ЖАҢАЛЫҚ ЖАРШЫЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Журналистер – жаңалық жаршысы. Биыл облыста аталған сала қызметкерлерінің төл мерекесі өткен жылдарға қарағанда ерекше тойланды. Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі алғаш рет кең көлемде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында аталып өтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сан тақырыптарға қалам тербеген журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуда, бірлігімізді бекем етуде маңызды рөл атқарып келеді. Жаңалықтың жаршысы саналатын газеттер, журналдар, телеарналар билік пен халықты байланыстырып отырған, халықтың мұң-мұқтажы мен тілегін жеткізуші мінбеге айналды. Соның ішінде облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетінің артуына сүбелі үлес қосуда. Аймақта тіркелген 51 бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысы да қоғам тынысын тамыршыдай дөп басып, өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Атап айтсақ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» мен жеті аудандық газеттер жұмысында жаңа серпін, тың ізденіс бар. «Қазақстан-Атырау» телеарнасында өзекті тақырыптар эфирден көрініс тауып, жаңалықты халыққа жеткізуде жеделділік артты. Облыс жаңалығын насихаттауда «Ақжайық» газетінің де алар орны ерекше. Республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері де аймақтың тыныс-тіршілігін ақпараттандыруда үлкен жұмыс атқарып отыр. Жалпы, қалың оқырманға ой салып, жақсылыққа жетелейтін, жаманнан сақтандыратын – журналистер деп ойлаймын. Бүгінгі мереке – сіздердің кәсіби өмірлеріңізге шолу жасап, атқарылған жұмыстарыңызды қорытындылайтын, болашақта жасалатын істерді жоспарлайтын күн. Сіздерден тың идеялар мен игі бастамалар күтеміз, – деп, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс, денсаулық, отбасы амандығын тіледі.

Аймақта мемлекетттік саясатты насихаттауда, ақпарат таратуда, жарияланымдар мен репортаждар дайындауда, мақалалар мен түсірілімдерді техникалық көркемдеуде өз қолтаңбасымен өзгешеленген газеттер мен телеарналар қызметкерлеріне облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов сый-сияпат тапсырды.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Өтеген Нәукиев «Қазақстан Республикасының мәдениет ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, бұл күні биыл мерей жасқа шыққан журналистика ардагерлері де құрметтен тыс қалмады. Олардың қатарында журналистика саласының ардагерлері Төлеген Жаңабай (70 жас) мен Сейілхан Қайыржанов (65 жас), «Сахара» газеті бас редакторының орынбасары Аманғазы Жұмағазыұлы (60 жас), «Заман Қазақстан» газетінің Атырау облысы бойынша тілшісі Светлана Муньянова (55 жас), облыстық «Атырау» газетінің шолушысы Ағиба Қатешова (55 жас), Индер аудандық «Дендер» және Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газеттерінің бас редакторлары Жанай Амантурлин мен Бауыржан Сисенов облыс әкімінің құттықтау хатына ие болды.
Сонымен қатар, аймақ басшысының Алғыс хатымен облыстағы бірқатар меншікті тілшілер – Бақберген Кенжиев, Талғат Өтеғұлов, Қаршыға Көшеков, Ринат Құлмағамбетов, Рахым Қойлыбаев, Жолдасбек Шөпеғұл және «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшісі Назымгүл Қайсағалиева мен телеоператоры Тілек Ғұмаров, «Ақжайық» газеті редакторының орынбасары Азамат Майтанов марапатталды.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында «Сахара» газеті бас редакторының орынбасары Аманғазы Жұмағазыұлы «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алған болатын. Бұл марапатты иесіне Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Қуандық Батыров табыс етті. Бұған қоса, филиал төрағасы шығармашылық одақтың дипломын «Алтын аймақ» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Зиза Есенғалиева мен Одақ мүшесі Ләззат Мәжитоваға табыстаса, Мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері кәсіптік одағы республикалық ұйымының Құрмет белгісімен «Қазақстан-Атырау» телеарнасы Атырау облыстық филиалының редакторы Слухия Әбжатырова мен «Ақжайық» ЖШС директорының орынбасары Гүлбала Сарипованы марапаттады.
«Баспасөз – бұқараның көзі мен құлағы hәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қағидалы сөзі бүгінгі таңда шынайы сипатын тауып отыр. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін мереке иелеріне облыстың бір топ өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, мереке шырайын арттыра түсірді.
Шараға жиналғандар республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы «Жұлдыз» және «Камелия» халық би ансамбльдерінің, Қайрат Кәкімовтің, Әсет Әлиевтің, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Әсел Аманқұлованың және тағы басқа өнерпаздардың өнерлеріне тәнті болып, қошемет көрсетті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз