«САРАЙШЫҚ» ДЕЛДАЛҒА СЕНБЕЙДІ

Сондықтан да, коммуналдық базарда бәрі арзан

Елбасының әр аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмасы Атырауда жүйелі жүзеге асып келеді. Міне, сенбі күні «Нұрсая» ықшамауданында есігін айқара ашқан «Сарайшық» коммуналдық базары атыраулық ауыл еңбеккерлерінің өнімдерін қалалықтарға ешқандай делдалсыз тікелей ұсынуға арналған.

 

Жұртшылық көптен күткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов:

– Бүгін игіліктеріңізге ұсынылып отырған сауда орнында әрі арзан, әрі сапалы жергілікті өнім сатылатын болады. Мұның тиімділігі – араға алыпсатарларды араластырмай, өнімнің осында тікелей жеткізілуі. Бұл бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді, – деді.

Аймақ басшысының айтуынша, кейбіреулер жаңа базардың орналасқан жеріне қарсылық та білдіріпті. Сондағы айтар уәжі – орталықтан қашықтығы. Әйтсе де, бұдан басқа үлкен сауда орнын салатын бос орын табылмаған. Әйткенмен, осы маңда да біраз тұрғын үй бар. Мәселен, іргеде «Нұрсая», «Самал», «Өркен», «Тұлпар» тәрізді ық-шамаудандар орналасқан. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік алдымыздағы жылдан бастап автобус қатынасын едәуір жақсартпақ. Соның бәрі жаңа сауда орнының баршаға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Енді бұрынғыдай сенбі және жексенбі күндері Атырау қаласының алаңдарында ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелері ұйымдастырылмайды. Бәрі осында тұрақты сатылады. Базар жанында сыйымдылығы 2330 тонналық қойма бар. Бұл осында дайын өнімдерді сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай сауда орнына Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев пен көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Жанай Беркалиев те разылық танытып, жаңа нысанның ашылу рәсімін жасады.

Енді, жаңа базар несімен ерекшеленеді? Алдымен, ол екі гектар жерді алып жатыр. Жалпы, ауданы 2520 шаршы метр. Барлығы 288 сауда орны белгіленсе, соның 258-і азық-түлікке арналған. Ет пен балық және көкөніс павильондары арнайы бөлінген. Одан әрі, «Сарайшық Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Бисеновтің айтуынша, орынақы құны басқа базарлармен салыстырғанда төмен. Мәселен, ет сататын нүктенің күндік жалдық бағасы 1000, балық – 800, азық-түлік – 700, көкөніс – 500 теңге. Бүгінде «Бірінші мамыр», «Алмалы құс», «Бөдене» және басқа да жергілікті шаруашылықтардың өнімдері сатылуда. Ал, сауданың алғашқы күні байқағанымыз – әр данасы 18-22 теңгеден сатылған жұмыртқаға деген сұраныстың көптігі болды.

Сонымен, табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл қарсаңында атыраулықтар тағы бір игілікке кенелді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз