«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан»

ANU 2743 1 Жаңалықтар

Атырау облысының Астанадағы күндері зор ұйымшылдықпен өтті

Еркіндіктің самалымен тыныстап, азаттықта өмір сүргенімізге биыл ширек ғасыр толып отыр. Осы ұлы мерекеге орай, Елбасының тапсырмасымен мемлекетіміздің бас қаласы – Астанада облыс­тардың күндерін өткізу шарасы белгіленді. Арқа төріндегі ару шаһардағы өңірлердің мерекесін өткен сенбі-жексенбіде Атырау облысы жалғастырды. Бас қалаға мұнайлы өлке делегациясын Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастап барды. Екі күнге жоспарланған бағдарлама Атырау облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Астанадағы Атырау облысы күн­дері аясында ұйымдастырылған бірнеше та­ғы­­лымды ­шараға біз де куә болдық.

anu_2578

Атыраудың Астанаға тартуы

«Хан шатыр» ойын сауық-сауда орталығы алаңында екі күн бойы ұйымдастырылған жәрмеңкеге халық ертемен жиналды. Осыған қарап, елордалықтардың атыраулық өнімді жоғары бағалайтындарын аңғаруға болады. Әсіресе, балық өніміне деген сұраныстың жоғары екендігі ерекше байқалды, халық сазан мен көксеркені, сыла мен мөңкені, табан мен жайынды сатып алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.

Жәрмеңке Жылыой, Махамбет, Мақат аудандарының шығармашылық ұжымдары өнерпаздарының әуезді ән, күмбірлеген күйімен өрілді. Сонымен бірге, «Меруерт», «Жұлдыз» би топтары өз өнерлерін көрерменге паш етті.

anu_2593

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде «Дастан», «Сахаман», «Сарайшық», «Слава» шаруа қожалықтары, «Каспий фиш», «Каспий балық», «Амангелді» өндірістік кооперативтері, «1-мамыр», «Асыл-агро» ЖШС және басқа да  атыраулық тауар өндірушілер бірнеше өнім түрін ұсынды. Оның ішінде, балықтың мұздатылған түрлері мен оның дәмді өнімдері, сүт және ет өнімдері, көкөністер мен жұмыртқа бар.

Соңғы жылдары Атыраудың ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, ешкі сүтінің түрлі өнімдері біздің басты брендіміз  және бұл саладағы басты жетістігіміз деп айтуға болады. Ал, «1-мамыр» ЖШС астаналықтарға қораптағы  сүт, ірімшік, қаймақ, йогурттарды дәстүрлі түрде ұсынып келеді.  Жәрмеңкеге «Асыл агро» шаруа қожалығы ет, консервіленген ет пен шұжық өнімдерін алып келсе, Жылыой, Индер аудандарынан келген шаруа қожалықтары шұбат пен қымыз сатты.

Ал, астаналықтар үшін сөрелерде «Алмалы құс» пен «Бақай құс» кәсіпорындарының өнімдерін көру басты жаңалық болды. Соңғы жылдары облыста құс шаруашылығының дамуы халықты жұмыртқамен қамту көрсеткішін 14 пайыздан 100 пайызға дейін арттырды. Осы жолғы жәрмеңкеде 100 мың дана жұмыртқа мен жеті мың дана бөдене жұмыртқасы сатылды.

– «Бақай» ЖШС-нен бұл жәрмеңкеге жиырма мыңдай жұмыртқа алып келдік. Бағасы 18 теңгеден. Сауда жақсы өтіп жатыр. Адамдар ертесімен келіп, кезекке тұра бастады. Сұраныс жоғары, – дейді сатушы Қалжан Сахипова. 

Отыз алты тоннадай балық өнімдерін – «Амангелді», «Каспий фиш» және құрманғазылық «Каспий балық» өндірістік кооперативтері ұсынды. Ал, Индер мен Махамбет аудандарының тауар өндірушілері консервіленген 250 дана қызанақ пен қияр мен салат өнімдерін алып келген.

Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, жәрмеңкеге аймақтағы 36 тауар өндіруші 90 тоннаға тарта жергілікті өнім ұсынған. «Қара алтынның» отаны – Атыраудан шыққан 14 жүк көлігі 16 қыр­күйекте Астана қаласына ат басын тіреді. Атыраудан шыққан ауылшаруашылық өнімдерін бас қаланың тұрғындары қуана қабылдады.

anu_1717

Байқағанымыз, Астана жұртына мұндай жәрмеңкелер қажет-ақ. Қолдарына қос-қостан дорба ұстаған тұтынушылар, әсіресе, балық және ешкі сүті өнімдерін сағынғандарын жеткізді.

– Мен мұндай жәрмеңкелерді жібермеймін, жыл сайын Атырау облысының  азық-түлік жәрмеңкесін асыға күтемін. Осыдан алты жыл бұрын Ақтаудан Астанаға көшіп келдім. Мұнда шығыс өңірлерден балықты жиі әкеліп сатады. Алайда, теңіздің балығына не жетсін! Сондықтан, елге, туған жерге оралғандай боламын. Осы жолы тоғыз келі сазан алдым. Бағасы да арзан, келісі 450-500 теңгеден сатылуда. Ал, базарларда 700 теңгеден тұр. Енді теңіз балығының дәмі бізге көктемге дейін жетеді, – Астана қаласының тұрғыны Гүлсара Үсенова.

anu_1660

Сондай-ақ, жәрмеңкеге келгендер ішінен Атыраудан Елордаға көшіп кеткен біраз жерлестерімізді де кездестірдік.

– Бізді сағындырған –  Жылыойдың шұбаты, Құрманғазының сазаны. Ауылдан дәм келе жатқанын естіп, барлық дос-тумаларымызға хабарладық. 2001 жылы Атыраудан Елордаға көшкен соң, осы жақтан келін түсіріп, құдандалы болдық. Құдаларымызды да бірге ерітіп әкелдік. Олар балық алу үшін кезекте тұр. Әрине, алыс аймақтан мұндай өнімдерді жеткізу оңай емес. Дегенмен, бұл Атыраудың байлығы тек мұнайында ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының да жақсы дамып келе жатқанының көрінісі. Бір қуантатыны мұндай шаралар тек өнім өткізу үшін ғана емес, Астанадағы атыраулықтардың басын қосу үшін де тамаша мүмкіндік. Бүгін жерлестерімізді көріп, бір марқайып қалдым, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бағытқали Бисекен.

anu_1860

«Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау»

Сан ғасыр бойы қазаққа құтты мекен болған Сарыарқа мен Ерке Есілдің жағасында бой түзеген Астана қаласындағы Атырау облысының күндері «Бейбітшілік және келісім» сарайының фойесінде  өңір тарихынан сыр шертетін көрмемен жалғасты. Елордалық тұрғындар мен қала қонақтары Атырау облысының әлеуеті мен жемісті жұмыстарын «сөйлеткен» суреттермен, қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысты.

– Бұл көрмеге 200-ден астам жәдігерді әкелдік. Атырау облысының құрылу тарихынан бастап, өлкемізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары негізінде Ақтөбе-Лаэти, Сарайшық, Қылыш, Борсық қорғандарынан табылған жәдігерлерін Астана жұртшылығына көрсеттік. Сонымен қатар, облысымызда дүниеге келген Сұлтан Бейбарыс, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісовалардың, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов сынды аға-апаларымыздың  мұрағаттық құжаттары мен жеке қолданған бұйымдарын назарға ұсынып отырмыз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рашида Харипова.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өткізген көрме аясында Елорда тұрғындарына сәндік-қолданбалы өнер үлгілері, сондай-ақ, өлкенің тамаша көрікті жерлері мен өнеркәсіптік-экономикалық даму жайлы фотосуреттер көрсетілді.

Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолының көшірмесі, этнографиялық тұрмыстық бұйымдар, ағаш ыдыстар, зергерлік әшекей бұйымдары, қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтың бұйымдарына да астаналықтар ерекше қызығушылық танытты.

Астана төріндегі көрменің басты жаңалығы – домбыралар коллекциясының тұңғыш рет көрмеге қойылуы болды.

– Бұл экспозиция көрермендер назарын ерекше аударды. Өйткені, бұған дейін домбыралар қордан шықпаған еді. Мұражайымызда жалпы қырыққа жуық домбыра коллекциясы бар. Соның ішінде он домбыраны бүгінгі көрмеге қойып отырмыз. Атап айтсақ, биыл 100 жылдығы тойланғалы отырған Хамит Ерғалиевтің, 70 жылдығы аталып өтетін Қаршыға Ахмедьяровтың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешевтің, домбырашы Әзидолла Есқалиев,  домбырашыдирижерҚазақстанның халық әртісі Рысбай Ғабдиев және тағы басқа тұлғалардың домбыралары бар, – дейді облыстық мұражай басшысы.

«Хиуаз» кітабының  тұсаукесері

Атыраулық өнер шеберлерінің гала-концерті басталмас бұрын  қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспановаға арналып жарық көрген «Хиуаз» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

17-09-16-atyrau-7

Атырау облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының қолдауымен журналист Тұрсын Қалимова құрастырған жаңа кітапта Халық Қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың өзі жазып қалдырған «Халқым үшін» және «Под командованием Расковой» атты әскери күнделіктері мен батыр қыздың есімін ұлықтау мәселесін көтерген мақалалар, сұхбаттар қамтылған.

Атырау топырағында дүниеге келіп, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы майданда ерлікпен шайқасқан әскери ұшқыш-штурман, қазақтың қайсар қызы туралы, әсіресе, соңғы жылдары көп жазылып жүр.

Қайсар қыз соғыс кезінде атақты ұшқыш Марина Раскова басқарған түнгі бомбалаушы–ұшқыштар полкінде қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Қанатты қыз Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат ету жолында әуеге үш жүзден аса мәрте көтеріліп, жаудың күшін әлсіретіп, жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Нәзік жүрек жаудан еш қорықпады.  Хиуаз Қайырқызы «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталған. Алайда, көкте оқ пен оттың ортасында ұшып жүріп, талай ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанованың ерлігі әлі де тиесілі ескерілмей келеді.

Кітаптың таныстырылымын жерлес ақын Бақытгүл Бабаш жүргізді. Сөз алған қоғам қайраткері Ирак Елекеев Халық Қаһарманының ерлігі, кейін бейбіт өмірдегі қызметі, адами қасиеттері туралы кеңінен айтты.

– Бізде идеология жоқ дейді. Жастар кімге еліктейді деп жатады. Жастар Хиуаздай апаларына еліктеп өссе болады деп айтар ем.   Оның ерлігі Кеңес Одағы кезінде онша ескерілмеді. Тек тәуелсіздіктен соң ғана Доспанова есімі айтыла бастады. Халық Қаһарманы атағы берілді. Ал, осыдан төрт жыл бұрын Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Бірақ, әзірге тоқтап тұр. Осы бастама соңына дейін жеткізілсе екен, – деді белгілі сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Бөпежанова.

Кітапта Хиуаз Қайырқызының өмірінен сыр тарқатар мұрағат құжаттары мен фотосуреттер де қамтылған.

– Әрине, бұған дейін де Хиуаз Доспанованың соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбектері туралы жазылған жинақтар жарық көрді. Ұшқышқа арналып қаншама өлең жазылды. Оның барлығы Хиуаз Доспанова туралы өзге кітаптарға енгізілгендіктен, оларды мұнда қайталамауға тырыстық. Айта кетерлігі, соңғы жылдары ұшқыш есімін ұлықтауда аз жұмыс атқарылған жоқ. Мәселен, Атырау қаласында Жеңістің 65 жылдығына орай Хиуаз Доспановаға бюст қойылды. Кіндік қаны тамған ауылының бір көшесі бүгіндері батыр апамыздың атымен аталады.  «ЭйрАстана» әуекомпаниясы «Embraer 190» ұшағына «Хиуаз» есімін берген. Ендігі мақсат – Атырауда қазақтың қаһарман қызының есімін халықаралық әуежайға беру. Соғыс ардагерлері мен қоғам қайраткерлерінен, белсенді тұлғалардан құрылған бастамашыл топ осы ұсынысты қолдауды сұрап, құзырлы орындарға ресми хаттар жолдады. Бұл хаттармен де осы  кітаптың үшінші тарауында таныса аласыз. Қазақтың қаһарман қызының есімін Атыраудағы халықаралық әуежайға беру туралы ұсыныс негізінде жазылған, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар да осы тарауға топтастырылды.  Халық оң шешімін күтіп отырған ұсыныс Үкімет тарапынан қолдауға ие болады деген үміттеміз.

Бастамашыл топты Хиуаз Доспанова есімі мен ерлігі туралы деректердің мектеп оқулықтарында жоқтығы толғандырады. Хиуаз есімі қазақтың батыр қыздары Әлия, Мәншүктермен бірге аталса және Елордадан батыр апамызға арналып ескерткіш орнатылса деген армандарымыз да бар.  Бұйырса, бұл күнге де жетерміз. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ. Біздің бұл кітапты жарыққа шығарудағы мақсатымыз – ұшқыш апамыздың жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген естелігін болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Болашақ пен өткеннің арасына алтын көпір болу. Осы мақсатты жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Атырау облысы әкімдігіне алғысымыз зор, – деді кітапты құрастырған жерлесіміз, әріптесіміз Тұрсын Қалимова.

 Өлке өнерінің өркенді өрісі

Елордадағы Атырау облысы күндерінің бағдарламасына сәйкес өлке өнерпаздарының гала-концерті де Бейбітшілік пен келісім сарайында өтті. Кешке Атырау облысы мен Астана қаласы әкімдерінің орынбасарлары Әлібек Нәутиев пен Ермек Аманшаев қатысты.

Еліміздегі төрт Академиялық оркестрдің бірі, екі жыл бұрын Еуропаны аралап, Қазақстанның Франциядағы онкүндігіне қатысқан Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрі мен алты құрлықта Атыраудың атын аспандатқан Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» халық аспаптар оркестрі кешті Айтқали Жайымовтың «Тойбастар» күйімен ашты. Кейін Құрманғазының «Серпер» мен «Сарыарқа» күйлерін, Е.Құсайыновтың «Атырау – Алтын ордасын», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық поэмасын тамылжыта орындағанда, елордалықтар орындарынан тұрып, қошемет білдірді. Біріктірілген оркестрге дирижерлік еткен мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров болды.

Сондай-ақ, баурайында бұйрат-бұйрат құмдары бар, бұйра толқынды теңізі бар, ару ақ Жайық пен Хан ордалы Сарайшығы бар, «қара алтыны» атқылаған өлке – Атыраудың өнер шеберлері – Әсел Қалекешева, Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданова, Аманжан Басығариев, Ардақ Айғалиева, Абдолла Мұханғалиев  және тағы басқалар да өз өнерлерімен астаналықтарды тәнті қылды.

Дәстүрлі әнші-термешілер шеруі де көрермендерді бей жай қалдырмады.  «Мұрагер» фольклорлық ансамблі де төкпелетіп күй шертті. ҚР Мәдениет қайраткері, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Құттыгерей Дүйсеев Құрманғазының «Төремұратын» шебер орындады.  Облыстық филармонияда құрылғанына бірер жыл болған камералық ансамбль де Дженкинстың «Палладио» және Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» шығармаларын орындап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. 

«Арқаға барып, әншімін деме, Атырауға келіп, күйшімін деме» дейді қазақ. Кұрманғазы болып дауылдаған, Дина болып жауындаған, Қаршыға болып сауылдаған, Айгүлге жетіп, алыс-жақынды қауымдаған күй теңізі осы кеште Атыраудан келіп Астанаға құйылғандай болды.

Бұдан басқа атыраулық Қуандық Нұғымаров, Әсет Әлиев, Медет Қарамырза, Венера Машқалиева, Ақмарал Машимова, Хамиль Сүйекбаев әр тақырыптағы әндерді орындап, кештің мәнін одан әрі асыра түсірсе, «Шынарым-ай», «Інжу-маржан», «Жем аруы» би топтары мың бұралған билерімен көрермен жүрегіне жол тапты.

Өсу мен өнудің, даму мен жетілудің дара жолы – ол Тәуелсіздік. Ат үстінде өткен ата-бабалардың асыл арманын бүгінгі ұрпақ күллі әлемге асқақтатып, алаулатып отыр. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламада атыраулық өнерпаздар жан-жақты қамтып, еліміздің бар жетістігін көрсетуге тырысты. Ал, ұсынылған әр нөмірдің  бейнеклиптермен сәйкестендірілуі – өнер кешіне сән мен терең мазмұн қосты. Көрермен қошеметінде шек болмады.

Кеш қонақтары не дейді?

Көңілді шалқытқан кеш

Айтқали ЖАЙЫМОВ, күйші, дирижер, композитор,  Астана қаласы Мемлекеттік филармониясы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері:

– Концерт өте тамаша өтті, жақсы әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен шығып келе жатырмыз. Өнерпаздар тақырыпты жан-жақты қамтуға тырысты. Оркестрдің де күйлерді халыққа жеткізуіне көңілім толды. Екі оркестр біріктірілсе де, бір-бірін толықтырып тұрды. Осы орайда, дирижер Ержан Қитаровтың өнерін ерекше атап өткім келеді. Жас болса да, оркестрді шебер басқара білді. Дирижер ретінде болашағы зор екені анық көрініп тұр. Әншілер мен бишілердің де өнері қатты ұнады.

anu_2641

Өлке өнерінің өркенді өрісі

Бағыт ИМАНҒАЛИЕВ, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның әлеуметтік саясат департаментінің директоры:

– Атыраулықтар Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін, көрмесін Астана шаһарының жұртшылығына паш етіп жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Ал, бүгінгі концерт  жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бағдарламасы да орайлы жасақталған. Қазақстан ортақ еліміз болғандықтан, тек мұнайлы өлкемен шектелмей, Астана туралы шығармаларды да ұмыт қалдырмаған. Арқаның жері мен Атыраудың атырабы толық қамтылған. Жас шебер әншілер мен бишілердің өнерін жылы қабылдадық.

Батыс өңірдің өнері мүлдем бөлек, өзіндік ерекшеліктері бар. Кешті тамашалау барысында жазық даланың кеңдігін, аспанның биіктігін, ақша бұлттардың әдемі көріністерін сезініп, көз алдыма елестеттім. Туған жердің ауасымен  тыныстағандай болдым.

Ал, оркестр туралы ауыз толтырып айтуға болады. Рысбай ағамыздан кейін жақсы серпіліс алған екен. Дирижер де талантты. Оркестрде мінез болуы керек. Ержанның оркестрді басқарудағы мінезіне тәнті болдым.

anu_2743

Арқаны тамсандырған «Інжу-маржан»

Маржан ЕРМЕКОВА, қала қонағы:

– Астанаға Батыс Қазақстан облысынан бір топ ардагер болып қыдырып келгенбіз. Аз ғана уақыттың ішінде елді сағынып үлгердік. Атырау өнерпаздарының концерті жөнінде естігенде бірден жетіп келдік. Екі өлкенің тарихы да ортақ қой. Өнеріміз де жақын. Көршілеріміз тамаша кеш сыйлады. Әсіресе, «Інжу-маржан» би тобының өнеріне ерекше тәнті болдық. Ал, оркестрдің деңгейінің қаншалықты жоғары екендігін көрермен қошеметінен-ақ сезуге болады.

Атырау – күйдің отаны

Ботагөз ЗАЙПОЛҚЫЗЫ, қала қонағы:

– Мен Петропавл қаласынан Елордамызға келдім. Ұялы телефоныма осы кештің өтетіні жөнінде хабарлама түскен болатын. Концерт өте ұнады. Өнерпаздардың шеберлігі, киімдері, сахна мәдениетін ұстауы – бәрі жоғары талапқа сай. Ұжым үлкен дайындықпен келген екен. Атырау жері – күйдің отаны екенін білемін. Оркестр күйді бірінен соң бірін төгілткенде тіпті көзіме жас алдым. Күйге шөлдеп қалған едік, бүгін қазақтың ұлттық өнерін тамашалап, керемет көңіл-күйде отырмын.

Спектакль  көпке ой салды

Атыраудың Астанадағы күндері Елордадағы Жастар театрында жалғасты. Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры  әртістері Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы бойынша қойылған «Мәңгүрт» спектаклін сахналады.

31armrest2

Оқиғада әйгілі «Найман ана» аңызы желісі мен бүгінгі заман келбеті қабат көрсетіледі. Қойылым астарлы шындықты көрермен алдына тосады. Аңыз бойынша, басын бәйгеге тігіп, қауіп-қатерге қарамай, жуандарың тұтқынындағы баласын іздеп келген ананы туған перзенті танымайды. «Сенің әкең – Дөненбай! Сенің атың – Жоламан!» деп, кім екенін есіне түсіргісі келіп ана-жүрек шырылдайды. Алайда, басына тері қапталып, есінен адасқан, құлдыққа жегілген, тек қожайындарын танып, айтқанын екі етпейтін мәңгүрт-перзент анасына садақ кереді. Өз перзенті танымаған ананың жаралы жүрегінің жылауы көрермендерді толқытады.

Бүгінгі заман… Өз әкелері Қазанғаптың кішкентай ғана аманатын орындамай, «Ана-бейітке» жерлеуден бас тартқан ұрпақтың мәңгүрттігі астаналық көрермендердің жүрегін ауыртты. Ал, досының осы аманатын орындау жолында күрескен Едігеге бәрі қарсы шығады.

– Мәңгүрттік – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге тән өзекті мәселе. Ұлттық құндылықтарымыздың жойылып, жалпы айтқанда, адамның мәңгүртке айналып бара жатқандығын көрсетуге тырыстық. Бұрын күш көрсету арқылы адам есін жоғалтса, қазір рухани тұрғыда мәңгүртке айналып бара жатыр.  Мәңгүрт дегеніміз өмір сабақтастығының үзілуі, есін жоғалту ғой. Біз осы үзікті жалғағымыз, өткеніміз бен болашағымызға енжар қарайтын жастардың жанына осыны жеткізгіміз келеді. Әртістер де барын салды, – дейді спектакльдің қоюшы режиссері Гүлназ Қамысбаева.

Айта кетсек, Гүлназ Қамысбаеваның бұл алғашқы жұмысы деуге болады. Сондықтан, осы шығарманы таңдар алдында оның бойында үрей болған. Өйткені, күрделі шығарма екені сөзсіз. Осыдан бес жыл бұрын Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдап, дипломдық жұмысында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасын қойды. Ал, маман ретінде осы классикалық шығарманы сахналауға кіріскен.

– Қойылымда тіл, жер мәселелері астарлы түрде көтеріледі. Сондықтан, Найман ана кезіндегі мен қазіргі заманғы мәңгүрттің киім үлгісін, қозғалысын бірдей етіп шығардық. Мұндағы айтпақ ойымыз, заман өзгергенімен, адамның ой-санасы мәңгүрттік күйде қалып жатыр, – дейді қойылым суретшісі Тимур Қоесов.

maxresdefault

Ол Винсент Ван Гог есімді импрессионист суретшінің «Қамаудағы тұтқындар» деген суретін көргеннен кейін идея туындағанын айтады. Мұнда автор айналма және тік композицияны пайдаланған. Бұл суретте Винсент өзінің автопортретін салған. Басқа тұтқындар бастарына бас киімдерін киіп, төмен қарап бара жатса, ол өзі көрерменге тіке қарап тұр. Яғни, бұл оның сол кездегі заманның ағымына, қоғам пікіріне іштей қарсылығы бар екенін аңғартады.

Классикалық драмада Найман ана рөлінде ҚР «Мәдениет қайраткері» Айнагүл Мұхтарова ойнаса, мәңгүрт Сәбитжанның бейнесін Нұрбек Съезхан шебер сомдады. Ал, Сәбитжанның қарындасы Айзаданың образын Гүлдана Көшербаева жеткізді.

– Бұл – менің жиырма үшінші рөлім, – дейді мәңгүрттің рөлін сомдаған Нұрбек Съезхан. – Мәңгүрттің бейнесін сомдау үлкен жауапкершілікті жүктеді. Өйткені, бар проблеманы жеткізу оңайға соқпады. Бірақ, дайындықтың арқасында мақсатымызға жете білдік деп ойлаймын. Қазіргі қоғамның қайда кетіп бара жатқандығын көрсете алдық деп үміттенеміз. Бағасын халық береді.

P.S. Осылайша шынайы мерекелік көңіл-күйде өткен Атырау облысының Астанадағы күндеріне Елорда тұрғындарының көңілі толды. Бұл екі өңір арасындағы  байланыстарды нығайта түскен жарқын және айрықша мәдени оқиға болды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Атырау – Астана – Атырау.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Айдана

    Өте жақсы жоғары дәрежеде жазылған

  2. Нұржан

    Атыраудың бастамасы бас қаламыз Астанада өткеніне қатты қуаныштымын! Осындай шаралар жалғасын тапсын:

  3. Сағынтай

    Игі шара өткен екен. Осындай аймақ күндері жыл сайын өткізілсе қандай жақсы. Бұл өңірлердің мәдени деңгейін ғана көрсетіп қоймаймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалынан да сыр шертеді. Еліміздің бас қаласында Атыраудың әнұраны шалқып, көңілі балқығанға, күйі күмбірлеп, шаһары гүлденгенге, биі биленіп, еңбегі еленгенге не жетсін, шіркін?

  4. Сәулеш

    Осындай шаралар жалғасын тапсын демекпін. Атырауда да Астана күндері өтсе кері байланыс болар еді.