ӨЗЕН БОЙЫНДАҒЫ ЕЛДІҢ ӨЗЕГІ ТАЛМАЙДЫ

Жыл сайын шілде айының екінші жексенбісінде елімізде      Балықшы күні атап өтілетіні белгілі. Өлкеміздегі басты байлықтардың бірінен саналатын «су маржандарын» аулап, өңдеп, көптің кәдесіне, халықтың игілігіне жаратуда жергілікті балық шаруашылығымен шұғылданатын құрылымдар да еселі еңбек етуде. Кәсіби мерекесін олар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімен қарсы алғалы отыр.

Төл мереке алдында тұрғындарды елең еткізген елеулі жаңалық болды. Атырау қаласынан Жайық жағасында жаңа ауланған «су маржандарының» тірілей тұтынушыларға сатылуын қамтамасыз ететін арнайы сауда орны ашылды. Мұндай базарлықты «Амангелді» өндірістік кооперативі тарту етсе, аймақ басшылығы осынау игілікті іске мұрындық болғанын да атап өткен жөн.

Сәл шегініс жасап, статистикалық деректерді келтірсек, аталмыш саланы дамытудың 2006-2015 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, осы уақытқа дейін бұл салаға жалпы көлемі 152,6 млн. теңге инвестиция тартылған. Тек өткен 2013 жылдың өзінде өңделген балық өнімдерінің көлемі 12,1 мың тоннаны құраған. Есепті мерзімде, балық шаруашылығы құрылымдарының күшімен Каспий теңізінен 6,6 мың тонна, Жайық өзенінен 3,9 мың тонна және Қиғаш бойынан да сол шамада қара балық аулануы қамтамасыз етілген.

Қолымызға түскен мәліметтерден ау қоржынының биыл да олжасыз еместігін аңғардық. Осылайша, келер 2015 жылы Атырау қаласы маңынан өндірістік қуаттылығы (жылдық) 100 тонналық бекіре тұқымдас балық пен 1,0 тонна азықтық уылдырық өндіретін, ал 2019 жылы 100 данаға дейін бағалы балық шабақтарын өсіріп шығару мүмкіндігі бар тауарлы-бекіре фермаларының құрылысын салып, іске қосу жоспарланған. Мұның өзі қазірде жұмыс жасап тұрған балықшылар кооперативтері мен серіктестіктерінің, өнеркәсіптік және ғылыми-зерттеу бағытында қызметтерін ұйымдастырып отырған кәсіпорындар мен мекемелердің де мүмкіндіктерін кеңейтіп, табыстарын молайтуға жол ашары даусыз.

Жұмысын заман талабына, уақыт үрдісіне сай үйлестіріп, тым-тәуір жетістіктерімен көрініп жүрген бірден-бір ұжымдардың қатарында «Амангелді» өндірістік кооперативін (Атырау қаласы) атауға болар еді. Кәсіпорын құрылтайшысы Мұрат Әмірғалиевтің мәлімдеуінше, кооперативтің қамтуындағы балық аулау тартымдары негізінен Жайық пен Қиғаш өзендерінің, сондай-ақ Каспий теңізі мен көршілес Маңғыстау облысының аумағында орналасқан.

Енді, міне, кәсіби мереке қарсаңында жұртшылықты тағы бір жағымды жаңалығымен қуантты. Анығын айтқанда, ау қоржынына ілінген олжаларын сол бойда, тірілей күйінде облыс орталығына жеткізіп, Жайық өзені жағалауынан белгіленген арнайы орындарда арзандатылған бағамен халыққа сатуды ұйымдастырды.

Бағалары да базар нарқынан біраз төмен. Мәселен, ұсақтарының бір данасы 80-100 теңге аралығында болса, ірілерінің (түріне қарай) бір келісі 450-500 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек, мұнда кәсіпорынның өз цехында өңделіп, көрме-жәрмеңкелерге қойылып жүрген өнімдері мен дайын тауарлары да тоңазытқыштарда сақтаулы күйінде келушілердің назарына ұсынылуда. Байқағанымыздай, бұлардың да бағалары 500-2000 теңге аралығында белгіленген.

Айтпақшы, жағалаудағы балық сауда нүктесі тауарларының жеткізілу жағдайына қарай таңертеңнен кешке дейін қызмет көрсетсе,алдағы уақытта ондай орындарды тағы да екі жерден («Атырау» шипажайы маңы мен Жеңіс саябағы аумағынан) ашу көзделген.

Өлкеміздегі, қала берді, еліміздегі балық өнеркәсібінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан кәсіби құрылымдардың санатында Атыраудағы екі бірдей бекіре балығының шабақтарын өсіру зауытын атағанымыз ләзім. Солардың бірі қалаға қарасты Курилкин елді мекенінде орналасқан Жайық-Атырау» зауыты болып табылады. Құрылғанына он жылдан асқан кәсіпорын жылдан-жылға өзіне жүктелген маңызды міндет – соңғы жылдары күрт азайып кеткен бекіре тұқымдастардың түрін сақтап, санын арттыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі де жоспарлы жүргізуді мақсат тұтқан. Осы орайда, ғылыми-зерттеу институттарымен, салалас кәсіпорын-компаниялармен бірлесіп атқарған жұмыстары оң нәтижелерін беріп те келеді.

Зауыт директоры Ғиылман Сәрсемәлиевтің айтуынша, ұжым үшін биылғы белес те олжасыз емес.  – Кезінде газеттеріңізде жарияланғанындай, 31 наурызда, көктемгі балық аулау маусымы басталар тұста Дамбы бойындағы «Золотенок» тартымынан салмағы 150 келіні, ұзындығы 210 сантиметрді немесе 2,1 метрді құрайтын аналық қорытпа балықшылардың ау қоржынына түскен-ді. Дәл осыған ұқсас жағдай 15 сәуір күні қайталанып, бұл жолы 230 келілік, 250 сантиметрлік алып су маржаны олжаланды.

Жалпы, сол сәуір айының ішінде тірілей салмағы 93-140 келілік бекіренің бірнешеуі ауланды. Алдыңғы аталған аналық бекіре тұқымдастардан алынған уылдырық өңдеу, сұрыптау сатыларынан сәтті өткізіліп, нәтижелі аяқталды. Сөйтіп, олардан болашақта бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын өсіріп, жетілдіруге мүмкіндік беретіндей 1886 мың дана қара уылдырық түйіршігін алуға қол жеткізілді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз