс беруші жібереді. Жұмыс берушілерге қойылатын бір ғана шарт – олардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі. Оны жергілікті аудан, қала бойынша штаттар, Атамекен ҰКП өңірлік өкілдері тексереді. Себебі, қазіргі шектеу шаралары жеңілдеу болғанымен, әр өңірде бас санитарлық дәрігерлер өз шектеулерін қойып жатыр», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Екіншіден, карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындарға 42500 теңге төленеді. Оны да аудан, қаладағы штаб пен салық комитетінің өкілдері белгілейтін болады.

«Үшіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерден өтінішті өздері береді. Бұл өтініштер штаб арқылы өтпейді, тікелей жіберіледі. Бұл кісілерге бір шарт – осы 2020 жылы 6 айдың ішінде бір рет болса да зейнетақы жарналарының аударылуы. Бұл қатарға кәсіпкерлікпен ай сайын тұрақты түрде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Соңғы санат – өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге 42500 теңгені алуға болады. Бұл жолғы өзгеріс – өткендегідей БЖТ төлеудің қажеті жоқ, төтенше жағдай кезінде төледіңіздер, біз соны ескереміз», – деді министр.

***

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақының кімдерге берілмейтінін түсіндірді.

«Мемлекеттің бюджетінен зейнетақы, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлем алып жүргендер 42500 теңге алмайды. Олар бейресми жұмыс істеп жүргендер қатарына жатпайды. Егер де олар ресми жұмыс істеп жүрсе, олар үшін жұмыс беруші өтініш бере алады. Ресми жеке кәсіпкерлігі болса, жеке кәсіпкер ретінде де өтініш беруге мүмкіндігі бар. Екіншіден, Төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлем төлеп, миллиондаған адамдар өзінің бейресми жұмыс істегенін растады. Біз олармен хабарласып, 70 мыңға жуығын жұмыспен қамту шараларына тартқан болатынбыз. Егер де ол азаматтар қазір жұмыс істеп жатса, әрине олар бұл жолы 42500 теңгені ала алмайды», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ал жақын күндері жұмыстан шығып кеткендерге Жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек. Бұл орталық тұрғындарға ашық вакансияларды немесе басқа жұмыспен қамту шараларын ұсынады. Егер де еш жұмыс лайық келмесе, үш күнде жұмыссыз ретінде тіркеледі және автоматты түрде Мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты басқа төлем 6 ай бойы төленеді.

«Студенттер мен декретте жүрген әйелдерге тағы да түсіндіріп кетсем. Арнайы 42 500 теңге төлеуге «Студент», «Декреттегі әйел» деген санаттар жоқ. Яғни, студентке студент болғаны үшін жәрдемақы төленбейді. Өткенде де солай болған. Бірақ егер де студент жалданып жұмыс істесе, карантин кесірінен ақысыз демалысқа жіберілсе, ол үшін жұмыс берушісі өтініш бере алады. Ал егер студент жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрген кәсіпкер болса, ол жағдайда да 42500 теңге алады. Ал енді осы күнге дейін бейресми жұмыс істедім деп бір рет БЖТ төлеген студенттер 42500 теңге ала алмайды», – деді Б.Нұрымбетов.

Сонымен бірге, декретте жүрген әйелдерге ереже өзгеріссіз қалатын болады.

«Бала бір жасқа толғанша декреттегі әйел мемлекеттен немесе сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүреді. Сондықтан, оларға 42500 теңге берілмейді. Ал енді бала бір жастан асқан болса, жұмысқа шығып, карантинге байланысты ақысыз демалысқа жіберсе, әрине жәрдемақы ала алады. Егер оның жеке кәсіпкерлігі болып, тұрақты түрде БЖТ төлеп, жұмысы тоқтап қалса да 42 500 теңге ала алады. Өткендегі ТЖ кезінде бір рет БЖТ төлеп, бейресми жұмыс істегенін растаған әйелдер де 42500 теңге ала алады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұған дейін спикер 42500 теңге жәрдемақы төленетін санаттарды жариялаған еді.

https://atr.kz/bez-rubriki/atyrauga-medicinalyq-preparattardyn-ulken-parti%d1%8fsy-bar-tagy-bir-zhuk-koligi-keldi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз