ЖАҢА ПОЙЫЗ АТАУЫ – «САРАЙШЫҚ»

Жуырда Атырауға Алматыдан «Тальго» жүрдек пойызы жүретінін хабарлаған болатынбыз. Ол пойызға «Сарайшық» деген әдемі ат беріліпті. 31 мамыр күні экспериментальды тексеру үшін Алматыдан шыққан пойыз Атырауға 2 маусым күні таңда келіп жетті. Пойыздың жүрісін, жолдағы белгі беру, байланыс, жарықтандыру, өткелдердің жұмысын тексеру үшін жергілікті теміржол басшылары тальгомен жүйтки отырып Қандыағашқа дейін барып келіпті. 

Атырау магистральды желі бөлімшесі директорының орынбасары Нұрғали Есеновтың айтуынша, пойыз жол ерекшеліктеріне (станциялық, қиғаш, бұрылмалы, тегіс жолдар) сағатына 80 мен 140 шақырым жылдамдықты ұстап отырған. Жол бойында ешқандай кедергілер болмапты. Тальго жүреді деп арнайы жасақталған, күзетілетін 7 өткел де толыққанды жұмыс жасап тұр. Сөйтіп, бөлімше басшылығы Атырау мен Сағыз арасындағы 260 шақырым жолдың жақсы дайындығына көз жеткізді. Алайда, сақтық шараларына салғырт қарамай, күні-түні әр учаскеге адамдар қойыпты, жолға адам не малдың шығып кетпеуі қатаң қадағаланыпты. Пойыз құрамында 23 вагон болған, бірақ, бұл жолы жолаушысыз жүрген. Бұрынғы кестесіне өзгеріс енген Тальго пойызы енді Атырауға 10 маусым күні таң сәріде алғашқы жолаушыларымен бірге жетеді. 

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз