ҚҰРЫЛЫСШЫҒА ҚҰРМЕТ

Құрылысшылар мерекесі қарсаңында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тәжірибелі құрылысшылардың бірі Надежда Доронинаны қабылдап, оның омырауына «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісін тақты. 
Отыз жылға жуық құрылыс саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан Надежда Доронина - Атыраудағы темір жол вокзалын жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына қатысқан білікті мамандардың бірі. Ол соңғы 10 жылда өзі құрған құрылыс компаниясына басшылық етіп келеді.

Құрылысшыны кәсіби мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс еткен облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы іскер әйелдің жетекшілігімен бүгінге дейін аудандардағы бірнеше мектеп пен балабақшаның, су құбырлары мен өзге де әлеуметтік нысандардың қайта жаңғыртудан сапалы өткендігін, компания басшысының жоғары жауапкершілігі мен мамандардың шеберлігін ерекше атап айтты.
– Бүгінгі қуаныш менің ғана жеңісім емес. Маған үнемі қолдау көрсетіп отыратын ұжымымның да табысы деп есептеймін. Мен өз жұмысшыларымсыз мұндай белестерді бағындыра алмас едім. Барлық құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен шын жүрегімнен құттықтаймын! – деді облыс әкіміне алғыс сезімін білдіріп, қуанышын бөліскен ҚР Құрметті құрылысшысы Н.Доронина.

Әлпеш САДЫҚ,
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз