Париж төрінде – Дина оркестрі

Screenshot 3 Жаңалықтар

Биыл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі шартқа қол қойылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай әлем мәдениетінің астанасы саналатын Париж қаласында Франция-Қазақстан І инвестициялық форумы өткізілді. Сена өзенінің жағалауында өткен мемлекетаралық форумға қатысқан қазақстандық құрамның ішінде Атыраудың делегациясы да болды. Екі ел арасындағы экономикалық және мәдени қатынастар тілге тиек етілген форумда атыраулық делегацияны бастап барған Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев мұнайлы өңірдің Франциямен байланысы туралы әңгімеледі.

ryhaniat

Форумның негізгі бөлігі аяқталысымен, екінші мәдени бөлімі әлем мәдениетінің ұйытқысы болған шаһардағы белгілі «Гаво» классикалық концерттік залында өтті. Франция төрінде орналасқан ғасырдан астам тарихы бар мәдениет сарайында атыраулық Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі концерт қойды. Атырау облыстық әкімдігі мен еліміздің Франциядағы елшілігі осы концертті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан мен Францияның іскерлік қатынасының 10 жылдығына орай ұйымдастырды.

Бұл – 61 жылдық тарихы бар өнер ұжымының осы елге жасаған екінші сапары. Академиялық оркестр осыдан төрт жыл бұрын Фонтенбло қаласында болып, тұрғылықты халыққа концерт берген. Бұл жолы атыраулықтардың дайындап әкелген Ұлы Дала сазын тыңдауға 500-ден астам қонақ жиналды. Олардың көпшілігін жергілікті француздық қазақтар құрады. Жалпы есеппен Франция астанасында 300-ден аса қандастарымыз тіршілік етуде. Сонымен қоса, концертке Францияның саяси, академиялық және іскер топтарының, жергілікті билік органдарының, халықаралық ұйымдар мен елде аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев концерттің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, мәдени шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында өтіп жатқанын, сондай-ақ, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қоса, атыраулық әртістердің гастрольдік сапары Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланысты нығайта түсетініне тоқталып, осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Атырау облысының әкіміне, мәдениет саласының өкілдеріне алғысын айтты. Елші биыл екі ел стратегиялық әріптестігінің 10 жылдығын атап өтіп жатқанына да назар аударды.

«Францияның астанасы мен басқа қалаларында жиі болып тұратын Қазақстанның мәдени шаралары жергілікті қауымға қазақ халқының рухани мұрасының байлығын ғана емес, сондай-ақ, мәдениет дамуының бүгінгі жоғары деңгейін көрсетуге бағытталған. Мұндай шаралар халықтарды жақындастыруға, достық пен бауырластық байланыстарын нығайтуға, осы бағыттағы халықаралық қатынастардың өсуіне ықпал етеді» деген елші жиналған қауымды қонақжай елімізге сапармен келуге шақырды.

Елу үш адамнан құралған Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі өз концертін Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасымен бастады. «Гаво» залына жиналған қалың көрермен бірден сілтідей тынып, жүрек тербетер әсем әуенге елітіп, ерекше күйге бөленді. Одан соң тыңдармандар оркестрдің орындауындағы Ықыластың «Жезкиігі» мен «Аққуын», Түркештің «Көңілашарын», Айтқали Жайымовтың «Думанды ел», Динаның «Әсем қоңыр» шығармаларын тамсана тыңдады. Ал, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Төреханова оркестрдің сүйемелдеуімен Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» мен Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем Алатауыңа» әндерін нақышына келтіріп орындағанда классикалық концерт залына жиналған көрермендер өздерінің орындаушыға деген шынайы ризашылықтарын сансыз гүл шоқтарын берумен білдірді.

Screenshot_3

Осыдан соң сахнаға домбыраның құлағында ойнайтын қазақтың дарынды қызы, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева шығып, Динаның «Науаи», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын» орындап берді. Көңіліңді жадыратар жайлы күйге шөліркеп қалған шетелдіктер толассыз соғылған шапалақтарын аямады. Дархан даланың әсем сазына бөленушілерге оркестр одан соң күй атасы Құрманғазының «Адайы» мен «Серперін» ұсынды. Жаныңа ерекше рух сыйлайтын жауһар күйлер еуропалықтарды бейжай қалдырмады. Тыңдаушылардың жанарында жарқыл пайда болып, олар әр шығармаға таңдай қағумен отырды. Алпыс екі тамырыңды иітіп, тылсым әлемге сапар шектіретін қазақ күйінің қасиеті француздықтарды ерекше тәнті етті.

Жазира даладан келіп, жандарын жадыратып отырған өнерпаздардың өнеріне тамсанушылар келесі кезекте терме тыңдады. Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов Мұхиттың «Айнамкөзі» мен Табыштың «Таңжарбайдың әнін» әуелетті. Майталман орындаушының көмейінен шыққан көрікті сөздер көрермендердің көкіректеріне көл-көсір өсиет құйғандай болды. Атамекенін аңсап жүрген париждік қандастарымыздың жанарына сағыныш жасы ұялағанының куәсі болдық.

Оркестр қазақ композиторларының туындыларынан бөлек, еуропалық композиторлар Юбер Ив Адриан Жироның «Париж аспанының астында», Жорж Бизенің «Смит серенадасы», Иоган Штраустың «Радецкий марш» және «Аң аулау», Сервер Какураның «Ай-петри хайтармасы» шығармаларын да орындады. Талғамы биік француз көрермендері танымал әуендері өздеріне беймәлім аспаптар арқылы ерекше құлпыра естілген кезде еріксіз елжіреді.

Сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Аманжан Басығариев ерекше серпінмен орындап, тыңдармандардың қанын тағы бір мәрте қыздырды. Концерт басталғалы оркестрге дирижерлік етіп тұрған Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер Арман Жүдебаев келесі кезекте қолындағы дирижерлік таяғын қасиетті қара домбыраға ауыстырып, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін күмбірлетті. Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерт оркестрдің орындауындағы Нұрғисаның «Махамбет», Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен түйінделді. Концерт залына жиналғандар тік тұрып, атыраулық өнерпаздарға деген зор қошеметін білдіріп жатты. Кештің соңындағы көпшіліктің қол соғуы овацияға ұласты. Осылайша Париж халқы қазақ өнерінің құдіреті мен ұлттық аспаптардың шексіз мүмкін-дігіне тәнті болды.

Арман Жүдебаев, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері:

– Париж қаласына келіп, шетелдік тұрғындарға қазақтың өнерін, мәдениеті мен күйін көрсеткенімізге қуаныштымыз. Бүгін тек күйлер ғана емес, әлемдік классикалық шығармаларды да орындадық. Халық өте жақсы қабылдады. Қазақтың күйі шет мемлекеттердің төрінде шарықтай берсін!

Даниэль Урбан, Париж қаласының тұрғыны:

– Маған бәрі ұнады. Шынымды айтсам, тек халық музыкасын тыңдайтын шығармын деп ойлағанмын, алайда, концерт мен ойлағаннан да асып түсті: бұл симфониялық фольклор болды. Мен 18-19 ғасырдың классикалық музыкасын ұнатамын. Бірақ, бүгін Орталық Азияның симфониялық композициясы мен ыр-ғақтарын тыңдау өте әсерлі болды.

Александр Дюваль, Париж қаласының тұрғыны:

– Қазақтың музыкасы керемет екен. Әсіресе, «Бұлбұл» әнін орындаған солист пен дирижердің өнеріне тәнті болып отырдым. Осындай концерттер көп болса екен. Біз қазақ өнерін жақын тани берер едік.

Өз тілшіміз,

Атырау – Париж – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз