САРМАТТАР КӨСЕМІ – АЛТЫН АДАМ

ескерткіші Құлсарының қақ төрінде айбын-рухымен асқақтады 

Алтын адам туралы жылыойлықтар, әсіресе, мұражайдан іздеп, әуреге түсіп жүретін жұртшылық, мектеп оқушылары осы уақытқа дейін оның мүсін-бейнесін бір көруге осынша іңкәр болып жүруші еді. Енді міне, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының қақ ортасында Алтын адамның ескерткіш мүсін белгісін ашу салтанатты рәсімі болды. Рәсімге аудан басшылығы мен ардагерлер, өлкетанушылар, кәсіпкерлер мен демеушілер, колледж студенттері мен ұстаздар, жалпы жұртшылық көп жиналды.

Мүсін пердесін аудан басшысы Мақсым Ізбасов пен аудан мәслихаты хатшысы Мұхтар Кенғанов салтанатты жағдайда ашты.

Жиында кіріспе сөз сөйлеп, археолог Зейнолла Самашев бастаған топ зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тапқан бұл тарихи жәдігердің баға жетпес құндылығына және бұл шаруа Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, әлемдік деңгейде еленген ерен оқиға екендігіне баса мән берген өңір басшысы М.Ізбасов мүсін авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, елге танымал дарынды мүсінші Серік Мәтениязовты, демеушілер – «Транс» ЖШС басшысы Әлібек Қабдешевті, «Өмірзақ» ЖШС басшысы Марат Сағынғалиұлын, «Кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Майлыбаевты, «Консалидейтед контрактинг инжиниринг прокьюримент С.А.Л. – офшор» фирмасының бас директоры Гази Анути мен осы фирманың үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Амин Муштаханы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

 «Біздің тарих – ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп кезінде ақын Қадыр Мырза-әлі айтқанындай, шынайы тарихымыздың шаң басқан қатпарлы беттерін кейінгі ұрпаққа мұра етіп ашып жүрген облысымызға белгілі тарихшы әрі өлкетанушы Аманғали Әміржанов өзіне сөз кезегі тигенде туған өлке шежіресін сонау Геродоттан тарқатып, сақ, массагеттер дәуірімен сабақтастырып, өзі туған осы өлкенің батыр, би-шешендерінің есімдерін түгендеумен аруақтарын риза етіп, тереңнен сыр суыртпақтады.

Осынау игілікті, тарихи мән-маңызы бар айтулы шара Елбасы Жолдауында айтылғандай, алдағы жылы атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі оқиғасының беташары іспетті жүрек жылытқан, жанды баураған жылы бір сезімге бөлегендей әсер қалдырды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз