ЖҰМЫС ІЗДЕСЕҢІЗ, ЖӘРМЕҢКЕДЕН ТАБАСЫЗ!

Облысымызда мұндай шараны өткізу дәстүрге айналды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде жұмыссыздықты жою бағытында ауқымды шаруалар қолға алынды. Жүйелі, жоспарлы шаралар негізінде арнайы бағдарлама қабылданды. Тапсырма аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу де оң нәтижесін бере бастады. Кеше Атырауда «СИНОПЭК Инжиниринг» компаниясы жүк ілуші (стропальщик), монтаждаушы, темір ұстасы мамандықтары бойынша жұмыс орындарын ұсынды. Бұл жолы жергілікті жұмыссыздарға басымдық берілді. Жәрмеңкеде әдеттегіше тек түйіндеме қабылданып қана қоймай – кәсіби біліктілікті айқындайтын нақты сұрақтар да қойылды. Сөйтіп, алғашқы күні-ақ біраз адамның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды.

Естеріңізге сала кетсек, «СИНОПЭК ИНЖИНИРИНГ» компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ароматикалық көмірсутекті өндіру кешені» құрылысын қолға алды. Ал, өткен жылы қытайлық оператор жергілікті мамандарды жұмысқа тартуға аймақ басшылығымен келісімге келген болатын. Құжат негізінде бірқатар атыраулық жұмыссыз еңбекпен қамтылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, аталған компания 133 бос орынға сұраныс білдірген. Соған сай басқарма бөлімі мамандықтарға сәйкес келетін 408 жұмыссыздың түйіндемесін жолдаған. Алдын ала құжаттары қаралып, кәсіптері сай болатындарын шақырғанмен, жәрмеңке өткізілетінін естіген басқа жұмыссыздар да үміт артып келген. «Өткен аптада «СИНОПЭК ИНЖИНИРИНГ» елуге тарта электрмонтажшысы мен КИП и А жүк ілушісіне тапсырыс берді. Тоғыз маман сыннан сүрінбей өтіп, нақты жұмысқа қабылданды. Кейбір қызметкерді өздері оқытып алатынын айтты»,-дейді жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Екпінқызы.
Компанияның кадр бөлімінің басшысы Готай Лиден білгеніміз, «СИНОПЭК ИНЖИНИРИНГ»-те төрт мыңнан астам қазақстандық қызмет етсе, мердігер мекемелерінде тағы да екі мыңға жуық жергілікті жұмысшы бар екен. «Біз бүгін үш мамандық бойынша, яғни, сексенге тарта жүк ілуші, темір құрастыру монтажшысы, темір ұстасын қызметке алуға келдік. Жергілікті жұмыспен қамту бөлімімен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеміз. Кадрлардың жас шамасына қарамаймыз. Бәрі де жұмысшының біліктілігіне байланысты. Бірінші тестілеуде сұрақтарға толық жауап бергендерді таңдап, екінші кезеңге шақырамыз. Содан өткендер қызметке қабылданады. Еңбекпен қамтылғандар сегіз сағаттық режиммен бес күн бойы қала ішінде жұмыс істейтін болады»,-деді Г.Ли.
Шынымен де, жұмыс берушінің қойған сауалдарына мүдірместен жауап бергендер де, қиналып қалғандар да болды. Мәселен, жүк ілушіге жүздеген тонна жүк көтеру, оны орналастыру жайында сұрақтар қойылды. Солардың бірі – Болат Қайыржанов. Бұрын Қашаған, Қарабатанда «Бонатти», «СиСиСи» секілді компанияларда жұмыс жасаған ол бүгінде қысқартуға ұшырапты. Бес-алты ай бойы жұмыссыз жүрген Болат құжаттарын жұмыспен қамту бөліміне тапсырған еді. Мамандығы бойынша түйіндемесі аталған компанияға жіберілген соң жәрмеңкеге шақыртылыпты. Бес баланың әкесі, мамандығы бойынша бес жылдық еңбек өтілі бар Болаттың жәрмеңкеден күтер үміті зор. Себебі, жұмыссыздықтың қиыншылығын жігіт ағасы жақсы түсінеді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз