МЫҢ АЙДАН ДА ҚАЙЫРЛЫ

orazaautҚасиетті Рамазан айы басталды! 
Сейсенбі күні, яғни, 9 шілдеде күллі ислам әлемі асыға күтетін Рамазан айы басталды. Исі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тігінен-тік тұрып тарауих намазын оқып және пітір садақасын берумен жүректерін нұрға шомылдырып, рухани мәре-сәре болады. Өйткені, бұл он сегіз мың ғаламның Жаратушысы - Аллаһ тағаланың пенделеріне мұстақим тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбәрак аяттары түсе бастаған, сексен үш жыл төрт айға тең келетін Қадір түні бар, сондай-ақ, тілек-баталар қабыл болатын қасиетті айы.
Адамзатты имандылық пен қайырымдылыққа үндейтін мүбәрак Рамазан айы баршамызға құтты, қайырлы да, берекелі болғай!
Міне, мұсылман күнтізбесі бойынша айлардың ішіндегі сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Хижра жыл санауына сәйкес, осымен 1434-ші мәрте аталып өтіп отырған бұл ай биыл шілде айының 9-ында басталды.

Айдың алғашқы күнінен-ақ ғибадатханаларда Құран Кәрімнен намаздар оқылып, өлілердің рухына арналып дұғалар бағышталды. Алланың атына жақсы сөздер, Пайғамбарымызға салауат пен мадақ айтылды. Сол күні кешкісін Оразаға бет бұрған ағайын Атыраудағы «Иманғали» мешітінде бас қосты. Алдымен осындағы ақшам намазына жығылып, алғашқы ауыз-ашарға жиылды. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Ғибадат үйінде ұйымдастырылған рәсімге аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, жиналған жамағатты қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, ауыз бекіткен ағайынға жылы лебізін жолдады. Мұндай ізгілікті шаралардың ай бойына жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан кейінгі сөзді ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай Садиев жалғады. Ізгі амалдар мен игі қадамдарға, жақсылық пен рақымшылыққа, береке-бірлікке жетелейтін бұл айдың қадір-қасиеті хақында әңгімеледі.
Айтпақшы, бұл күні мешіт ауласына тігілген киіз үйде жайылған ауызашар дастарханынан 150-дей адам дәм татып, ризашылықпен тарқасты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз