«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» – ЖАҢА КӨЛІК

ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай кеше облыс әкімдігінің алдындағы Бейбарыс алаңында ерекше шара өтті. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау қалалық «Жедел жәрдем» стансасына 20 су жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. Барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған реамобильдер дәрігерлердің қызметін едәуір жеңілдетпекші.

 

«Жедел жәрдемнің» уақытында келмейтіндігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Оның себебін дәрігерлер автокөліктердің жетіспейтіндігімен түсіндіріп келген. Өзекті мәселе жыл басындағы тұрғындар жиынында облыс әкімінің де алдына қойылды.

– Биылғы 18 ақпан күні халықпен кездескен кезімде жұртшылық «Жедел жәрдемге» көңіл бөлуді сұраған болатын. Кей жағдайларда көліктің жетіспеуіне байланысты дәрігерлік көмектің кешігіңкіреп қалатыны айтылған еді. Осынау ұсыныс, өтінішті ескеріп, қажетті қаржы бөліп, бүгінде заманның талабына сай келетін 20 автокөлікті алып отырмыз. Қай уақытта да біз Елбасының тапсырмасымен халықтың денсаулығына ерекше көңіл бөлуге тиістіміз. Сондықтан, бүгінгі алынып отырған техника дәрігерлердің сырқаттың жанынан дер мезгілінде табылуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

 «Жедел жәрдемнің» жаңа көліктері барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда науқасқа уақытында ем көрсетуге жағдай қарастырылыпты. Қазақстанда шығарылған техниканың тағы бір ерекшелігі – шақырған жерге тездетіп жете алатын жеделдігінде. Бұрын қалалық стансаның ескі машиналары жолға кем дегенде жарты сағатын жұмсайды екен, енді ол уақыт екі есеге қысқарып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дина Камелованың айтуынша, «Жедел жәрдемнің» жаңа техникалары Атырау қаласына берілуі бекер емес. Өйткені, облыс орталығы тұрғындарының саны күн санап өсіп барады. Сол себепті ол екі-екіден педиатрлық, кардиологиялық бригадаға, қалғаны фельдшерлік бригадаларға бөлініп отыр. Бұл орайда аудандар да назардан тыс қалған жоқ. Олардың барлығы керекті техникамен жабдықталған, реанимобиль  көліктерімен де қамтылыпты. Бұл сырқат ана мен бала, қатаң науқастарды шалғай мекеннен тез арада облыс орталығына жеткізу үшін пайдаланылады. Сұхбаттасушымыз «Жедел жәрдемнің» құрамындағы мамандардың дайындығына айрықша маңыз берілгендігіне тоқталды. Фельдшерлер білімдерін жетілдіріп, аттестациядан өткен, арнайы сертификат берілген. Егер олар қызметі кезінде күрделі жағдайға кезіксе, жедел байланыс арқылы керекті дәрігерді шақырта алады. Мұның бәрі – қиналған жанға уақытында көмек көрсету үшін жасалған жағдайлар.

– Жыл сайын «Жедел жәрдемге» төрт-бес  дана техника бөлініп келген еді. Биыл оның саны бірден 20-ға жетіп отыр. Осы арқылы халықтың сұранысын уақытында қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалуда. Бүгінде атыраулықтарға 19 бригада қызмет етсе, жаңа көліктердің арқасында оның санын 25-ке жеткізуге мүмкіндік туды. Ал, көліктердің қатары 36-ға жетті. Бұл дегеніңіз, шақырылған жерге 15-18 минутта баруға жағдай жасайды. Ол уақыт бұрын 25-30 минуттың шамасында болатын, – дейді Дина Базарбайқызы.

Басқарма басшыларынан білгеніміз, жалпы 10 мың адамға бір бригада болуы керек деп есептелген. Дегенмен, қала мен оның іргесіндегі елді  мекендердің  көбеюіне байланысты қажеттілік те өсуде. Яғни, алдағы жылы қосымша бригадалар қажет болады. Атырау қалалық «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Ерлан Балғожин бізге мынадай жайды баяндады: Облыс орталығының тұрғындарынан тәулігіне 450-ден 550-дің арасында шақырту түседі. Бір көлік тиісті тәртібі бойынша бір тәулікте 14-16 шақырылымды қабылдау керек болса, ол техниканың аздығынан 22-26-ға дейін жеткен.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз