САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

Облыс мұғалімдерінің тамыз мәслихатында келелі мәселелер сөз болды

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуде облыстың орта балы 74,1-ді құрады. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 2,7 баллға жоғары. Облыста 23 халықаралық, 32 республикалық олимпиада және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары бар. Жарқын жетістіктер легі мұнымен толастамасы анық. Мемлекет тарапынан білім саласына жасалып отырған қолдау мен қамқорлықтың қайтарымы осы болса керек.
«Сапалы білім мен тәрбие беру - Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесінде осы саладағы жасалып жатқан жұмыстар жөнінде кеңірек айтылды.
Кеңеске қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басқарма басшысы Әлібек Шоқпаровтар сөз сөйлеп, облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев баяндама жасады.

БІЛІМДІ ҚОЛДАУ -БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

– Облыс экономикасының тұрақты дамуы, бюджет түсімдерінің болжамнан жоғары болуы білім саласында да көптеген әлеуметтік жобаларды сәтті жүзеге асыруға оң ықпал етуде, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Өткен жылы ашылған білім деңгейі халықаралық талаптарға сай мұнай-газ саласының кадрларын даярлайтын өңіраралық кәсіптік орталықта бүгінде шетелдік оқыту бағдарламасы бойынша 90 жас білім алуда.
Облыс орталығындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылысы аяқтала келді. Үш ауысымдық жүйені жою мақсатында 10 мектеп пен 9 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Екі мектеп, бір балабақша жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Облыста апаттық жағдайда тұрған 11 білім ошағы бар. Олардың орнына салынған бір мектеп биыл пайдалануға беріледі, төртеуі салыну үстінде. Қалған нысандардың жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Елбасының «Балапан» бағдарламасы бойынша да біраз жұмыстар жасалып жатыр. Облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 55,1 пайызға, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 748,1 пайызға жетті.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл колледждер жанынан жалпы қуаты 700 орындық алты студенттік жатақхана салынбақшы. 45 білім беру ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, 95 мектептің спорт залдары мен спорт алаңдарына қажетті құрал-жабдықтар алынады. Қаражат мәселесінде қиындық жоқ. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті алғышарттар жасалып жатыр. 142 білім беру ұйымдарына 2 234 компьютер, 162 мектептің асханасына жабдықтар алынған. Қыркүйек-қазан айларында 30 мектепке электрондық оқыту құралдары, 30 химия кабинеті орнатылады.
Өткен оқу жылының басты жаңалығының бірі – аз қамтылған отбасы балалары мен 37 мыңнан астам бастауыш сынып оқушыларының толық тегін ыстық тамақпен қамтылуы биыл да жалғасады. «Көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан Ресей Федерациясы, Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» пансионаты Атырау облысының меншігіне айналды, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде білім көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген Қазақ-түрік лицейінің 10 млн. теңгенің грантына ие болғанын айта келе, үш түлегі ҰБТ-да ең жоғары баллды бағындырған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның республикада алдыңғы қатардағы білім ошағының бірі екеніне тоқталды.

КӘСІПТІК БІЛІМГЕ -ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басқарма басшысы Әлібек Шоқпаров жаңа ғасырдағы ұстаздар қауымына артылып отырған сенімнің зор екенін атап өтіп, облыс мұғалімдеріне табысты еңбек тіледі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев кеңес жұмысының басты тақырыбы жайында баяндама жасады. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы басымдықтар жайында айтқан басқарма басшысы өңірдегі білім саласының жай-күйіне де тоқталып өтті. «Білім туралы» Заң талаптарына сәйкес білікті жұмысшылар даярлайтын лицейлер колледж мәртебесін алды, – деді Берікқали Сәрсенғалиев өз сөзінде. – Бұл оқу орындары үшін үш деңгейлі кәсіптік білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Колледждер коммуналдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорны ұйымдық-құқықтық нысанына көшірілді. Енді оқу орындары кадрлар даярлау жөніндегі кәсіпорындар өткізетін конкурстарға қатыса алатын болады. Оқу орындарының 86 пайызында шеберханалық құрал-жабдықтар жаңартылды. Биыл да 50,0 млн. теңгеге қажетті жабдықтар алынады».
Елбасы тапсырмасына сәйкес іске асып жатқан дуальдық оқыту жүйесі бойынша облыста 15 кәсіпорын 450 баланы қамтып отыр. Әзірге бұл көрсеткіш аз, бірақ болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Білім беру саласындағы жекеменшік ұйымдар саны әзірге 20 бірлікті құрап отыр. Олардың 14-і балабақша, біреуі жалпы білім беретін мектеп және бес колледж. Олардың бәрі болмағанмен, кейбіреулері мемлекеттік тапсырысты орындауға қабілетті екендерін көрсетіп келеді. Бұл салада әлі де қалыптасып қалған проблемалар бар, сол себепті мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің толыққанды жүйесі керек.
Облыс әкімі бюджеттен тыс қаражаттар есебінен жүз оқушыға оқу ақысын төлеуге көмек көрсетті, алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан әр компания, оқу орындары өз гранттарын тағайындау мәселесін қарастырғандары жөн. Ондай жағдайлар бар. Мысалы, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі осындай он грант тағайындап, мектеп бітірушілер арасында конкурс жариялады, ол жеңімпаздарға тапсырылды. Мұндай шара мектеп бітірушілер арасында қызығушылық тудырып, білім алуға деген ынтасын арттыратыны сөзсіз.
Облыста кадрлар қажеттілігі әлі бар. Осы оқу жылында 178 мұғалімге сұраныс түскен. Әсіресе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орыс тілді тәрбиешілер, орыс тілінде оқытатын мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді. Бұл проблеманы шешу үшін гуманитарлық колледжге орыс тілінде мамандар даярлауға тапсырыс орналастырылып отыр.

МҰҒАЛІМДЕРГЕ -МАРАПАТ

Кеңес барысында Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесінің және деңгейлік курстың білім сапасын көтеруге ықпалы жөнінде №16 орта мектептің мұғалімі А.Оңғарбаева, электронды оқыту: білім беру ұйымдары қызметіндегі оқыту үдерісіндегі жаңалық тақырыбында Исатай ауданы Мәсәлімов атындағы орта мектеп мұғалімі Г.Қапанова, кәсіптік білім беру тиімділігіндегі дуальдық оқыту бойынша Атырау индустриалды колледж түлегі А.Дәулетовалар сөз алды. Сондай-ақ, ағылшын тілін тереңдетіп отытатын техникалық гимназия директоры София Әлібаева әріптестеріне құттықтау тілек арнап, білім ошағына деген қамқорлығы мен ізгі ниеті үшін аймақ басшысына алғысын жеткізді.
Мұғалімдік қызметте атақ пен абыройға қол жеткізу оңай емес. Ол үшін ұзақ жылғы шығармашылық ізденіс, еңбек, шәкірттеріңнің қол жеткізген табысы алғышарт болып есептеледі. Мәртебелі мамандықты лайықты атқарып жүрген бір топ ұстаз бұл күні ескерусіз қалмады. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Сондай-ақ, бұл құрметке №30 мектеп-гимназия директоры Лилия Лигай, «Тағылым» жекеменшік мектебінің мұғалімі Татьяна Нагель, Индер ауданы М.Әуезов атындағы орта мектеп директоры Майсара Киікбаева, С.Қазыбаев атындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінің директоры Сәния Мусиева, №3 мектеп-интернат директоры Бибігүл Аманғалиевалар да ие болды.
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Атырау қалалық білім беру бөлімінің кабинет меңгерушісі Нұрлы Қабдешева, Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық лицей директоры Фаруза Шаңгереева, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық мектеп-гимназия мұғалімі Гүлмарал Әбілова, «Тағылым» жекеменшік мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Айгүл Сұлтанғалиевалар марапатталды.
Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы бір топ ұстазға табыс етілді.
Ал, бірқатар мұғалімдер облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хатын иеленді.
Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 14 928 000 теңгенің сертификатын табыстады.
Білім беру саласының ардагерлері мен биыл орта мектептерге жолдамамен жұмысқа келген жас мамандарға да құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды. Тамыз кеңесі тиісті ұсыныстар қабылдады.

Түйін
Шараны қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы білім мен тәрбиенің қатар жүруі керектігін назардан тыс қалдыруға болмайтынына тоқталды. Өткен оқу жылында мектеп оқушылары арасында алты суицид оқиғасы тіркелген, 743 құқық бұзушылық анықталды. Бұл мектептен тыс тәрбие жұмыстарын жандандыра түсу қажеттігін көрсетеді. Осы бағытта 250 орындық оқушылар сарайының құрылысы биыл басталатын болады. Қазір облыстағы 29 қосымша білім беру орындары оқушылардың 8,4 пайызын ғана қамтып отыр.
Мектеп базаларында қосымша білім беру орталықтарын ашу – күн тәртібіндегі мәселе. Жасөспірім кезеңде теріс діни ағым жетегінде кетіп жатқан оқушылардың да барына тоқталған облыс әкімі тәрбие мәселесін қатаң назарда ұстау қажеттігін ескертті. Өйткені, қай заман, қай қоғамда да тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы.

Бақытгүл БАБАШ.
Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз