ЖҰТАР АУАМЫЗ ЖҰПАР БОЛСА…

Басты жаңалық

ҚАҒАЗДАҒЫ КӨШЕТТЕР КІМГЕ КӨЛЕҢКЕ
БОЛАДЫ?

Аталмыш компанияның техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бас менеджерінің орынбасары Нұртас Кенғановтың айтуынша, бұған дейін 9,6 млн. тоннаға дейін таутөбе болып үйілген күкірттен бүгінде 1,6 млн. тоннасы қалып отыр. «Біз жарамсыз күкіртті қайта өңдеп, түйіршіктелген күкіртті өндіруге қол жеткіздік. Газды алауды жағуды азайттық» деп есеп берген ол соңғы бес жылда компанияның су пайдалануды 56 пайызға дейін үнемдегенін айтты.
Тағы бір ойлантарлық жайт, компания көгалдандыруды тек 2007 жылдан бастап қана қолға алған. «Осы уақыт ішінде он алты мың көшет отырғызылды. Құлсары аумағына екі мың көшет егілді» деп атап өткен ол алдағы уақытқа аталған мәселеге 24 млн. теңгенің бөлініп отырғандығын мәлімдеді. Дәл осы тұста ТШО өкілі өткір сұрақтардың астында қалды. Олай болуы заңды да еді. Қанша дегенмен арзан шикізат ұсынып отырған аймақ халқы экологиялық зардаптардың ортасында отыр. Онкологиялық аурулардың күшеюі салдарынан қаншама тұрғынның өмірмен қоштасып, зардап шегіп жатқандығын ескерсек, алпауыт компания отырғызған 16 мың көшет дегеніңіз бұйым емес. Ендеше, сессияға арнайы қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «жиырма жылдың алғашқы он жылдығында тал екпесеңіздер де, кейінгі он жылдықта осыны қолға алған болсаңыздар, ендігі жерде отырғызған көшеттеріңіз жайқалып терек, үлкен бақ болып тұрар еді» деп реніш білдіруі де орынды.
Депутаттар тарапынан да компанияның қоршаған ортаға келтіріп жатқан зардаптары төңірегінде сұрақтар қойылды. Айта-айта жаңалық болмай қалған күкірт тасымалдаушы вагондардың Мақат, Доссор кенттеріндегі «тупиктерде» жөндеуден өтіп, тазаланып жатқандығына алаңдаушылық білдірген депутаттар «Вагондар неге өндіріс аймағында тазаланбайды? Зиянды қалдықтар қанша адамның саулығын құртып жатыр?» деген сауал тастады. Бұл сауалға компания өкілдері тарапынан нақты жауап болмады. «Қоршаған ортаға 60 мың тоннадан көбірек зиян келеді екен. Оның қасында 24 млн. теңге бөлінді дегендеріңіз тым аз емес пе?» деген сауалға компания өкілі Нұртас Кенғанов бұл соманың санитарлық қорғау аймағына ғана бөлініп отырғандығын, көгалдандыруға қосымша 34 млн. қаралатындығын мәлімдеді.
«Санитарлық аймаққа бөлген 24 млн. теңге дегеніңіз құдықтан бір шелек су алғанмен бірдей. Сонда сіздер әр бір шақырым сайын бір ағаштан егесіздер ме?» деп осы арада мәселеге араласқан облыс әкімі көгалдандыру бойынша компания тарапынан нақты жұмыс көргісі келетіндігін айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі техногенді мәселенің алдын алуға назар аударуды тапсырды. «Батыс Қазақстан облысында техногенді жарықшақ пайда болған жер бүтін бір елді мекенде жер сілкінісін туғызды. Соның салдарынан тұтас ауыл тұрғындарын басқа жерге көшіруге мәжбүр болдық. Мұндай мәселенің бізде де орын алуы ғажап емес» деген ол ТШО компаниясына қоршаған ортаны қорғауға атүсті қарамауды міндеттеді.

БІЗГЕ БАЛА ЕМЕС,
ДАНА ИМАМ КЕРЕК

Сессия барысында, сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев баяндама жасады. Мешіттерді аузынан уызы кеппеген жастарға емес, көргені мен түйгені мол, аузы дуалы ақсақалдарға билету мақсатында арнайы кеңестер құрылғандығын атап өткен ол, күні бүгінге дейін үш жүзден астам шараның өткізілгендігін, оның 40 мың адамды қамтығандығын жеткізді.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ «БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ»

Сессия отырысында «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалысы жөнінде де мәселе қаралды. Бұл жөнінде хабарлама жасаған облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов «бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыру үшін су жүргізуге тиімсіз елді мекендердің тізімін мәслихатпен бірігіп анықтасақ» деген ұсынысын айтты. Қызығы сол, бағдарлама бүгінде тура мағынасында кедір-бұдыр түрде жүргізіліп жатыр екен. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мәлімдеуінше, мәселен бір ауылда алты-жеті көше болса, жобада екі көше ғана қаралған. «Егер бұл жобаны қайта қарап жүретін болсақ, бағдарламадан кешігіп қаламыз. Бірақ, болашақта бұл жөнінде үлкен әңгіме болады. Екі көшеге су жүрсе, басқа көшедегілер бізге қайда деп атой салмай ма? Осы бағдарлама бойынша көп кемшіліктер бар» деген әкім оларды жоюды тапсырды. Сонда бұл жобаны жасағандар кезінде қайда қараған, ол жағы бізге түсініксіз болып қала берді.
Аталған мәселеге орай пікірін білдірген мәслихат депутаты Сайын Қуанышев адам ағзасының 80 пайызы судан тұратындығын баса айтты. «Демек, біз ауыз су сапасын жақсартпай, тұрғындар саулығын қамтамасыз ете алмаймыз. Бізді бағдарламаның түпкілікті орындалу мәселесі алаңдатып отыр. Бүгінде көптеген елді мекендерде су қондырғылары жұмыс жасамай тұр» деп мәселе көтерді. Бұл орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мердігер мекемелерге қондырғыларға кепілдік беруді міндеттеуді тапсырды.
Сессия жұмысында өзге де маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған