ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ

Халықтар достығы, бірлік мерекесі өңірімізде кеңінен аталып өтті. Өйткені, «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек. «Исатай-Махамбет» орталық алаңына жиналған көпшілік халық бірлігі мерекесі күні елімізді мекендеген түрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен мәдениетін, өзара достықты паш еткен көріністерге куә болды.

Алдымен, бүгінгі мерекелі күнге арналған салтанатты шеруді Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облысы филиалы бастады. Тізбекті облыс және қала әкімі аппараттары, облыстық басқармалар мен бөлімдер жалғады.
Бұдан соң алаңнан облыстық және қалалық мәслихат депутаттары өтті. Өзінің қалыптасқан 20 жылы ішінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға күш салып келеді. «Жаңару мен жаңаша даму – біздің бүгінгі қалыпты салтымыз» деген ұранымен жүріп өткен облыстық білім беру басқармасына қарасты жалпы білім беретін мектептерде 100 мыңға жуық оқушы білім алады.
«Басты байлық – денсаулық» деген қағиданы берік ұстанған облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық, қалалық емдеу-сауықтыру мекемелерінің қызметкерлері де шерушілер қатарынан табылды. Бүгінде облыс халқына 236 медицина ұжымы, 5000 дәрігер қызмет көрсетуде.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен оған қарасты мекемелер ұжымдары да алаңда болды. Аталмыш басқармаға қарасты 12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және бір олимпиадалық резерв даярлау орталығында 10130 жас пен жасөспірімге тегін қызмет көрсетіледі.
«Біз – бейбітшіл ел ұрпағымыз» деген ұранмен алаңға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұжымы да шықты. Оқу орны тарихы сонау 1950 жылдардың бас кезіндегі екі жылдық мұғалімдер институтынан бастау алады. Бүгінде университетте еңбек ететін 500-ден астам ғылыми-педагог кадрлардың 200-і – ғылым докторлары мен профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер.
Атырау мұнай және газ институты ұжымы – отыз жылдан астам уақыт Қазақстанның батыс өңірінде еліміздің жетекші мұнай-газ және экономиканың өзге салалары үшін жоғары білікті инженер кадрларды даярлап келе жатқан білім ордасы.
Салтанатты шеруді одан әрі Атырау инженерлік-гуманитарлық институты қызметкерлері жалғады. Институтта жоғары білім беру заманауи инновациялық жүйе арқылы жүзеге асырылуда, кәсіби мамандарды жаңаша дайындауға бағытталған технологиялар енгізілген.
Бұдан әрі алаңнан Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымы жүріп өтті. Тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастау алатын зауытта 2100 адам еңбек етеді. Бүгінде зауыт мұнай өнімдерінің 21 түрін шығарады.
Келесі болып «КазТрансОйл» – акционерлік қоғамының батыс өңірдегі бөлімшесінің қызметкерлері бой көрсетті. «КазТрансОйл» – Қазақстан мұнайын экспортқа шығаруда ірі табыстарға жеткен мекеме.
Орталық алаңға «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлері келеді. Ғасырдан астам жер қойнауын игеріп келе жатқан ұжымда 5540 адам еңбек етеді. Олардың арасында қазақ мұнайының бастауында тұрған Ембі өңірінде абыроймен қызмет еткен ардагер мұнайшылардың ұрпақтары да бар.
Салтанатты шеруді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұжымы жалғады. Бөлімше құрылымы 53 станса мен жол бекеттерінен тұратын болса, облыс аумағындағы темір жол көлігі саласында 9000-ға жуық адам қызмет етеді.
Салтанатты шеруде одан әрі «Теңізшевройл», НКОК, АДЖИП ҚКО және Эн Си Продакшн Оперейшнс Компани Би.Ви компанияларының, «Атырау жылу электр орталығы», облыстағы банк филиалдары мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, «Атырау Жарық» және «Атырау су арнасы» КМК, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері сән-салтанатымен жүріп өтіп, ел бірлігін нығайту, ұлтаралық келісімді орнықтыруға осылайша үн қосты.
Барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай болып, бір-бірімен ежелгі достық қатынаста өмір сүріп отырған өңір жұртшылығын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
– 18 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты ХХІ сессиясы өткенін білесіздер. Осы сессияда Елбасы «ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық» деген болатын. Сондай-ақ, Президент әлем түрлі жағдайды бастан өткеріп жатқан заманда ұлтаралық татулық пен толеранттылық қана елдегі тұрақтылық пен дамудың мызғымас кепілі екенін баса айтты. Елбасы атап өткен зор міндеттерді бірлесе орындауға шақырамын.
Биыл Қазақстан халқы ынтымақ пен бірлік мерекесін 18-ші рет тойлауда. Осы жылдар ішінде алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде, бағындырған биіктерімізде еліміздегі барша ұлт өкілдерінің өзіндік үлесі бар. Еліміздегі, облысымыздағы барлық жақсылық, ең алдымен, елдегі тұрақтылықтың, мемлекет пен қоғам бірлігінің, халықтар, ұлттар достығының нәтижесі, жемісі деп есептеймін, – деген Бақтықожа Салахатдинұлы «Бірлік» алтын медалімен ардагер журналист, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев пен облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің шолушысы Любовь Монастырскаяны марапаттады.
Орталық алаңда өткен мерекелік шарада барлық ұлттың өкілдері ұлттық киімде би билеп, ән шырқады.
Атыраулықтар да осылайша халық бірлігі мерекесі күні елімізді мекендеген халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, ұлттар татулығын паш етті. 1 мамыр күні «Исатай-Махамбет» алаңы өлкемізді қоныс еткен ұлттар және олардың дәстүрін, салтын бейнелеген тұрғындармен толды. Әр жерден көңілді дауыстар естіліп, мерекелік көңіл-күй бірден байқалды. «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз