ОҚУ ТӘЖІРИБЕГЕ ҰЛАСАДЫ

Теориямен қатар тәжірибеге көбірек назар аударатын «АРЕС PETROTECHNIK» колледжінің студенттері кәсіпорындардың өндірісінде тәжірибеден өтуге рұқсатнама алу үшін арнайы курсқа кірісті. Жастар енді кітап пен ғаламтор парақшаларынан оқып танысқан күкіртті сутектен қорғану, теңіз төсіне шығу сияқты нақты жұмысты шынайы түрде жүзеге асырмақ. Мұндай арнайы курс елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы бізге оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Еңбек қауіпсіздігін қалай сақтау керек? Өндірістік нысандарда апат бола қалған жағдайда алдымен не істеу қажет? Күкіртті сутекті ортада жұмыс жасаған жағдайда нендей ережелерді жадында сақтағаны жөн? Каспий теңізіне шыққан шақта апаттың алдын алу жолдары қандай? Курста студенттер осындай сауалдарға жауап табады. Жаттығу жұмыстарының тиімділігі сол – студенттер өндіріске бейімделіп, оқып, ойға түйгендерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік алады. Арнайы курстар «International Safety Standart» ЖШС-нің базасында өткізілуде.
Айта кету керек, Атырау қаласындағы «АРЕС PETROTECHNIK» мұнай-газ саласына мамандарды даярлау және қайта даярлау аймақаралық орталығы – «Кәсіпқор» холдингінің тұңғыш жобасы. Ол студенттерді Оңтүстік Альбертадағы «SAIT Polytechnik» деп аталатын стратегиялық серіктесімен бірлесіп, мұнай және газды өндіру технологиясы, бақылау-өлшеу құралдарының технологиясы және автоматтандыру, кен орындарын пайдалану секілді үш мамандық бойынша кадрлар даярлап шығарады.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз