13 адамның өмірін жалмаған тікұшақ апатының бірнеше себебі айтылды

photo 224913 Жаңалықтар

  Atr.kz/4 сәуір, 2019 жыл.  ҚР Қорғаныс министрлігі Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағының құлауына қатысты болжам жасады.

Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов тікұшақтың құлауына себеп болған үш негізгі факторды атады.

Авиация генерал-майорының айтуынша, апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағы 1988 жылы құрастырылған.

«Тікұшақ Алматы қаласындағы №405 авиажөндеу зауытында күрделі жөндеуден өтті. Зауыттан шыққаннан кейін тікұшаққа әуеде 2000 сағат немесе 8 жыл ұшу мүмкіндігі беріледі. Бүгінге дейін тікұшақ әуеде 773 сағат ұшқан. Тікұшақта техникалық ақау болмаған. Тергеу жүріп жатқанына байланысты Қазақстанның Қарулы күштеріне тиесілі МИ-8 тікұшақтарының ұшуы тоқтатылды. Апта бойы олар техникалық тексерістен өтеді», – деді Дәурен Қосанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұдан бөлек, Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы айтқандай, МИ-8 – посткеңестік елдерде ғана емес, бүкіл әлемде адам ең көп сиятын тікұшақ.

«Бұл – сенімді тікұшақ. Қазір МИ-17 және МИ-171 тікұшағымен бірге МИ-35 жауынгерлік тікұшағын сатып алып жатырмыз», – деді авиация генерал-майоры.

Сөз соңында ол мемлекеттік комиссия тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Барлық себеп сараланып жатыр: техниканың істемей қалуы, адами фактор және метео жағдай. Мен комиссия мүшесі емеспін. Сол себепті пікір білдіруге құқығым жоқ. Қара жәшік мемлекеттік комиссияда. Оны біз тексере алмаймыз. Тергеудің нәтижесі ресми түрде хабарланады», – деп түйіндеді сөзін Дәурен Қосанов.

Еске сала кетсек, 27 наурызда кешкілік Қызылорда облысы Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам мерт болды.

Дереккөз: «Спутник Қазақстан»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз