«САҒЫНДЫРҒАН ӘНДЕР-АЙ»

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен байқауға өнерлерін әр қырынан көрсетуге талпынған  қалалық, ауылдық мәдениет үйлерінің өнерпаздары, студенттер, еңбек адамдары қатысып, бағын сынады. Сондай-ақ, өткен ғасырдың биін де сахнаға шығарған «Камелия» би ансамблі кеш көркін қыздырса, Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлерінің хор ұжымы да ескі әндерді орындады.

Сахнаға алғаш болып шыққан Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әншісі Мерей Қабдолов Е.Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», Ш.Қалдаяқовтың «Қайдасың» атты әндерін шырқап, көпті қуанышқа кенелтті. Ән мерекесінің әрін ашқан әйгілі Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта», «Өмір өзен», Ә.Бейсеуовтің «Ақ гүлім», «Алтыным» және Е.Хасанғалиевтың, М.Ғаббасовтың, М.Құсайыновтың да әндері тыңдармандардың біріне тәтті мұң, енді біріне ғажап қиял сыйлады.

 

Қазылар алқасына төрағалық еткен білгір музыка маманы Роальд Топчевскийдің айтуынша, қазір «Сағындырған әндер-ай» ретро-фестивалі халықтың тағатсыздана күтетін концертіне айналды. Себебі, мұнда тыңдарман халық әндерімен қатар, дәстүрлі әрі эстрадалық өнермен сусындайды. Бұл байқаудан көптеген таланттардың жоғары шеберлік деңгейін байқадық.

Байқау қорытындысында Қазақ соқырлар қоғамына қарасты оқу өндірістік кәсіпорнынан қатысқан Әмір Үмбетов М.Құсайыновтың «Қуанышым менің», Н.Тілендиевтің «Әкеме» әнімен сахнаға шығып, «Үздік өнер көрсеткені үшін» арнайы дипломымен марапатталды.

Жас пен кәрі жалықпай тыңдап, сүйсінген әндерді шырқаған отбасылық жұп Серік және Салтанат Масалимовтар жүлделі үшінші орынды иеленді. Өнерлі жұп студенттік кезден бері бірге ән шырқап келеді, бірақ, бұл жолы 20-50 жас аралығындағы қатысушылар арасында олар алғаш рет сахнаға шығып, бағын сынады. Өнерлі отбасы  К.Дүйсекеевтің «Ғашықтар жыры», Б.Жұмаділовтің «Қуанышым менің» әндерін орындады.

Екінші орынды Ш.Қалдаяқовтың «Құшақ жайған қандай адам», Е.Хасанғалиевтың «Сағындым сені» әндерімен Атырау қаласы атынан қатысқан  Мейіржан Қабдолов иеленді.

Жүлделі бірінші орын Жұмыскер поселкесіндегі И.Тайманов атындағы орта мектебінің ән сабағының мұғалімі Айбек Қарағойшыға берілді. Айбек әзірбайжандық сазгер П.Бюль-бюль Оглының «Фиалки», М.Ғаббасовтың «Қара көзді қарындас» әнін айтып, өзіндік орындау үлгісімен көптің сүйіспеншілігіне бөленді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз