ОТАНДЫ СҮЮ – ЖҮРЕКТЕН…

 

jo1Елдігіміздің, егемендігіміздің берік нышаны - Мемлекеттік рәміздер күні өткен Қазақстан патриоттарының VI форумының салтанатты жиынына Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, мерекелік шараны ашты. «Патриот - елін, жерін сүйетін, Отаны үшін отқа түсуге даяр отаншыл адам. Президентіміз бұл атауға өте әдемі, нақты анықтама берді. Яғни, Қазақстанның патриоты болу – Қазақстанды үнемі жүректе сақтау. Қандай тамаша сөз! Мен бұл залда еліміздің нағыз патриот жастары отыр деп сенемін» деген министр жастарға ақ жол тіледі. Одан әрі мәртебелі мейман Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отаншыл жастарға жолдаған құттықтауын жеткізді.
Онда «Мемлекеттік рәміздеріміз - Ту, Елтаңба және Әнұран - Тәуелсіздігімізді әйгілейтін, барша қазақстандықтардың бірлігін танытатын қасиетті де маңызы зор бейне-нышандар. Шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік оның Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады.

Ежелгі заманнан бері Отанына адал ұлдардың айбынды ерліктері, Атамекенге деген шексіз ықыласы кейінгі ұрпаққа елі мен жерін сүюдің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Форум жастар бастамасына серпін беріп, ұлы мұраттарға ұмтылған Қазақстан қоғамын біріктірер айтулы оқиға ретінде өтеді деп сенемін» делінген.
Бұдан соң шараның ең басты оқиғасы «Жыл патриоттарын» марапаттау салтанаты басталды. Ел патриоттары бес номинация бойынша марапатталды. Олардың арасында спортшылар, дәрігерлер, жас ғалымдар, ұстаздар мен дәрігерлер, құтқарушылар және ішкі істер органдарының қызметкерлері бар.
Отанды сүю өркениеттің басты белгісі десек, «Әлем таныған Қазақстан!» номинациясында өз ісіне сүйіспеншілігін Отанға деген сезіммен астастырған, талантына әлем таңдай қаққан тарланбоздар марапатталды. Сайыпқырандарға арнайы сыйлықты табыс еткен Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков «шаңырақ биік болсын деген бейнелеу орындалды, бүгінде Елтаңбамызда көрсетілгеніндей, тереземіз тең, шаңырағымыз кең мемлекет болдық» деп, жастарға ақ жол тіледі. Аталмыш номинация бойынша, «Жыл патриоты» атанғандардың ішінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен де болды. Қуанышын бізбен бөліскен Денис «бүгін мен Америкада болуым керек еді. Бірақ, мен қалдым. Өйткені, өз Отанымның патриоты атану – мен үшін үлкен мәртебе, барлық сыйлықтардан да қымбат» деген ол алдағы жоспарларымен де бөлісті. Мәнерлеп сырғанау шеберін алда Қытайда өтетін әлем кубогімен қатар, Сочи олимпиадасы күтіп тұр. «Еліңнің намысын қорғаудан, еліңнің абыройын асқақтатудан асқан бақыт жоқ. Туған еліңнің Туы көкте желбіреп, Әнұраны әуелеген сәтте ет-жүрегіңді ерекше сезім билейді. Елге деген сағыныштың тәтті сезімі кеудеңді кернеп тұрады. Мұның бәрін сезіндіретін бір нәрсе – көкте желбіреген көк байрақтың құдіреті мен әуелеген Әнұранның қуаты. Алда Сочи олимпиадасы күтіп тұр. Елім үшін тағы ерекше сый жасаймын деп ойлаймын» деді сайыпқыран спортшы.
«Асқақ азаматтық». Бұл номинация бойынша сын сағатта нағыз азаматқа тән іс жасаған бүгінгінің қаһармандары марапатталды. Мейірімділік, қайырымдылық, бір сөзбен айтқанда, өз халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік бойтұмар еткендерге сыйлықты саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов табыстады. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысынан келген криминалдық полицияның жедел уәкілі Ерлан Рүстемов, анасының жүрегін мұқтаж адамға беріп, өзгенің өмірін сақтауға септігін тигізген Игорь Воротников, қостанайлық полицей Ерік Қоянбаев та болды.
Қатардағы қарапайым полицей бола тұра, шешуші сәтте балалар өміріне араша түскен Ерік Қоянбаевпен арнайы тілдескен едік. «Өткен жылдың жазында Тобыл өзеніне батып бара жатқан кішкентай үш қыз баланы құтқарып қалдық. Үстіміздегі жылдың қаңтарында шиіттей екі баласымен отқа орануға шақ қалған ата-ананы өрттен аман алып қалудың сәті түсті. Мен мұны ерлік деп санамаймын. Сын сағатта көмек қолын созу – әр адамның азаматтық парызы» дейді ол.
«Жан жүрегім – Қазақстан!» Шынайы патриотизмнің асқақ шыңынан көрінгендерді Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев марапаттады.
«Біздің бабаларымыз тұмадай тұнық бастау суы лайланса, су таусылады, рух лайланса, ел тұншығады» дейді. Құдайға шүкір, қаншама қиындықты бастан өткерсе де, қазақтың рухы мұқалған кезі жоқ. Керісінше, намысы қайрала түсті. Сол намысы, рухы мықты бабаларымыз бізге осынау ұлан-ғайыр жерді аманаттап, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуын аңсап өтті. Енді, міне, бабалар армандаған тәуелсіз ел болғанымызға 22 жылға аяқ басты, өзіміздің Мемлекеттік Әнұранымыз, Туымыз бар. Еліміз әлемге танылды, Елбасымыздың шетелдерге сапары кезінде, әлемдік спорт додаларында қазақтың Әнұраны шырқалып, Көк байрағы жиі көтерілетін мерейлі күніміз көбейді. Осынау абыройымыз асқақтаған, мерейіміз тасыған қуанышты күндеріміз азаймағай, елін, жерін сүйетін азаматтарымыздың рухы мұқалмағай» деген ол «Жыл патриоты» төсбелгісін табыстады. Атаулы сыйлықты иеленгендердің арасында екі дүркін Азия чемпионы, арыстан жүректі жігіт Шалқар Жоламанов, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері Майдан Құсайынов та бар.
«Өрге қанат қаққан Қазақстан!» номинациясын журналист Оксана Петерс табыстады. Арнаулы сыйлық иеленгендердің арасында шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан атыраулық оқушы Гауһар Заиденова да болды.
Ең кішкентай номинант Бибісара Асаубаева бүгінде бар болғаны тоғыз жаста. Шахматпен 4 жастан бастап айналысып келе жатқан ол бұл ойын түріне атасының үйреткенін айтады. «Бірде теледидардан Александр Костынюкті марапаттап жатқан сәтті көріп қалдым. Сол сәттен бастап, шахматпен айналысуға деген құштарлығым оянды. Күні бүгінге дейін түрлі деңгейдегі 12 алтын, 1 күміс медаль иелендім. Соның ішіндегі 4 алтын медаль халықаралық деңгейде. Бірақ, бүгінгі сыйлықтың мен үшін маңызы ерекше. Елімнің патриоты екендігімді мақтан тұтамын» дейді ол.
Ресейлік ғалымдардың таңдайын қақтырған атыраулық номинант Гауһар Заиденова бүгінде жұмысының көрші ел ғалымдары тарапынан әрі қарай зерттеліп жатқандығын айтады. Қуанышымен бөліскен ол «Елбасы айтқандай, еліміздің болашағы — жастардың қолында. Яғни, елімнің ертеңі мен үшін де маңызды. Осыдан тоқтамай, тек әрі қарай өзімді дамытып, әрі қарай өзімді көрсеткім келеді» дейді.
«Ұлттық мәдениет, дәстүрді дамытудағы үлесі үшін» номинанттарына сыйлықты жазушы, композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов табыстады. Номинанттардың арасында белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов та болды. Қыдырәлінің бастамасымен өмірге келген қазақы қуыршақтарды айтпағанның өзінде, бір ғана «Ұлытау» жобасының күллі қазақты, қазақ мәдениеті мен қазақтың болмысын әлемге танытқаны әмбеге аян.
Бүгінгінің батырларын марапаттаған салтанатты шарада Қазақстанның эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Айгүл Үлкенбаева, Ерболат Құдайберген, «Алашұлы» және «Кеш УОU» топтары өнер көрсетті.
«Еліне, жеріне шынайы беріліп, қиын сәтте Отан үшін отқа түсуге даяр отаншыл адамды патриот деп атаймыз. Міне, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен осындай отаншыл адамдар марапатталды. Мұндай форумның өткізілуінің өзі – әсіресе жастар үшін үлкен тәрбие. Отаншылдық рух болған жерде ғана мемлекет биік белестерден көрінеді» дейді форум делегаты, Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы Серік Жеңісов.
Иә, Отанды сүю – жүректен. Елбасы айтпақшы, «Қазақстанды жүрегінде мәңгіге сақтаған адам ғана нағыз патриот». Көк Туымыз мәңгіге желбіреп, Әнұранымыз асқақтай бергей!

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ МЫЗҒЫМАС ТІРЕГІ
Мемлекетіміз бен егемен-дігіміздің берік негізі саналатын Рәміздер күніне орайластырылған республикалық патриоттар форумы аясында Атырау политехникалық колледжі қабырғасында үлкен кездесу кеші ұйымдастырылды. Әр өңірден келген делегаттардың басын қосқан жиын барысында рәміздер тарихы кең талқыға салынып, түрлі ұсыныс-тілектер айтылды.
Кештің негізгі меймандары қатарында болған белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасы авторларының бірі. Қазақ елінің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін осынау ажырамас атрибутты жасаған белгілі сәулетші Елтаңба туралы жан-жақты әңгімелеп, кештің мән-маңызын арттыра түсті.
Алдымен, атыраулықтардың бастамасымен жүзеге асырылып отырған мұндай салтанатты шараны ұйымдастырушылар мен еліміздің әр түкпірінен келген қатысушыларға алғыс айтқан Жандарбек Мәлібекұлы: «Бұл менің Атырауға алғаш рет келуім. Әсем қаланың келбетін көріп, еліміздің қалыптасып, еңсесін тіктегеніне куә болып отырмын» деген шынайы лебізін жеткізді.
«Елтаңба – үлкен философиялық ойлардың жемісі. Қазақ қашанда ақ тілек арнаған сәтте «Босағаң берік, керегең кең, шаңырағың биік болсын» дейді. Біздің Елтаңбамыз халқымыздың осынау қағидатын негізге алып жасалған. Ол дөңгелек нысанды, көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Ал, шаңырақ – мемлекеттің түп негізі – отбасының белгісі, көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың символы. Оның айналасында күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Қанатты қос пырақ – жақсылықтың нышаны, жасымас жігер, қайрат пен құлшыныстың белгісі» деген Ж.Мәлібекұлы жиылғандар тарапынан қойылған сан сауалдарға да тұшымды жауап берді.
Ал, төл теңгеміздің авторы, еліміздің бас дизайнері, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов теңгенің тарихына тоқталды. «Әуелгі баста осындай ұсыныс келіп түскен сәтте бойымды қорқыныш пен қуаныш қатар биледі. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген, жауапкершілігі мол жұмыстың нәтижесінде «теңге» деп аталатын ұлттық валютамыз өмірге келді» деді ол. Айта кетелік, Тимур Бимашұлы мемлекеттік рәміздердің тұжырымдамасын жасауға атсалысқан. Еліміздің әр түкпіріндегі, әсіресе, Астана мен Алматыдағы бірнеше әсем ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған дизайнер.
Өз кезегінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия мүшесі, белгілі композитор, Қазақ ұлттық өнер академиясының бірінші проректоры Серік Еркінбеков елдіктің белгісіне айналған рәміздерге арнап кең көлемдегі шаралар легін ұйымдастырып отырған атыраулықтарға алғысын білдіріп, Әнұран туралы ой-пікірлерін білдірді. «Мемлекеттік рәміздер – кез-келген елдің қайталанбас дара белгісі. Әнұран да дәл солай. «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның Әнұраны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Естігенде рух беретін, жігеріңді жанитын тамаша туындының музыкасын жазған – дарынды да дара Шәмші ағамыз. Ал, мәтінін жазған белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев» деген ол бүгінгі басқосудың жоғары деңгейде өтіп отырғандығын ерекше атап өтті.
Көптің көкейінде қалар тағылымды кездесуді Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қорытындылады. «Бүгін-еліміз үшін ерекше күннің бірі. Дүниежүзіндегі бірнеше ұлттың ішінде екі жүзге жуығы ғана өз мемлекетін құрған. Сол елдердің арасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы бар. Ата-бабаларымыздың жанын аямай қорғап, кейінгі буынға аманат еткен ұлан-ғайыр еліміздің мемлекеттік рәміздерін өз қолдарымен жасаған ағаларымыз ортамызда отыр» деген Сәрсенбай Құрманұлы мәртебелі меймандармен қатар, барша қатысушыларға «қош келдің» айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. «Бүгін біздің басымызды құрауға себеп болып отырған тек мемлекеттік рәміздер ғана емес, оның астарында тәуелсіздігіміз тұр. Сондықтан, осынау мейрам – еңселі егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің мерекесі. Мемлекет болғасын рәміздері болуы шарт. Ресми түрдегі үш мемлекеттік рәмізімізбен қатар, бейресми төртінші белгіміз бар, ол – ана тілі. Рәміздер мен ана тілімізді құрметтеу – бәрімізге міндет, әр қазақ үшін қасиетті де, қастерлі ұғымдар. Әр адам осы қағидатты ешқашан есінен шығармауы керек» деген сенатор, патриоттық сезім әр жастың бойында болуы қажет екендігін айтып өтті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Гүлжан ӘМІРОВА.

  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз