Тайсоған полигоны қайтарылды

 Бұған дейін Ресей Федерациясына қарасты болған Тайсойған полигонындағы жер аумағы биыл Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов атап айтты.

– Тайсойған учаскесінде полигон аймағына жататын 749 мың гектар жер болды. Бұл аймақ соңғы 70 жыл бойы Ресей Федерациясына жалға беріліп, биыл Қазақстанға қайтарылды. Мемлекетаралық келісіммен 125 мың гектар жер полигон аумағында қалдырылды. Қалған 624 мың гектары ауданның жер қорына кірістірілді. Бұл Миялы селосы мен Мақат ауданына дейінгі аумақты қамтиды, – деді Мақсот Сайполұлы. Аудан әкімінің айтуынша, жер ауыл шаруашылығына, мал өсіруге өте қолайлы. Оны мақсатты пайдалану үшін мал азығын дайындаушыларға 269 мың гектарды құрайтын 5 учаске бөлінді.

  Биылғы көктемгі жауынның әсерінен шалғын мол шықты. 80-100 мың тонна шөп дайындау жоспарланды. «Негізінен жерді игеру жұмыстары басталды. Асыл тұқымды мал өсіретін «Абердин-Ангус-Атырау» серіктестігі құрылды. Мұнда биыл 500 бас мал әкелінеді. «Қуаныш» шаруа қожалығы жыл аяғына дейін асыл тұқымды шаруашылық статусын алады. Бұдан басқа мүлдем тіркелмеген шаруашылықтар да құжаттарын рәсімдеуде» дейді аудан басшысы. Айта кету керек, жалпы ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі – 356 мың гектар. Онда 189 шаруа қожалығы жердің 15 пайызын ғана пайдаланып отыр, қалғаны бос жатыр.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз