НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «МАҚСАТ – ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ЖҰРТТЫ ЕҢБЕККЕ ҰЙЫТУ»

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі болып өтті. Өңірлік конференцияда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, дипломатиялық корпус, халық-аралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан съезде кезектен тыс Президенттік сайлауға «Нұр Отан» партиясының атынан үміткер ұсыну мәселесі қаралды.

 Халық үні

Еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауына үміткерлікке нұротандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Съезд барысында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев бүгінгі әлемдік ахуалға, жаһандық дағдарысқа тоқтала келе, мұндай жағдайда ел тізгінін берік ұстайтын азаматты қазір сайлаудың маңызы зор екенін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Президенттікке  ұсыну бастамасына қолдау білдірді. «Бүгін бізге маңызды шешім қабылдап, алдағы сайлауда билік партиясы атынан кандидаттың есімін атау қажет. Қазір ғана танымал қоғам және мемлекет қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев осы ұсынысты жасады. Бұл – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, қоғам және мәдениет қайраткерi, ақын Ақ-ұштап Бақтыгереева «Нұр Отан» партиясының кезектi съезiнде Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттiгiне кезектен тыс сайлауға қатысуға шақырды. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков байтақ елдің Елбасын қолдайтынын атап өтті. «Егер біз 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына енеміз десек, онда біз рухы да асқақ ел болып қала беруіміз керек. Былтырғы жылдың өзінде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жеті облыста республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыстың тақырыбы ұлтаралық бірлік, елдің татулығы, халықтың мұң-мұқтажы болды. Айтыс – дәл осы «Нұр Отан» секілді  халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Елдің сөзін билікке жеткізуші, құр сынаушы ғана емес, жақсылықтарды да жарқыратып айтатын, елді ізгілікке үндейтін өнер» деген ол 2013 жылы қабылданған партия доктринасының ұлттық құндылықтарды ұлықтаған құжат болғанын атап өтті.

Қызылорда облысының әкiмi Қырымбек Көшербаевтың пікірінше, алдағы сайлау – елдік парасат пен жауапкершілік сыналар сәт. «Бүгінгі жетістік «болдым, толдым» дегенді білдірмейдi, ел алдында барды баянды ету мақсаты тұр. Көштің іркіліссіз дамуы үшін Елбасының да кедергiсiз, алаңсыз жұмысына жағдай жасау қажет» деген ол әрбір қазақстандықтың Президентке деген құрметі мен риясыз көңілі тарихи сында шыңдалған шынайы сенімінің белгісі екендігін атап өтті.

Осылайша, қалың бұқараның тілегі жеткізілген съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде қатысатындығын мәлімдеп, сенім артқан қазақстандықтарға алғысын білдірді. Съездің басты жаңалығы да осы болды.

«Өз кандидатурамды тек бір мақсат үшін ғана, алдымызда тұрған  қиын міндеттерді шешуге бағытталған жаңа міндеттерді ұсыну үшін ғана ұсынатын боламын. Мен «қалай Президент болу керек және ол кім болу керек?» деген сауалдарға: «Адам сайлауға өз халқының өмірін жақсарту үшін нақты бағдарламалары мен мақсаттары болғанда ғана баруы керектігін» айтамын. Егер ондай мақсатың мен міндетің болмаса, онда сайлауға қатысудың да қажеті жоқ», – деген Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев сайлау елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін жүзеге асырылатын тетік болғанда ғана мақсаттың орындалатынын атап айтты. 

Тағдырлы тарихи науқан

Президент атап өткендей, алдымызда елiмiз үшiн тағы да бiр тағдырлы тарихи науқан тұр. «Осы жылдардың iшiнде талайынан өттiк. Дегенмен, алда орасан жұмыстар тұр, бiз алға жылжуымыз керек» деген Мемлекет басшысы өткенді сараптай келе, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды мәселелерге тоқталды. «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады. Кеңес Одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүткіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы автокөлік желісі Қытайдан Еуропаға дейінгі аралыққа салынды. Газ құбыры да батыстан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды. Қызылорданың өзі де көркейіп, әлемнің жиырма елінде ғана жүрекке жасалатын операция осында жасалатын болды» деген Президент алда үлкен міндеттер тұрғанын айтты.

Мәселен, екі жылдан кейін 17,5 миллион қазақстандық шығысымен қатар, табысын да декларациялайтын болады. Бұл ел экономикасын дамыту үшін жасалып отырған маңызды қадам болмақ. «Таяуда ғана британдық HSBC банкі өздерінде қаржысын сақтаған бүкіл әлемнің 100 мың адамының тізімін жариялады. Қалаған адамыңды табуыңа болады. Ол жақта біздің отанымыз жоқ, ол жақта ешкім де күтіп отырмайды. Бәрі осында» деген Елбасы мүлкі мен қаржысын заңдастырушылардың ешқандай жауапкершілікке тартылмайтындығын ескертіп өтті. Сондай-ақ, Президент әкімнің немесе министрдің ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызмет жұмысына кедергі келтірмеуі керектігін ескертті.  Президенттің пікірінше, сайлау арқылы басшылық ауысуы мүмкін. Дегенмен, жүргізіп жатқан істің қорғаушысы мен жалғастырушысы болып саналатын мемлекеттік қызмет аппараты өз жұмысын кедергісіз жалғастыруы тиіс. 

Жалақы жүйесі өзгереді

Елбасы әрбір басшы мансап жолын төменнен бастауы тиіс екендігіне тоқталды. Кадр сапасы үшін бірден-бір маңызды қадам саналатын мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы «Кеңес үкіметі кезінде бәрі жаман болды деп айтуға болмайды. Бір басшыны шығару үшін алдымен ол ауылда басшы болып жұмыс істеуі тиіс еді. Содан кейін ауданға, ауданнан қалаға, қаладан облыстық басшылық деңгейдегі қызметке келуі тиіс еді. Одан кейін бастық болушы еді» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің де бір кездері басқарушылық қызметтің барлық сатысынан өткендігін атап өтті.

Елбасы, сондай-ақ, мемлекеттiк қызметтегi жалақы жүйесiн түбегейлi өзгертуді тапсырды. «Қарқынды дамып жатқан Сингапурде мемлекеттiк қызметкерлер дәл осындай қызмет iстеп отырған жекеменшiк компаниядағы еңбеккерлерден тек 20 пайызға аз жалақы алады. Ең жоғары жалақыны Сингапурдың Премьер-министрi алады – жылына 1,7 миллион доллар. Бiрақ, министр миллиардтармен жұмыс жасап, елге қомақты пайда түсiрiп жатса, неге оған жақсы жалақы тағайындамасқа?! Барлығының жалақысын жүйелеу қажет» деген ол мемлекеттiк қызметте атқарылатын реформалардың ең бiрiншi қадамы осы болуы тиiс екендігін айтты.

Съезд барысында судьяларды таңдау, оларға қойылатын кәсiби бiлiктiлiк талаптарының төмендігі, бір сөзбен айтқанда, сот жүйесiнiң әлсiз тұстары Президент тарапынан сынға алынды. Мемлекет басшысының айтуынша, судьялар жабық корпорацияға айналмауы тиiс. Керiсiнше, қоғамға ашық болуы керек. «Судьялар сот жүйесiнде кемiнде бес жыл қызмет iстеген болуы қажет. Олар қатаң iрiктеуден өтуi шарт және аз дегенде бір жыл тәжiрибеден өтуi қажет. Жаңадан алынған судьялар бiр жыл тәжiрибелiк мерзiмде болуы тиiс және оқудан соң сынақ тапсырып, ең мықты дегендерi қызметке алынуы қажет» деген Елбасы инвестициялық дауларды шешуге шетелдiк судьяларды тарту жайын қарастыруды тапсырды.

Полицейлер мәртебесін арттыру қажет

Ашықтық дегеннен шығады, съезд барысында полицейлер мәртебесі де сөз болды. «Полиция қоғамның сенiмiнен шығуы керек. Қазiр қоғам жол-патрульдiк қызметтiң офицерi жол ережесiн бұзғаны үшiн әкiмге немесе министрге айыппұл салатынына сенбейдi. Мен Қасымов (ред. – ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов) туралы тiптi айтпай-ақ қояйын. Мысалы, жақында АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Джон Керримен бiр оқиға болды. Оған өз үйiнiң алдында уақытылы қар тазаламағаны үшiн айыппұл жазып берген. Оның баспасөз хатшысы айыппұлды төлейтiндiгiн мәлiм етiп үлгердi» деген Мемлекет басшысы полицейлердiң мәртебесi мен оның азаматтар алдындағы жауапкершiлiгiн арттыру қажеттігін айтты. «Құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ететiн шаралар жиынтығын жасақтау, ақпараттық технологияларды дамыту, бейнерегистраторлармен қамтамасыз ету қажет. Полицияға кәсiби-психологиялық iрiктеудiң жаңа жүйесiн жасау маңызды. Полицей бiлiктiлiгiн анықтау бойынша сынақтар өткiзiлiп отыруы шарт»  деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сондай-ақ,саяси мәдениет мәселесіне тоқталды. Елбасының пікірінше, көшедегі қарабайыр саясат пен сайлаудан сайлауға дейін өмір сүру ақылды елдің жолы емес. Расымен де, саяси мәдениет болмаған елдегі сайлаудың салдарын бірқатар мемлекеттің қазіргі ахуалынан бағамдауға болады. «Соңғы жылдары кейбір елдердің азаматтары еңбек етуді ұмытты. Наразылық шерулері «сәнге» айналды. Адамдар митингіге шығуға күнделікті жұмысқа барғандай асығатын болды. Себебі, сол үшін оларға арандатушылар жалақы төлейтін болды күн сайын. Осының салдарынан сайлау жұртты біріктіретін емес, бауырларды бөлетін, ағайынды араздастырып, бір-біріне қару кезеңдіретін болды» деген Мемлекет басшысы елге қызмет ету үшін емес, мансап үшін билікке ұмтылудың абырой әпермейтіндігін атап айтты. 

Мемлекеттілікті нығайтудың реформасы

Съезд барысында мемлекеттің ең басты мақсаты өзінің мемлекеттілігін сақтап, адамдардың өмірін жыл санап жақсарту екендігі де айтылды. «Бес институционалдық реформа мемлекет басынан өткеруі тиіс бес қадам болып табылады. Соның арқасында ғана біздің жүргізіп жатқан реформаларымыз тиімді, ал, қоғам мен мемлекет біртұтас, әрі тұрақты болмақ. Барша табысты елдер осы жолдан өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен еліміз ұстануы тиіс жолды көп іздестірдім. Кімнен үйренгеніміз жөн? Сол кезде бізге ұқсас Азия елдері, яғни «Азия жолбарыстары», нақты айтқанда Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия елдері үлгі ретінде алынды. Мен бұл елдерді аралап, олардың тәжірибесін зерттедім. Оңтүстік Кореяға Америка қатты ықпал етсе, Жапонияға да толығымен АҚШ көмекке келді, ал қалған елдер өз бетінше дамып жатты. Қаншама жылдар бойы бұл мемлекеттер авториторизм, диктаторлығы үшін сынға алынды», – деген Елбасы шығыс қоғамында болып жатқан оң өзгерістер көзге шалынғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың бес реформасын ұсынды. Соның бірегейі – ырықтандыруды жалғастырып, мемлекеттік орган жетекшілерінің есептілігін кеңейту қажеттігі. «Бұл бізде жергілікті деңгейде атқарылып жатыр. Мүмкін, интернет арқылы әкімдер жылына екі рет өз жұмысының қорытындыларын жария еткені жөн болар. Екіншіден, қабылданатын шешімдер ашықтығын қамтамасыз ету керек. Азаматтар барлығын көріп отыруы тиіс. Онда жасыратын несі бар? Азаматтарымыз белсенді түрде мемлекеттік органдардың барлық деңгейдегі қабылданатын шешімдеріне тартылуы шарт. Бұған ақпаратқа қолжетімділік туралы жаңа заң негіз болмақ. Оны әзірлеп, қабылдау қажет» деген Елбасы, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен әкімдер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер рөлін арттыруды тапсырды.

Одан әрі азаматтық бюджеттеуді енгізу мәселесі қаралды. «Бұл ретте азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын үйлестіруге қатысуы сөз болып отыр. Мұны, әсіресе, жергілікті жерлерде, аудандар мен өңірлерде, қалалар мен облыстарда ескерген жөн. Төртіншіден, шағым беру жүйесін күшейту қажет. Заңнама азаматтардың қызметкерлер әрекеттеріне қатысты шағым беру мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Бесіншіден, қоғамның өзін-өзі басқаруын кеңінен енгізуді қамту керек. Сол себепті, кезең-кезеңмен мемлекеттік органдар өздерінің жауапкершілік аясын қысқартып, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді азаматтық қоғам институттарына өткізуі керек» деген Президент жоғарыда аталған бес бағытты сәтті жүзеге асыру арқылы мемлекеттік атқарушы органдар мен жалпы билікті сайлаудың жаңа жүйесіне көшуге болатынын атап өтті.

«Нұр Отан» партиясының кезектi XVI съезi барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» құжатын әзірлеуді тапсырды. «Біріншіден, барлық азаматтар бірдей құқықтарға ие болып, бір жауапкершілік жүгін көтеруі және тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге тиіс.

Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы базасында топтастырушы құндылықтар – азаматтық теңдік;  еңбексүйгіштік; адалдық, ғылым мен білімге құштарлық; зайырлы ел – тағатты ел.

Үшіншіден, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің үштұғырлығын дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттігі өсуінің кепілі.

Төртіншіден, біздің басты мақсатымыз, қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді өздерінің этникалық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюы.

Бесіншіден, барлық қазақстандықтар үшін біріктіруші идея – еуразиялық идея, ол қазақстандықтардың азиялық және еуропалық үздік қасиеттерін нақты жинақтайды.

Алтыншыдан, орта тап қазақстандық ұлттың негізі, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың көзі ретінде қарастырылуы тиіс.

Жетіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекет маңызды құжат етіп рәсімдеген жалпыазаматтық құндылықтардың жүйесі ретінде қарастырылуы тиіс.

Сегізіншіден, мектептерде бүкілқазақстандық «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасына енгізу қажет.

Тоғызыншыдан, әрбір дін қазақстандықтарды біріктіруі, бейбітшілік пен келісім ісіне,  қоғам мен экономиканы дамытуға,  мемлекетті нығайтуға қызмет етуі тиіс» деген Мемлекет басшысы жалпыазаматтық құндылықтар жүйесінде «Мәңгілік Ел» идеясының екінші Конституция секілді болуы шарт екендігін айтты.

 

«ҚазАқпарат» материалдары бойынша дайындаған

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз