101-көктем

101 к ктем Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысы жайлы сөз қозғалғанда қолына қару алып, жауға қарсы соғысқан майдангерлерді ғана емес, Жеңіс күнін жақындатуға елде жүріп, ерлікке пара-пар еңбектерімен өлшеусіз үлестерін қосқан тылдағы майдан ерлерінің ерен істері жайлы әңгімелеуді де ұмытпағанымыз абзал. Солардың санатында Индер ауданының Өрлік селосында тұратын, бір ғасыр ғұмыр кешіп, ұрпақтарының қызығын көріп, биыл 101 жасқа толғалы отырған Жаңыл Есжанованың да есімі аталады.

101-к__ктем

Білгеніміздей, бұл кісі 1916 жылдың жазында бұрынғы Орал, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының бір ауылында, ауқатты шаруаның отбасында дүниеге келген. Біраз малдары болған, соны бағып, өз күндерін өздері көрген. Соңынан, колхоздастыру кезінде бұларды бай адамдардың қатарына жатқызып, дүние-мүлкін кәмпескелеп, қатты қысым көрсеткен, қуғын-сүргінге түсірген.

Ол аздай, арғы аталарынан бермен қарай бай-манаптың тұқымы деп айыпталғандықтан, әкеден айырылған соң бұл отбасы да көп қиындықты бастан өткерген. Бірнеше бала өмірге келгенімен, түрлі себептерден олардың дені шетінеп, шешесі және өзінен үлкен  апасымен үшеуі ғана тірі қалған. Көп кешікпей апасы да өлместің амалын ойлап, біреудің етегінен ұстап кеткен. Анасы салық төлеу үшін бидай жинауға кеткенде  адам көрмесін, ұстап алмасын деп,  қызын шағылдың ортасына апарып тастайтын көрінеді. Құмда өскен шөптің түбін жеп күнелтуге мәжбүр болып, бой тасалап жүрген жиендерін нағашылары түн қараңғылығында үйлеріне әкеліп, тамақтандырып, таң атысымен әлгі жерге қайта апарып тастаған. Содан бір күні мұны да жұртқа көпсініп, «құмдағы шөптің бәрін өртейміз», деп дүрліккен елдегі шолақ белсенділердің дүрбелеңінен кейін, анасы  қызын ертіп, бір түнде Атырау бағытына қарай қашып шығады.

Азапты сапар шегіп, ақырында осы Өрлік ауылының жаз жайлауда отырған малшыларына ұшырасады. Қазақылық танытып, мұндағылар да оларды жатсынбай, бауырларына тартады. Өз кезегінде бұлар да қамқор болған жандарға қолқабыс етіп, малдарын бағысады, басқа да шаруаларын атқарысады. Дәм – бұйырмыс қой, Жаңыл апамыз осы жерде Дәулет Есжанов есімді азаматпен көңіл жарастырып, отау құрады. Осылайша, 1955 жылға дейін отбасымен бірге колхоздың малын баққан әжеміз қай жұмысқа да икемділігімен танылып, ерлермен тізерлесе табанды еңбектенеді. Әскерге жарамды ер-азаматтар соғысқа алынып, майданға аттанғанда елде қалған қарттар мен әйелдер, қыз-келіншектер мен балалар солардың орнын басты. Мал бағып, егін егумен ғана шектелмей, бастарына баспана салып, үй тұрғызу үшін қашықтан жаяулап-жалпылап, шелектеп жүріп су тасып, саман тас басты.

Замандастары сияқты оның қаһарлы жылдардың еншісіндегі қаһармандықпен еткен еңбегі, бейбіт кезеңде де еліне арнаған қызметі елеусіз қалмады, лайықты бағаланды. Кеудесіне «Тылдағы ерен еңбегі үшін» және Ұлы Жеңістің 60, 70  жылдығына арналған мерейтойлық медалдарды тақты. Жергілікті әкімшілік орындары, мектеп пен балабақша ұжымдары жыл сайын Жеңіс мерекесінде, Халықаралық әйелдер мен Қарттар күндерінде, өзге де атаулы мерекелерде ауылдағы ардагерлермен қоса Жаңыл әжені де құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ұсынуды дәстүрге айналдырған.

Ғибратты ғұмыр иесі атанып, бұл күндері жасы жүзден асқан  кейуана тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған бәйтерекке ұқсайды. Бауырынан өрген балаларынан 17 немере мен 30 шөбере сүйіп, ұрпақтарының шаттығына кенеліп, рахатына бөленіп отырған бақытты әже, ауыл-аймағына сыйлы, қадірлі қарияға құдайым лайым да бұл жасты да көпсінбегей!

Дәулетқали Аруев 

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз