«ПАРЫЗДЫҢ» ҮШ БАЙРАҒЫ – ЕНШІМІЗДЕ

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, таяуда аталып өткен Индустрияландыру күніне орай Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының «Алтын сапа», «Парыз», «Өндірістегі үздік инновация-2013», «Үздік индустриялық жоба» атты арнайы сыйлықтарының салтанатты жағдайда иелеріне табысталғандығы белгілі. Осы рәсімге арнайы шақырылған атыраулық делегацияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастап барды.

Бөліп айтуға болатын жайт, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында, осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылған республикалық «Парыз» конкурсына облысымыздан «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинацияларымен 20 кәсіпорынның қатысуы қамтамасыз етілген. Бәрекелдісі сол, бұлардың арасынан үш бірдей жергілікті кәсіпорын түрлі номинация бойынша жеңімпаз деп танылды.

ӨНДІРІСТІК ҮЗДІК ТАУАР – ӨЗІМІЗДЕ

Осылардың арасынан «Қазақстанның ең үздік тауары» көрме-конкурсында таңдаулылардың сапынан көрінген «Шеврон Мұнай Газ Инк» Атырау құбыр желісі арматуралары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бас директоры Меңдіғали Саппаев, Атырау қаласы) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясының арнаулы жүлдесі мен екінші дәрежелі дипломды иеленді.
Әрине, еліміз бойынша 150-ден астам кәсіпкерлік субъектісі қатысып, өнімдерін ұсынған байрақты бәсекеде өз жерімізде жұмыс жасап жатқан отандық кәсіпорынның бағы жанып, үздіктер қатарында аталып, марапатталуы оңайлықпен келген жоқ.
Осынау жоғары талғам мен сұранысқа, халықаралық сапа стандарттарына сай келетін, заманауи үлгідегі өнімді дайындап шығаруға маманданған бұл өндіріс орнының тұсауы осыдан жарты жыл бұрын кесілген-ді. Содан бергі қысқа ғана мерзімде зауытта өндірілген тауарлар лайықты тұтынушыларын тауып, талабын қанағаттандыруда.
Нақтылай кетсек, бүгінгі таңда мұнда коммуналдық кәсіпорындардың қажеттілігін қанағаттандыратын, газбен, сумен жабдықтау, кәріз жүйелерінде кеңінен қолданылатын тұрба құбырлары арматуралары дайындалады. Атап айтқанда, диаметрі 80-400 миллиметрлік ауыз су, сондай-ақ табиғи газ бен сыртқы ағынды су және кәріз желілеріне арналған резеңкелі бұрандалар, түрлі қондырғы-құрылғылар оның негізгі өнімдеріне кіреді. Және металдан жасалғандарына қарағанда олардың беріктігі мен төзімділігі басым, жарамдылық мерзімі әлдеқайда ұзақ көрінеді.

ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПОРЫН ДА – БІЗДЕ

Бұдан бөлек, «Парыз» конкурсына жергілікті тауар өндіруші шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санатында қатысып, қорытындысында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» танылған «Атырау Агро Өнімдері» шаруа қожалығына (жетекшісі Владимир Федорович Розметов, Махамбет ауданы) республикалық байқаудың «Алтын белгісі» мен бірінші дәрежелі дипломы бұйырды. Мұндай жоғары марапатқа ол қазіргі заманғы технологиялар мен инновациялық жаңалықтарды өндіріске кеңінен енгізе отырып, агроөнеркәсіп кешенін өрістетуге және аймақтың әлеуметтік тұрғыдан өркендеп, өсуіне қосқан қомақты үлесі үшін ие болды.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМІНЕН ДЕ АЛДАМЫЗ

Әлеуметтік жауапкершілікті алғы кезекке қойған отандық бизнес алпауыттарының аламанында жүлделі орынға қол жеткізгендер ішінде «Інжу-Маржан» («Жемчужина») ЖШС (басшысы Гүлфара Ысмағұлова) де бар. Балық шаруашылығымен шұғылданып, соңғы жылдары су маржандарын көптің игілігіне жаратып, селолық елді мекендердің әлеуметтік ахуалын сауықтырып, инфрақұрылымын жақсартуға белсенді атсалысып, елеулі табыстарды еншілеп те келе жатқан бұл серіктестік ұжымының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясының жеңімпазы атануы – мақтан тұтуға тұрарлық жайт.
Ендеше, біз де жерлестерімізді айтулы жеңістерімен құттықтап, алдағы белестерде де ел игілігі жолындағы істеріне толайым табыстар, бастамаларына сәттіліктер тілейміз!

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз