ЭКО: квота алуда жас ерекшеліктері ескеріле ме?

0 67 Жаңалықтар

atr.kz/29 қыркүйек, 2020 жыл. Соңғы жылдары елімізде бедеулік пен белсіздік тақырыбы әлеуметтік түйткілді мәселенің қатарында келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әрбір алтыншы шаңырақтың балалы бола алмай отырғанын, отбасылардың 20 пайызы баланың жоқтығынан ажырасуға бел буатынын халыққа Жолдауында атап көрсетті. Тіпті, Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның демографиялық ахуалының қиын екенін еске салды. Енді Президент бастамасымен Үкімет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосып, экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісіне бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін арттырмақ.

Репродуктолог мамандар «квотаның еселеп артуы 4-5 жыл кезекте тұратын отбасыларға тезірек сәби сүюге мүмкіндік береді» десе, демографтар «әлеуметтік мәселе ажырасуды тежеуі мүмкін» деп үміттенеді.

Республика бойынша 1 4   мекеме жасанды  жолмен ұрықтандырумен айналысады. НұрСұлтан, Алматы қалаларының қатарында Атырау шаһары да бар. Атырау облысындағы бүгінгі жағдайға келсек, 722 жұп ЭКҰ кезегінде тұр. Солардың бірі – Құрманғазы ауданындағы он бес жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген Темір мен Әдинаның (аты-жөні өзгертілді) шаңырағы. Олар Президент көтерген бастаманы естігенде қуанғандарын жасырмады.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасы он бес жыл бойғы арманымызды ақиқатқа айналдырады деген сенімдеміз. Өйткені, біз осы кезге дейін бала сүюді армандап қана келген едік. Қаралмаған жеріміз жоқ. Соңғысы – Атыраудағы «Экомед» орталығы. Мұндағы дәрігерлер жолдасым екеумізге бәрін жақсылап түсіндірді. Алдын-ала тапсыратын медициналық сынамалары көп екен. Ауылда азғантай жалақымен күн көріп отырғандықтан, сынама тапсыру құнын қалтамыз көтермеді. Сондықтан, бағасы арзанға шығатындарын тапсырып, қалғанын басқа уақытта келіп тапсырамыз деп едік. Ендігі кезекте Үкімет тарапынан көмек болып, квота саны көбейеді дегенде қатты қуандық, – деді Әдина.

Атыраудағы «Экомед» медициналық орталығындағы экстракорпоральді ұрықтандырудың құны 1 миллион теңге тұрады. Мұндай бағаны кез келгеннің қалтасы көтере бермесі анық. Аталған адам ұрпағын өрбіту орталығының директоры, репродуктологдәрігер Гүлсара Басарованың айтуынша, орталық жолдама арқылы келген пациенттерді қабылдай бастаған.

– Осы жылы квота арқылы келген 6 жұптың төртеуі қазіргі уақытта жүкті, екеуі ем алып жүр. Бәрі де жергілікті тұрғындар. Жалпы, облыс бойынша биыл 37 квота бөлінген. Бұл өте аз. Біздің орталыққа келіп қаралған жүкті әйелдердің өзінен шығарған статистикаға сүйенсек, бедеулік деңгейіне қарай 3000-ға жуық жұп тіркелген. Бұл көрсеткіштің нәтижесін күні кеше Президент Жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы шығаруға болады, – деді Гүлсара  Басарова.

Маманның айтуынша, қазір жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болу үшін кезекте тұрған әйелдердің жас ерекшелігі 24-42 жас аралығын құрап отыр. Айына 1500 әйел Атырау облыстық перинаталдық  орталығы  директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Қазбек Ермағамбетовтың айтуынша, облыста ай сайын 9000-дай жүкті әйел тіркеуде тұрады.

– Облыс көлемінде бір айда 1500 қалыпты босану жағдайы өтеді. Былтырмен салыстырғанда, Атыраудағы жүкті әйелдердің босану саны бірқалыпты деңгейде. Пандемия жағдайыоблыстағы бала туу көрсеткішіне еш әсер еткен жоқ, – деді Қазбек Ермағамбетов. Перинаталдық орталыққа келушілерге бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, «Covid-19» сынамасын жергілікті емханалардан тапсыру міндеттері жүктелген.

Егер жүкті әйелдер жедел акушерлік көрсеткіштерімен келсе, ПТР сынамасын перзентханадан тапсыратын болады. Ал, жүкті әйелде коронавирус симптомы анықталса, провизорлық стационарға жатқызылады. Қуаныштысы, қазіргі уақытта орталықта қауіпті індет жұқтырған жүкті әйелдер жоқ. Алайда, әйелдер арасында қазіргі уақытта қаныаздық, бүйрек ауруы және жыныс жолдарының түрлі қабынулары әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Қазбек Айжарықұлының айтуынша, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу маңызды. Бедеулікке әкелетін бірнеше себептерді атауға болады. Оның қатарында отбасындағы тәрбие, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір сүру салтының дұрыс болмауы секілді себептер бар. Жасанды ұрықтандыруға рұқсат етіле ме?

Ал, «қазақстандықтардың көпшілігі ұстанатын ислам діні жасанды ұрықтандыру әдісіне рұқсат бере ме?» дегенге келсек, бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі үкім шығарған. Оған сәйкес, тек өз күйеуінің ғана ұрығын ЭКҰ әдісі арқылы қолдануға шариғи тұрғыдан рұқсат бар.

Жасанды ұрықтандыру кезінде донорлық қызметті пайдалану зина болып саналады. Яғни, донорлардан алынған аналық жасуша немесе ұрықты қолдану харам саналады. Мұның діни, моральдық жағынан бөлек, қаржылай тұсы да бар. Дәрігерлер сол үшін отбасы мүшелеріне психологиялық тренинг өткізіп, моральдық-этикалық жағын ескеруге кеңес береді.

 Қалай болғанда да, сең қозғалды. Шақалақ иісіне аңсары ауып жүрген отбасылардың үйінде қуанышты күн алыс емес екеніне көз жеткендей. Экстракорпоралді ұрықтандыру әдісі еліміздегі бала сүю бақытынан айырылған отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпегенімен, бірқатар шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізері анық.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз