ТОЛҒАҚТЫ ІСТЕР ТҮЙІНІ

селолық  округ  тұрғындары  жиынында  тарқатылды

Атырау қаласына қарасты селолық округтер әкімдері тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есептерін беруде. Геолог селолық округінің әкімі Нұржан Жұмаханов өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, ағымдағы жылға арналған міндеттермен бөлісті. Округ әкімінің есебіне арналған жиынға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қала әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысты. 

Геолог – қаланың бір бөлігі

Геолог селолық округіне қарайтын жеті елді мекенде барлығы 16328 халық тұрады. Ал, округтің жалпы жер көлемі 21637 гектарды құрайды. Атал-ған аумақтың негізгі бағыты өндірістік болғандықтан, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары тіркелмеген.

Геолог және Бірлік селоларындағы Қ.Сәтбаев, Б.Нысанбаев атындағы және Мирас ықшамауданындағы №36 мектептерде бастауыш сыныптардың 1710 оқушысы ыстық тамақпен қамтылған.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне округтен 187 жұмыссыз тіркеліп отыр. 106 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 23 адам «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы оқуға жіберілді.

– Жыл ішінде округ көлемінде жасалған жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады. Тұрғындардың сұранысы бойынша Мирас селосында ауысымында 100 келушіге арналған емхана құрылысы басталған болатын. Жаңа нысан биылғы жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. Күні бүгін іргетасы құйылып, екінші қабатының қабырғалары қаланып, төбе жабындыларының құрылыс  жұмыстары жалғасын табуда, – деді округ әкімі Нұржан Қалыбайұлы.

– Округ бойынша екі балабақшаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірлік селосынан да сыйымдылығы 160 орындық балабақшаның құрылысы «Каспий құбыр консорциумы» компаниясының демеушілігімен салынуда. Қазір құрылыс жұмыстарының елу пайызы орындалды. Ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беретін боламыз. Сол сияқты Бірлік-2 селосынан 280 орындық балабақша құрылысы да аяқтала келді. Қазіргі таңда ішкі жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, аталмыш ауылдан жаңадан берілген жер телімдеріне ұзындығы 18 шақырым табиғи газ құбыры тартылып, іске қосылды. Ауыз су құбыры да тартылуда. Енді көшелерге жол және жаяу жүргіншілер жолдарын салу, аялдамалар орнату, Қарабатан, 496 разъезд елді мекендерінің тұрғындарын көшіру міндеті тұр, – деді округ әкімі Нұржан Жұмаханов. 

Тапсырма орындалуымен құнды

Жиынға қатысқан Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев өткен жылы облыс орталығында, соның ішінде Геолог селолық округінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, шешімін күткен мәселелерді де қалыс қалдырмады.

– Былтырғы жыл – Атырау қаласы тарихында ерекше жыл болды. Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен аймақаралық форумның Атырауда жоғары дәрежеде өтуі біз үшін үлкен жауапкершілік әрі сын болды. Осы ауқымды шара аясында Геологтағы Құрылысшылар көшесіне де жол салынды. Сондай-ақ, бес көшенің жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Тұрғындар көше шамдарын орнату жөнінде ұсыныстар берген болатын. Тиісті құжаттар дайын, – дей келе қала басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы білім беру сапасының әлі де төмендігіне байланысты сын айтты.

Округтегі үш мектеп соңғы алты-жеті жылда пайдалануға берілген болатын. Яғни, бұл жаңа оқу орындарының материалдық-техникалық базалары жыл сайын жаңартылып, оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Былтыр №36 мектеп химия кабинетімен жасақталса, Б.Нысанбаев атындағы орта мектебіне жылу қазандығы орнатылды. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебіне өртке қарсы дабылқағыштар орнату, мектеп асханасын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталған. Норматив бойынша қала мектептері үшін білім сапасы 52 пайыз болуы тиіс. Ал, округтегі  Б.Нысанбаев атындағы мектебі – 41, №36 орта мектеп – 56, Қ.Сәтбаев атындағы мектебі – 47 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар, қала әкімі округте «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді тарту жұмысы мардымсыз жүріп жатқанын да айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда 16 кәсіпкер округ бойынша аталмыш бағдарлама аясында несие алып отыр екен. Соның ішінде, 14 кәсіпкер мұнда қаладан келіп, қызмет атқаруда. Яғни, бұл – жергілікті жерден тек екі кәсіпкер ғана бағдарлама несиесіне қол жеткізіп отыр деген сөз. Осы мәселеге байланысты қала басшысы округ әкіміне бағдарламаның мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттап, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті тұрғындарды тартуды, кәсіпкерлік саласына жіті көңіл бөлуді тапсырды.

Жиын барысында округтің санитарлық тазалығы жайы да назардан тыс қалмады. Қала басшысы өткен жылы округ бойынша төрт сәби шетінегенін, қылмыстың да көбейіп отырғанын айтты. 

Тұрғындар тілегі – басты назарда

Жиын барысында сөз алған ауыл тұрғындары да округ әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағаларын беріп, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.

Мәселен, Әлібек Түсібәлиев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыс орталығынан соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіш салу жөнінде ұсыныс айтса, Ғұмар Мұсағалиев округ әкімдігі алдына ескерткіш тақта орнатуды сұрады.

Мұнайшы-зейнеткер Қуаныш Айтжан көшелерге бағдаршамдар орнату, қалалық мәслихат құрамына мұнайшы-депутаттарды енгізу,  көше көрнекіліктеріндегі жарнамалардың өзге тілдегі жазуларына мән беру бағытында ұсыныстарын айтты.

– Облыста бүгінде біршама жұмыстар жасалуда. Өзге облыстармен салыстырғанда Атыраудың рейтингісі көш алда тұр, – деп Замрат Шамаров облыс әкіміне село тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, ол Б.Нысанбаев атындағы орта мектебі орналасқан Бекет ата көшесі бойын асфальттау, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінің екі жағына тротуарлар салу, ауыз суды тазарту («құрамында хлор дәмі бар» дейді тұрғындар – ред.) және тағы басқа тілектерін жеткізді. 

Ашық әңгіме арнасы

Тұрғындар тілегіне құлақ түрген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионаты Атырау облысы әкімдігінің меншігіне өткені жөнінде айтты.

– Жиырма жылдан астам уақыт бойы ресейлік әріптестеріміз пансионатты жекеменшігімізге бермей келді. Кейін сол аймақтағы өлке басшыларымен келіссөздер жүргізіп, бір апта ішінде пансионатты өзімізге алдық. Ендігі уақытта пансионаттағы 20 ғимаратты облыс әкімдігінің бюджетінен қаржыландырып, тұрғындардың демалуы мен сауықтырылуына бағытталған ілкімді істер атқарылуда.

– Жаз мезгілінде бұл емдеу пансионаты жанынан ашылған балалардың демалыс лагерінде жыл сайын атыраулық жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қал-ған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін демалады, – дей келе, аймақ басшысы облыста «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өлкеде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамту мәселесіне қатысты тындырылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтып өтті.

Село тұрғындарының қойған сауалдарына да жауап берген облыс басшысы округ және қала әкімдіктеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыс орталығында өлкеден шыққан соғыс ардагерлерінің есімі жазылған тақта орнатылатын болады. Селодан ескерткіш алаң ашу жөніндегі ұсынысқа толық келісемін. Егер дереу жұмыстанса, мерекеге дейін оны да жасап үлгеруге болады. Ауыз судың сапасына да көңіл бөлу керек.

Облыс бойынша ең басты мәселе – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие ошақтарымен қамту. Республика бойынша балабақшамен қамту көрсеткішіне сәйкес біз соңғы орындарда келеміз. Шағын және орта бизнесті дамытуды да нақты қолға алу қажет. Сонымен қатар, Бекет ата көшесі менҚ.Сәтбаев атындағы орта мектептің жолын асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауды тапсырамын, – деп облыс басшысы село тұрғындарын бір қуантып тастады.

Өткенді таразыға салып, келер уақыттың еншісін саралау мақсатында ұйымдастырылған шарада алда жасалар жұмыстар межеленді. Ұсыныстары мен тілектерін айта келген тұрғындар облыста әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлының өзінен естіп, марқайып қалды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

суреттерді түсірген Рахым Қойлыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз