12 қыркүйекте қасиетті Құрбан айт басталады ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛАҒАТЫ

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛАҒАТЫ Жаңалықтар

Ынтымақтың
ұйытқысы
Исламның ұлы мерекелерінің бірі саналатын, һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы – сонау ықылым заманнан бері адамзат өркениетінде өзіндік ізін қалдырып келеді.
«Құрбан» және «айт» сөзінің мағынасы қандай? Осыған кідіріс етейік. «Құрбан» төл сөзімізде «жақындау», «жақын болу», «Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» дегенді білдірсе, «айт» сөзі «мереке», «мейрам», «қуаныш» мағынасын береді. Ал, құрбанның шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Демек, Құрбан айт – жер бетіндегі жұмырбасты әрбір мұсылманның ерекше атап өтер ұлық мейрамы.

%d2%b1%d0%bb%d1%8b%d2%9b-%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5-%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%82%d1%8b

Тарихы тым әріде
Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алып, кейінгі жұртқа сүннет болып қалыптасқаны жалпақ жұртқа мәлім жайт. Қысқаша тарихы мынадай. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қартайған шағында Алладан сұрап алған жалғыз ұлы Исмайылды өзінің берген уәдесіне сай түсінде құрбандыққа шалу әмір етіледі. Бұл көрген түс бірнеше күн қайталанып, оның азғырушы шайтаннан емес, жаратушы Алладан екені анық байқалады. Ибраһим (ғ.с.) неде болса бір бекемге келіп, көрген түсін баласы Исмайылға егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны құрбандыққа жетелейді. Дегенмен, бұл бір Алланың пайғамбарына деген сынағы болғандықтан, жаратушы Алла уәдесіне берік, тәуекелге бел буған құлы Ибраһим пайғамбарға баласы Исмайылды аман қалдырып, жәннаттағы басқа бір құрбан малымен оны сүйіншілейді. Осылайша Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар жанұясымен Алла берген ауыр сынақтан сүрінбей өтеді.
Енді осы ғибрат оқиғадан не түйдік, ағайын? Біріншіден, Аллаға деген сүйіспеншілікті, Оның жолында жаныңдай жақсы көрер дүниеңді құрбан ете білуді үйретеді. Хазірет Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бұл сынақтың орындалуы соншалықты қиын болғанына қарамастан, Раббысына шынайы ниетпен бас иді.
Екіншіден, Алла бұл сынақтың соңы мойынсұнумен аяқталарын анық біледі. Мейірімділердің ең мейірімдісі болған Алла баланы әке қолымен ешқашан құрбан еткізбесі тағы сөзсіз. Жазықсыз бір адамның өлтірілуі – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең екенін немесе бір адамды қиыншылықтан құтқару – күллі адамзатты құтқарғанмен тең екенін әділдік жүйесімен қойып берген Жаратушымыз өзінің пайғамбарына өз баласын құрбан еткізбек те емес.

Айт намазы –
татулықтың көрінісі
Құран Кәрімде Алла былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят). Байқасаңыз, аталған аятта айт намазын оқу құрбан шалудан бірінші айтылуда.
Айт мейрамы – қуаныш пен ынтымаққа толы күннің көрінісі. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені…» деген. Айт намазы – исламның бет-бейнесі. Әрбір жұма намазына жиылғандай, жылына бір келер ұлы мереке Құрбан айтта бас қосу мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттырып, ұлық мейрамның негізгі сәнін көрсетеді. Айт күні таңмен таласып, күллі мұсылмандардың, яғни еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін мешітке қарай асыға түсуінің өзі – осының айғағы.
Шынында, ислам – күллі адамзатты ынтымаққа, татулыққа, бірлікке үндейтін дін. Осыны – мұрат еткен қазақ халқы ғасырлар бойы саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін өзара ынтымақ-татулығымен білдіріп келеді. Тіпті, дана халқымыз: «Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар» немесе «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп әу баста-ақ ынтымақтың маңыздылығын тайға таңба басқандай қылып айтып өткен. Данышпан Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналық ойы да тап осыны меңзейді.
Құрбан айт мейрамы араздасқан ағайындардың татуласып, бауырласуына таптырмас үлкен мүмкіншілік. Дәлірек айтқанда, өз кемшілігін түзеп, қасындағы жанның қателігін кешіруіне, һәм рухани табыстарға жетуіне айтарлықтай жол ашады. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, мүміндер бір-біріне бауыр. Сондықтан, туыстарыңның арасын жарастырыңдар» («Хужурат» сүресі, 10-аят) дейді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көре алмаушылық етпеңдер! Ей, Алланың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар!» деп өсиет еткен.
Мереке күндері өскелең ұрпағымызды да естен шығармауымыз керек. Оларға құрбанның қасиетін ұғындырып, санасында өшпестей әсер қалдыру ниетімен айт намазына ерте келіп, қуанышты сездірген жөн. Кішкентай балақайларымызға дәл осы күндері ең бағалы ойыншықтар алып, «Балам! Бүгін Құрбан айт мерекесі. Сені осы мерекемен құттықтау үшін арнайы сыйлық алдым» деп жылы сөзімізбен, әсерлі сыйлығымызбен қуантсақ, бүлдіршін мерекенің тәрбиелік мәнін сезінеді.
Қарттар үйін, қамқорсыз жетім балалар үйін, жоқ-жітік жандарды, аз қамтылған отбасыларды да есімізден шығармай, шын көңілімізбен жылы сөзімізді айтып, аз да болса сыйлық жасасақ, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені, Құрбан айт – қоғамды бірлікке үндейтін, бөлініп-жарылудан сақтайтын ұлық мейрам.
P.S. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына сәйкес, мұсылман мерекелерін ел жадында қаларлықтай өткізу мақсатында, Атырау өңірінде де қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады. Ұлық мерекеге арналған мазмұнды бағдарламалар жыл сайын жаңғырып келеді.
Мейрам күндері мешіт жанынан ойын алаңдары құрылып, балаларға сый-сияпат жасау жыл сайынғы дәстүрлі үрдісімізге айналып үлгерді. Мұның барлығын баянды тәуелсіздігіміздің жемісі. Ендеше, Құрбан айт қашан да ел ынтымағының ұйытқысы болып қала береді.

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

Құрбан малыңыз дайын ба?
* Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
* Қой немесе ешкіні бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлығы үшін құрбан болып есептелмейді.
* Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал жайында былай дейді: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды».
* Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіздік. Қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с). бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».

Құрбан шалар кезде «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздау керек. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей, мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Ең бастысы, құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Бір ескере кететін жайт, еліміздің кейбір аймақтарында құрбандық малын арапа күндері шалып жатады. Бұл шариғат тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін ғана шалынуы керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз