ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

«Руханият пен келісім – бәрінің тамыры мәдениетте. ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде халыққа мұра етуге тиіспіз».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының бастамасымен 1995 жылы құрылды. Содан бері әр өңірде төрағасы аймақ басшысы болып табылатын облыстық хатшылығы жұмыс жасайды. Бүгінде оның құрамында 17 этно-мәдени бірлестік бар. Ал, Атыраудан он екі адам – Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі. Мемлекет басшысы алдымыздағы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады.

 

Міне, осы айтулы мереке қарсаңында, тіпті одан бір жыл бұрын Атырауда облыс әкімінің аппараты жанынан «Қоғамдық келісім және достық үйі» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі құрылып, үш қабатты әсем ғимарат есігін айқара ашты. Осы салтанатты шараға аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы жиналғандарды ұзақ күткен қуанышты оқиға – «Достық  үйінің» ашылуымен құттықтады.

– Бұл шара, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы, – Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Тәуелсіздігімізді жария еткен жиырма жылдан аса уақытта Қазақстанның даму жолы оны мекендеген ұлттардың достығының үлгісі болды. Бұл – барша қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен бірлігінің жемісі. Елбасының алысты көздеген сара саясатының нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келіп, мемлекетімізде ұлттар бірлігі, этникалық бейбітшілік пен қоғамдық келісім салтанат құрды.

Одан әрі аймақ басшысы тәуелсіз еліміздің осы жылдар ішінде қол жеткізген толымды табыстарының бәрі Ұлт Көшбасшысына сенім білдіріп, оның саясатын қолдауынан екендігін айтты. Расында да, Елбасына көрсетілген зор сенім, ізгілікті бастамаларды бірлесіп жалғастыру жас мемлекетіміздің қысқа мерзімде әлемде биік беделге ие болуына мүмкіндік берді.

Бүгінде өңірде жүз шамалы ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп отыр. Солардың бәрі дерлік жергілікті халықпен етене қауышып кеткен. Араларында қыз ұзатып, ұл үйлендіріп, тұрғылықты халықпен әлдеқашан құдандалы болғандары да бар. Жоғарыда айтқанымыздай, өңірде 17 этно-мәдени орталық құрылған. Олар облыс өміріне белсене араласып, достық пейілдерімен бөліседі.

Жақында ғана Атырауда Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумы жоғары деңгейде өтті. Бұл – іргелес қос елдің сан жылдар бойы сыннан өткен берік достығының тағы бір дәлелі.

– Ашылғалы тұрған «Достық үйінде», – деді облыс әкімі, – күллі еліміздегідей тек достық салтанат құрып, бейбітшілік орнасын. Өзара түсіністік пен кең келісім болсын.

 Бұдан кейін «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің ардагері Сейтамин Акаев  ортаға  шықты. Ол – атыраулықтарға жақсы таныс азамат. Сонау соғыс жылдарындағы зұлмат кезінде Жайық жағалауына жер аударылып келген шешен ұлты өкілі қара нанын қақ бөліп берген қазақтардың қайырымдылығын ұмытпаған. Әркез кездескенде айтып жүреді. Өзі де қазақ қызына үйленіп, жапырағын жайып отыр. Қазақтармен құдандалы.

– Біз бұл үйді ұзақ күттік, – деді ол, – сондықтан, үлкен қанағаттанғандық сезімін бастан кешіп тұрмыз. Елбасы саясаты – республикадағы барлық халықты біріктіретін саясат. Ешкім ұлтына қарай бөлінбейді. Әркімнің өз тілінде сөйлеуіне құқы бар. Бірақ, біз – Біртұтас халықпыз. Атыраулықтар да – соның бір бөлшегі.

Тебіреніп кеткен абзал ақсақал кеше ғана өткен форумды да аузына алды. Расында да, соңғы екі-үш жылдың бедерінде Атыраудың бұрынғыдан да сәулеттене түскені кәміл. Форум мұндай көркем қаланың еш ұялмастан қос елдің өкілдерін ғана емес, халықаралық дәрежедегі шараларды ұйымдастыруға да шамасы келетіндігін көрсетті. Форумның жоғары деңгейде өтуіне әр атыраулық өзінше үлес қосты.

Осы жерде облыс әкімі микрофонды қолына қайта алды.

– Атырау халқы, – деді ол, – расында да, сан жылдар бойы бір-бірімен етене араласып, әлдеқашан туған бауырдай ғұмыр кешіп келеді. Көбіңді әуелден де танитынмын, енді осында жұмыс жасаған үш жыл ішінде бұрынғыдан да жақынырақ білдім. Қысқа мерзімде осындай ғимаратты қатарға қостық.

Ал, кеше форум алдында Салтанат сарайы мен көрме залы ашылды. Шара жоғары деңгейде өтті. Оны ресейлік және қазақстандық телеарналар кеңінен таратты. Соны көрген ТМД кеңістігіндегі достарым мен таныстарым қоңырау шалып жатыр. Мен арқылы барлық атыраулықтарды құттықтауда. Соны жеткізгім келеді.

«Видербург» неміс этно-мәдени орталығының төрағасы Александр Думлер де – көпшілікке жақсы таныс. Бірнеше мәрте облыстық мәслихат депутаты болып сайланды, қазір де халық сеніміне ие.

– Мен көптен бері мұндай толқынысты сәтті бастан кешкен жоқ едім, – деді ол. – Пәтерінің кілтін біраз жыл күтіп, енді қоныс тойын тойлап тұрған жан секілдімін. Келесі жылды Елбасы Қазақстан халқы  Ассамблеясы жылы деп жариялады. Ал, біз осындай ғимаратқа бір жыл бұрын, яғни биыл ие болып тұрмыз. Сондықтан, бір шаңырақтың астында Отанымыздың игілігі үшін тату-тәтті тірлік кешетін боламыз.

Александр Думлер облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке Қазақстан-Германия арасында достық қарым-қатынасты нығайтуда сіңірген ерекше еңбегі үшін «Видербург» ассоциациясының 25 жылдығына орай мерекелік медалін табыс етті. Аймақ басшысы да тәуелсіз Қазақстан тарихында шетелдіктермен мұнай-газ саласында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі екінші келісімнің өзінің қатысуымен Германия компаниясымен жасалғанын есіне алды. Бұл сонау 1992 жылы болатын. Соған дейін Қазақстан-Түркия шарты болған-ды. Ал, немістермен бірлесу нәтижесінде құрылған «ҚазГерМұнай» компаниясы бүгін де Қызылорда облысында жемісті жұмыс жасап жатыр. 

«Достық үйінің» ашылу лентасын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің ардагері Сейтамин Акаев қиды. Аймақ басшысы жиналғандармен бірге ғимаратты аралап көрді.

Жалпы, «Қоғамдық келісім және достық» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Серік Биғамбаевтың айтуынша, облыстағы барлық этно-мәдени бірлестіктер енді осында топтасады. Мұндағы концерттік залда әр ұлттың өнерін тамашалауға, арнайы үйірмелерде мемлекеттік тілді үйретуге, шеберханаларда ұлттық нақыштағы бұйымдарды шығаруға, т.б. шараларды ұйымдастыруға жағдай жасалмақ.

…Сонымен, Атырауда әсем «Достық» үйі ашылды. Қоғамда этносаралық төзімділікті, келісім мен ішкі саяси тұрақтылықты қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасақталды. Өңірлік ерекшеліктер мен этнодемографиялық құрылымды ескере отырып, облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға есептелген даму бағдарламасы әзірленді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз