«ТУҒАН ӨЛКЕ ЖӘНЕ БІЗ»

Осындай тақырыппен ұйымдастырылған облыстық мектеп оқушылары арасындағы бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталды.

 Жастарды игілікті іске жұмылдыру, отансүйгіштікке баулу мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырмасы бойынша «Жас өрен» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігі жас ұрпақты туған өлкенің жетістіктерін заманауи құрылғылар арқылы таспаға түсіріп, игіліктерін жұртшылыққа паш ету үшін байқауды екі ай бұрын жариялаған болатын. Байқауға облысымыздан он бестен астам талапты жас қатынасып, әуесқой бейнекамералармен бейнероликтер дайындады. 

 

Жүлделі үшінші орыннан Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының оқушысы Ербол Сердалиевтің жұмысы көрінсе, екінші орынға Махамбет ауданы, Береке орта мектебінің оқушысы Бекарыс Елеусінов лайық деп танылды. Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Елсүйер Маркстың шығармашылығы жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленді.
Шараны қорытындылаған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мейірім Қалауи Құрманғазы топырағында дүниеге келіп, есімдері алты Алашқа тараған тұлғалар мен өнер иелерінің өнегелі өмірі жайында әңгімелеп, жеңімпаз атанған құрманғазылық талапты жасқа шығармашылық сәттілік тіледі.
Иә, адам баласының өмірін туған жер, өскен ортасынан ешқашан бөле-жара қарау мүмкін емес. Әрбір саналы адам өзінің кіндік қаны тамған жерге, туған қаласына, оның өсіп-өркендеуіне, көркеюіне үлес қосуы тиіс. Сондықтан, «Жас өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырғали Азилов осындай бейнероликтер байқауын жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз