МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ МЕРЕЙІ

Бейсенбіде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов басқа  жұмысқа ауысуына байланысты, осы уақытқа дейін Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментіне басшылық жасап келген Болатбек Омаровты қабылдады.

Жалпы осы салада жиырма жылдан астам үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан Болатбек Бөлемісұлы соңғы үш жарым жыл бойына Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментін басқарды. Осы мезгіл ішінде ол өзін кәсіби білікті маман, шебер ұйымдастырушы, байыпты басшы ретінде танытты.

Болатбек Омаров Каспий қайраңындағы мұнай қорын игерумен байланысты жұмыстарға тартылған кәсіпорындарға қадағалаушы құрылымдар тарапынан тексеру жүргізілуіне ықпал етіп, осында орын алған көптеген заң бұзушылық әрекеттерінің әшкереленуіне септігін тигізді. Аймақта табиғи және техногендік сипаттағы апаттарды болдырмау, төтенше жағдайлардың алдын алу немесе салдарын жою жөніндегі іс-шараларды талапқа сай ұйымдастырып, қалыпты ахуалдың қалыптасуын қадағалап отырды. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы шынайы ризашылығын білдіріп, Болатбек Бөлемісұлына өзінің атынан жазылған Алғыс хатын табыстады.

Болатбек Омаров Атырау облысында қызмет атқарған жылдарында көп нәрсені үйреніп, көңілге түйгенін, аймақ басшылығының қай кезде де қолдау мен көмек көрсетіп, жұмысты бірлесіп, нәтижелі орындалуына септескені үшін рахметін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен басқосуда осы кезеңде Болатбек Омаровпен үзеңгілес жүріп жұмыс жасаған облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары да әріптестіне деген жылы лебіздерімен бөлісіп, игі тілектерін жолдады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз