ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҮРДІСТЕРІ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ЭНИ компаниясының Орта Азиядағы, Қиыр Шығыстағы және Тынық мұхиты аймағындағы жобалар бойынша атқарушы тете-президенті Велла Антонионы, «Эни С.п.А.» компаниясының Қазақстан мен Түркіменстанда жобаларды басқару жөніндегі  аға тете-президенті Даниеле Бертореллиді және «Аджип Каспиан СИ» компаниясының басшысы Бруско Гуидоны қабылдады.

 

 Кездесу барысында Велла Антонио Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жоба аясында қызметтерінің аяқталғанын айтып, осынау уақыт аралығында үнемі қолдау білдіріп келген облыс басшысына алғысын білдірді.

 – ЭНИ компаниясы Қазақстанда бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Тоқсаныншы жылдардан бері компания қызметімен жақсы таныспын.  Жобаның алғашқы кезеңінен-ақ кез келген мәселе бойынша қолдауымызды аяған жоқпыз.  Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті бірге шешуге тырыстық, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

 Сондай-ақ, облыс басшысы Каспий Құбыр консорциумының Бас директоры Н.Г.Бруничті қабылдап, компанияның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен әңгімелесті. Бас директор мұнайлы өлке басшысымен кездесу барысында алдағы жоспарларымен бөлісіп, Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск қаласына мұнай шығаруға мүмкіндік бар екендігін айтты.

 Облыс басшысы компанияның өңірдегі әлеуметтік саланың дамуына көрсетіп отырған қолдауларын жоғары бағалады. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз