ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ АЛДЫНДА ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР ТҰР

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі 

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Парламенті VI шақырылымының бірінші сессия-сы өз жұмысын бастады. Оны регламентке сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ашып, депутаттар толық тіркелгеннен кейін сессияны ашу үшін сөзді Президент Н.Назарбаевқа берді.

Мемлекет басшысы сессия жұмысын ашық деп жариялаған соң Мемлекеттік Әнұран орындалды. Одан әрі Президент сөзін жалғастырып, депутаттарды Мәжіліс жұмысының басталуымен құттықтап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екенін айтты.

– Баршаңызды VI шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуымен құттықтаймын, – деп бастады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы.

– Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін еліміз жаңа құрамдағы Парламентпен қарсы алуда. Сайлаудың қорытындысы бойынша Парламентке 3 партия және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат өтті. Баршаңызды тең бәсеке жағдайында өткен сайлаудағы ортақ жеңіспен, депутаттарды жауапты қызметтері-ңізбен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жаһандық даму тұрғысынан аса күрделі кезеңге сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз сіздерге зор сенім білдірді. Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі. Бұл сайлау ерекше өтіп, халықтың белсенділігін көрсетіп берді. Бүкіл дүние-жүзіне біз осы жылдар ішінде заңды, ашық түрде баламалы сайлау өткізе алатынымызды дәлелдедік. Дүние жүзінің сарапшыларынан да, байқаушыларынан да оң баға алдық. Бұл да біз үшін зор жетістік болып саналады, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сіздерді VI шақырылған Парламент Мәжілісі жұмысының басталуымен құттықтаймын. Өткен сайлау біздің еліміз үшін тарихи маңызға ие. Оның нәтижесі қазақстандықтардың бүгіннің және болашақтың біртұтас ұлты ретіндегі жоғары топтасқандық деңгейін дәл бейнеледі. Біздің сайлаулар қазақстандық біртектілікті нығайтқан тарихи актіге айналды. Сайлауларда дауыс беру Ұлт Жоспарын қолдауда бүкілхалықтық плебисцит болды. Біздің халқымыз «Нұр Отан» партиясына тағы да саяси көшбасшылықты сеніп тапсырды. Мен тағы да барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылы өткен сайлаудың тарихи нәтижелерімен құттықтаймын. Сондай-ақ, Мәжілістің жаңа құрамының барлық депутаттарын парламентшілер мәртебесіне ие болуымен құттықтаймын.

Парламенттің жаңа құрамы жұмысын айрықша қиын жағдайларда бастайтын болады, деп жалғады ойын одан әрі Елбасы. Бүкіл әлемде көп өлшемді және көп деңгейлі дағдарыс белең алып тұр. Біріншіден, әлемдік сауда және қаржы нарықтарына болжам айту қиын. Ол қазақстандық экономикаға теріс әсер етеді және Қазақстанның жаһандық экономикаға қосылуының объективті тәуекелінің бағасы болып табылады. Екіншіден, тіпті, салыстырмалы түрде қолайлы елдердің өзінде де түрлі әлеуметтік проблемалар түйіндері өсе түсуде. Ол жұмыссыздықтың өсуімен, тек әскери дау-жанжалдар аймағында ғана емес, сонымен бірге, жаһандық экономикалық дағдарысты бастан өткір өткізіп жатқан мемлекеттердегі босқындардың жаңа жаһандық проблемасымен де өрши түсуде.

Бүгінде, бүтіндей алғанда, әлем дамуы күрделі сатыда тұр. Экономикада да, геосаясатта да ешкім үшін қарапайым ше-шімдер болмақ емес. Бұл тұрғыда қандай да бір қиялдарға барудың қажеті жоқ. Ашығын айтайын, безбенделген мемлекеттік шешімдерсіз, өткен 3 жылда қабылданған жаңа заңдар мен стратегия-лық бағдарламаларсыз ахуал бүгінде әлдеқайда шиеленісті бола түсер еді. Оның біздің стратегиялық мақсаттарымызға да және «2050» Стратегиясының, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының, Ұлт Жоспарының және басқалардың тактикалық міндеттеріне де қатысы бар, деп атап көрсетті Президент.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Ол 59 заңның және 400-ден астам заң аясындағы актілердің қабылдануы арқылы қалыптасты. Кеше тек жоспар ғана бол-ғандар бүгінде шындыққа айналды. Әрбір қазақстандық үшін әлемнің ең бір дамыған елдерінде орын алып отырған жайттарға ұқсас жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Мемлекеттік аппаратты меритократия жағдайында қандай да бір көлеңкелі жағдайларсыз және жеке бас қалауынсыз жұмысқа ынталандыратын шаралар қабылданды. Командалық ауысу тәжірибесі тоқтатылды. Егер өткен жылдың 3 айында 1722 шенеунік ауыстырылса, биылғы жылы – небәрі 90 адам. Тең мүмкіндіктер жүйесі ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі бекітілді. Мемлекеттік қызметке ең білікті және сауатты мамандарды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік орын алмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табатын болады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністері алдына жаңа тосқауылдар қойылды. Мемлекеттік қызметті реформалау әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қайта аттестаттау жүргізуге байланысты шешуші сатыға шықты, деді осы орайда Н.Назарбаев.

Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі жаңа ашықтық және кәсібилік сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Сот залдарының оның жалпы санының 75 пайызы аудиобейне тіркеулер жүйесімен жарақтандырылды және бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

Судьялар корпусының кәсіптік деңгейін арттыру үшін жыл сайын судьялыққа 100 кандидат тәжірибелік тағылымдамадан өтетін болады. Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Үстіміздегі жылдың тек екі айында ғана 50 азамат Судьялық жюриге соттардың іс-әрекеттеріне шағым айтудың жаңа құқығын пайдаланды.

Көптеген атқарушылық өндірістер құзыреті жеке сот орындаушыларына берілді. Олар бүгінде 1046 адам. 6634 учаскелік полицейлерден тұратын жергілікті полиция қызметі құрылды. Полицейлердің тұрғындар алдында есеп беру тәжірибесі енгізілуде. Бүгінде интерактивті мүмкіндікті пайдалана отырып, әрбір азамат құқық қорғау органдарының жұмысына баға бере алады. Электронды «Қылмыстылық картасы» жұмыс істейді.

Жоғарыда аталған екі бағыт бойынша бүгінде шенеуніктердің кейбір міндеттерді тағы да «өз бетінше жіберуге» деген ниеттері байқалады. Біз белгілеген 100 қадамнан жергілікті жердегі шенеуніктердің пайдасына қарай ештеңе де түзетілуге тиіс емес. Бұл туралы жауапты адамдарға тағы да ескертемін, деп ерекше атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Бизнесті дамыту мүддесі үшін экономика мен еңбек қатынастары саласындағы ұлттық заңнамалар түбегейлі түрде қайта жаңартылды. Фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарды қоса алғанда, отандық ірі, шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар мен ынталандырулар жасалды. Бүкіл ел бойынша жаңа өндірістер мен жұмыс орындары пайда болады. Таяудағы 10 жылда 660 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда, оның ішінде, 70 мыңы – өңдеу және инновациялық секторларда.

Ұлттық экономикаға жаңа инвестициялық ырғақ берілді. «Бизнесті жеңіл жүргізу» рейтингі бойынша біздің еліміз 189 елдің ішінде 41-ші орын алады. Еңбек рыногының тиімділігі бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 18-ші орында тұр. Шетелдік инвесторлар үшін «жасыл дәліз» ашылды. Аграрлық секторға Германиядан, Италия мен Қытайдан стратегиялық инвесторлар тартылды. Олардың қатысуымен Ақмола облысында 2 ірі тауарлы – сүт фермасын және зауыт салу белгіленіп отыр. Сол сияқты, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылдық жалпы қуаты 37 мың тонна өнімді құрайтын заманауи ет комбинаттары құрылысының жобалары да бар. Оларға салынатын жалпы инвестициялар көлемі – шамамен 66 миллиард теңге. Осы орайда Елбасы жеке меншіктің 74,4 мың субъектісі мен 576 миллиард теңге сомасындағы құнды қағаздар, сондай-ақ, көлемі 334 миллиард теңгеге жуық қаржының заңдастырылғанына да тоқталып өтті.

Құрылыс саласы жаңа тынысқа ие болды. Ол еурокодтар жүйесіне көшуде. Рұқсат беру құжаттарын ұсыну мерзімдері 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Құрылыс бойынша сараптамалық жұмыстардың 50 пайызы бәсекелестік ортаға берілді.

Қазақстанда жаһандық логистиканың бір бөлігі ретінде мультимодальдық Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз қалыптастырылуда. Қазақстанның Қытайдың Ляньюньган портындағы логистикалық аймағының өзі ғана біздің аумақ арқылы жүк ағынын 7 есеге ұлғайтатын болады. Еуропалық комиссия «Эйр Астана» әуе компаниясының ЕО елдеріне ұшуларына қатысты барлық шектеулерді алып тастады.

Денсаулық сақтаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңа заңның негізінде ғылыми жобаларды жүзеге асыру мен коммерцияландырудың бірегей жүйесі құрылуда. 5 отандық ғылыми талдамалар қазірдің өзінде коммерцияландырылуда. 6 қазақстандық колледж өздерін жаңғырту үшін Дүниежүзілік банктен жалпы сомасы 425 миллион теңге болатын гранттар алды. Бұл «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін маңызды қадам.

Қазіргі уақытта Ассамблея қолдауымен қазақстандық біртектілікті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Төртінші реформа – ол, ең алдымен, жаңа қоғамдық қатынастар, қоғамның және мемлекеттің жаңа функциялары мен жаңа институттары. 4 реформа бойынша бұл жұмыстардың бәрі мен бекіткен Жарлықтар арқылы үш негізгі тұжырымдамалар бойынша жүргізілуде. Ол – Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы; Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы; Мәдени саясат тұжырымдамасы.

Бүгін біздің Ассамблея алғаш рет азаматтық үкіметтің жаңа қоғамдық қызметі ретінде жұмыс істей бастады. Халық Ассамблеясы алғаш рет әлеуметтік меритократияның жүйесі ретінде іс-қимыл танытатын жаңа бірегей әлеуметтік лифт ретінде іске кірісті. Енді Ассамблея ҚХА-ның мемлекеттік, азаматтық және қоғамдық құрылымдарында мансап жасау үшін әркімге жаңа мүмкіндіктер ашады. Алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық инклюзивті медиация желісі құрылып, жұмыс істеуде. Бұлар – Медиация орталықтары, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық кеңесі, Ассамблеяның 16 өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы, деді Елбасы.

«Кері байланыстың» нақты жүйесі құрылған. Оның қорытындысы ретінде этносаралық үдерістерді басқарудың жаңа тиімді вертикалы іс-қимыл таныта бастады. Қайырымдылық алғаш рет ҚХА-ның жаңа қоғамдық функциясына айналды. 300 ірі меценаттар мен қайырымдылық жасаушылардың пулы жұмыс істейді, көмекті қажет ететіндердің республикалық деректер базасы құрылған. Тұңғыш рет қайырымдылық жасаушылардың жалпыұлттық съезі өткізілді. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы шеңберінде 4800 елді мекенде 7000 іс-шара ұйымдастырылды.

Білім беру мен ғылымның жаңа бағдарламасы жұмыс істей бастады. Ол өмір бойы оқытуға қайта бағдарланған және бағытын еңбек нарқының сұранысына, білікті кадрлар дайындауға қарай өзгертіп отырады. Мұндай қадам мобильді жұмыс күші және еңбекпен қамту үшін нәтижелі орта қалыптастырады. Жоғары оқу орындарында халықаралық стандарттар бойынша аккредиттеу енгізіліп, сырттай оқыту қашықтықтан оқытумен алмастырылады. Балалар 100% мектепке дейінгі оқытумен қамтылатын болады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап-ақ елімізде кезең-кезеңімен үштілді білім беруді енгізу басталатынын атап көрсетті. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетін болады.

– Әр мектеп бітіруші алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алады. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Жер шары халқының 50%-ын «цифрлық балалар» құрайтын болады. Мектеп оқушыларының жаңа буынына толықтай цифрлық әлемде өмір сүру, оқу және жұмыс істеу бұйырмақ. Сондықтан, мектептерді ақпараттандыруды жалғастыру қажет. Мұнсыз білім беруде жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. 2,5 мың мектеп қазірдің өзінде интернетке қосылған. Тағы 1500 мектепті қосу үшін қаржы бөлінген. Көптеген елдердің үкіметтері осы мәселені өздерінің бақылауларында ұстауда. Бізде де солай болуы тиіс. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп барлық мектептерде интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл арада ұлттық операторлар әлеуметтік жауапкершілік танытып, мектептер үшін арнайы тарифтер ұсынулары тиіс.

Біз ЭЫДҰ-мен интеграцияланудамыз, және біз дәйекті болуға тиіспіз. Барлық дамыған елдердің мектептерінде бес күндік оқыту аптасы қалыптасқан. Балаға қалпына келуге, педагогке демалып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі. Кейбір елдерде, тіпті, төрт күндік оқыту аптасы да бар. Және мұндай пішімге көшу – бүгінде дамыған елдердің жалпыәлемдік тренді. Ғалымдар қазірдің өзінде оқыту аптасының ұзақтығын қысқарту оқытудың нәтижелілігін арттыратынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Білім және ғылым министрлігіне бұл үдерісті тым болмаса бастауыш мектептерден бастау керек, деді Президент.

– Мен Қазақстанда 20 зияткерлік мектеп салу туралы жариялаған едім. Бүгінде олардың бәрі салынып бітті, деп жалғады сөзін Елбасы. Бұл – мектепте білім берудегі өте маңызды серпіліс. Оларда білім берудің жаңа мазмұны байқап көріледі. Және қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Осы жылы оны тағы 30 мектептің бірінші сыныбында енгізу жоспарланып отыр. Бірақ, бұл жұмыс аса баяу жүргізілуде. Зияткерлік мектептерде табысты өткен тәжірибелер бүкіл елімізде – үш, әрі кеткенде төрт жылда енгізілетін болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігіне осы жұмысты қамтамасыз етуді тапсырамын.

Есеп беретін мемлекет қалыптастыру бойынша реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды.

Біріншіден, барлық министрліктер мен әкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен Қоғамдық кеңестер құрылуда. Олар мемлекеттің саясатын жасап, жүзеге асыруда бүкілхалықтық бақылаудың тетігіне айналуы тиіс.

Екіншіден, мемлекеттік жоспарлауда оңтайландыру жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі 8 бағдарлама жолға қойылса, 4 салалық бағдарлама үкіметтік пішінде қайта бекітілді. Стратегиялық жоспарларды жаңғырту стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етсе, бұл өз кезегінде құжат айналымының көлемін қысқартты.

Үшіншіден, Мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Мемлекеттік органдар, әкімдер мен ұлттық университеттер басшыларының жыл сайын халық алдында есеп беретін тәжірибесі енгізілді. Астана, Алматы және барлық облыстар әкімдері есеп берді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында – министрлер, ал үшінші тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары есеп беретін болады.

Төртіншіден, көлікке және елді мекендердегі жерге салықтар заңды тұлғалардан жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілді.

Бесіншіден, «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылды.

Осылайша, Ұлт Жоспары қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның экономикасын жаңа жаһандық ахуалда дамытуға жұмыс істеуде. Бұл бізді жүзжылдықтағы басты мақсатымыз – 30 көшбасшы елдер қатарына енуге жақындатып, қоғамымызды берігірек, лайықтырақ және сенімдірек етеді.

– Құрметті депутаттар! – деді Елбасы сөзінің соңында.

VI шақырылымдағы Парламент алдында әрі қарайғы заң шығармашылық жұмыс бойынша бірқатар маңызды міндет тұр.

Біріншіден, барлық қаржы процедураларының мөлдірлігін қамтамасыз ететін біртұтас салық және кеден кодекстерін қабылдау қажет. Екіншіден, «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің қабылдануымен аталған саладағы қарым-қатынастарды реттейтін барлық нормалар бір заңнамалық актіге шоғырландырылатын болады. Үшін-шіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Бұл қуат таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерістері үшін талап етіледі. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңі шеңберінде бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бесіншіден, заңнаманы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға әрі қарай беру бөлігінде жаңғыртқан жөн. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары мәселелері бойынша заңнамалық актілер олардың өздерінің бюджеттері мен меншіктерін тиімді басқару үшін жетілдірілетін болуы тиіс, деді Н.Назарбаев.

– Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарды дамыту, әлбетте, Парламентті қоса алғанда, мемлекеттік органдардың жұмысына өзінің түзетулерін енгізетін болады. Мәжіліс депутаттары заң шығармашылық үдерісте Парламент Сенатымен конструктивті өзара іс-қимыл таныту дәстүрін жалғастыратынына сенімдімін. Мәжіліс өкілеттілік ететін барлық кезеңде заң шығармашылық жұмыстың Перспективті жоспарын жасау маңызды міндет болып табылады. Жаңа жағдайларда тұтастай Парламенттің және оның әр палатасының жалпысаяси рөлі мен жауапкершілігі артатынын ерекше атап өткім келеді. Парламентарийлердің партияаралық өзара іс-қимылын күшейтіп, барлық фракциялар мен депутаттық топтардың үйлесімді жұмысына қол жеткізу керек. Қазақстандық депутаттардың халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсенді қатысуы – маңызды міндет, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа депутаттардың жұмысқа жедел қосылатынына, ал бұрынғы құрам депутаттарының сабақтастықты қамтамасыз етіп, «жаңа арналарға» тез көшетініне сенімді екенін білдірді.

Сөзінің соңын Қазақстан басшысы төмендегіше түйіндеді: – Сіздер сайлану арқылы жауапкершілік алдыңыздар. Елдің сеніміне ие болдыңыздар. Баршаңызды тағы да құттықтай отырып, еліміз-ге тыныштық пен амандық, өздеріңізге денсаулық және алдағы үлкен еңбек жолында барлығыңызға зор табыс тілеймін.

Президент сөзін аяқтаған соң Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының және Сенаттың аралық кезеңдерінде тағайындалған депутаттары Қазақстан   халқына ант беріп, оны халық атынан Президент қабылдады.

Ант беру рәсімі аяқталған соң Парламент Мәжілісі VI сайланымының депутаттары алғашқы жалпы отырысын өткізу үшін палатаның пленарлық мәжілістер залына өтті.

«Егемен Қазақстан».

26 наурыз, 2016 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз