«ПРЕЗИДЕНТТІК МИЛЯ» САЛАУАТТЫЛЫҚҚА БАСТАДЫ

Еліміздің барлық аймақтарындағыдай, Қазақстан Спорты күні біздің облыста да кең көлемде атап өтілді. Өткен сенбіде жүзден астам атыраулық «Президенттік мильге» жүгірді.

«Президенттік мильге» қатысуға ниет білдіргендер Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының алдына таңертеңнен бастап жиналды. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжанат Қаленова сайыскерлерге сәттілік тілеп, мерекемен құттықтады. «Старт» берілген шақтан мекеме, кәсіпорын басшылары, қызметкерлерінен құралған топ 2400 метр қашықтыққа жүгірді. Қызу жарыста Исатай-Махамбет алаңындағы мәре сызығына алғашқылар болып Әлібек Қазиев, Қайрат Шалабаев, Дулат Хамзин, Азамат Төлебаев, Айбек Құйрықбаев, Артур Айтмағамбетов, Ғабдібек Хабиров, Мұратбек Жаңабаев, Арман Уәлиев, Руслан Шугаепов жетті. Ал, әйелдер арасынан Аида Тілемісова, Ақтолқын Есбергенова, Арай Мерханова, Айгүл Алтыбаева, Роза Өтепова, Гүлнар Мамбетова жеңімпаз атанды. 

 

Гүлжанат Қаленова бұл жолы «президенттік мильге» салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, ветеринарлық зертхана, ауыл шаруашылығы, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, қаржы басқармалары жер қатынастары инспекциясы және тағы басқа мекемелер қызметкерлерінің белсенділігі жоғары болғандығын атап айтты. Жеңімпаз атанғандарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Осылайша, спорт күні атыраулықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз