МӘҢГІЛІК РУХ, ӨШПЕС ДАҢҚ

Атырауда өткен Жеңіс салтанаты
ерлікке тағзымның шынайы үлгісіндей болды
Бір мың төрт жүз он сегіз күнге созылған Екінші дүниежүзілік соғыс әлем тарихында қанқұйлы іздерін қалдырды. Әлемнің қырық мемлекетін қамтыған соғыста талай боздақ туған жерден топырақ бұйырмай жат жерде қалды. Сондықтан да, жаудың жаңбырша жауған оғына қарамай, қасиетті атамекенімізді қасірет отынан қорғаған бір миллион екі жүз мың қазақстандықтың барлығы - біздің батырларымыз. Жеңіс күніне орай Мәңгілік алау басында боздақтар рухына тағзым етіп, арамызда қалған ардагерлерімізге алғыс айтуға арналған шара отты жылдардың осындай қасіретті беттерін еске алды.

Айтулы шараға жиналғандардың саны өте көп болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша гүл шоқтарын қоюға жиналатын облыс орталығындағы мемлекеттік құрылымдардан бөлек, кішкене сәбиіне дейін арқалай жеткен отбасылар, қарақұрым халықтың санында шек болмады. Олардың барлығы да арамыздағы батырларымызды құттықтап, алғыс айтуға, боздақтар рухына тағзым етуге асыққандар еді.
Қан майданда қаза тапқан ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан соң ардагер ағаларымызды барша аймақ, облыс жұртшылығы атынан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады.
– Бұл күні өткенді зерделеу, майдангерлер рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Сұрапыл соғыс жылдарында көп ұлтты халқымыз бірлік пен ұйымшылдықтың, ерлік пен өрліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс болып енген Екінші дүниежүзілік соғысқа Атыраудан 42 мың 500 жауынгер аттанса, оның үштен бірі соғыс даласында мәңгілік тыныштық тапты. Облысымыз бойынша 10 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, төрт жауынгер Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Тыл еңбеккерлері де ерен ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Өңіріміз бойынша 67 адам Социалистік Еңбек Ері атанса, бүгінде солардың бесеуі ғана арамызда, – деген облыс әкімі соғыс ардагерлерінің де жыл санап азайып бара жатқанын айтты. Сондай-ақ, облыс басшысы соғыс жылдарында Атырау өңірінің басына түскен тағы бір қиындық Гурьев-Астрахан темір жол табанын салу болғанын атап өтті. «Жағадан алған жауға оқ болып атылған Атырау мұнайы майдан шебіне оңайлықпен тасымалданған жоқ. Күрделі бұл жұмысқа қариялар мен соғысқа жарамсыз азаматтар, аналар мен әйелдер, жасөспірімдер қатысты. Қаншама балалар шетінеді. Адамдар безгек, құрқұлақ сынды ауруларға шалдықты. Біз кешегі өткен балалық шағымызда соғыстың салдарынан жарсыз қалған талай әйелді, әкесіз қалған балаларды, сұм соғыстан мүгедек болып оралған солдаттарды көріп өстік. Соғыс салған жараны еш уақытта ұмытпаймыз» деген облыс әкімі сөз соңында жағымды жаңалықпен бөлісті. Яғни, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне ай сайын коммуналдық төлем үшін берілетін жәрдемақы көлемі он бес мың теңгеге дейін ұлғайтылатын болады.
Одан әрі негізгі шара басталды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бастады. Миллиондардың қанымен келген Жеңіс күніне арналған атаулы рәсімді одан әрі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жалғады. Одан әрі Мәңгілік алауға Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков пен қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әйіпқали Бекеш, Батыс өңірлік қолбасшылығы, Тәжік-ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлер, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің облыстық департаменті гүл шоқтарын қойып жатты. Атаулы рәсімді облыс орталығындағы барлық мемлекеттік және күштік құрылымдар, кәсіпорындар жалғады.
Жеңіс мерекесіне арналған шара барысында біз де батырларымызды құттықтап, пікір бөліскен едік. Мейірімсіз ажалды көріп, бойындағы бар асылын беріп келген майдангерлердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Жабин Сәрсенғалиев. І Беларусь, ІІІ Украин майдандарына қатысқан ардагер қан майданға 1942 жылы аттанып, 1950 жылы елге оралыпты. «Соғыс аяқталған соң Венгрия, Австрия жерлерінде болуға тура келді. Елге оралған соң бар күш-жігерімізді соғыстан соңғы қираған экономиканы қалпына келтіруге жұмсадық. Біз Отанымыздың бүгінгі бақытты болашағы үшін күрестік. Осынау қасиетті күресте майдан даласында мерт болған боздақтарымызға тағзым ете отырып, елге аман оралған замандастарыма ғибратты ғұмыр тілеймін. Елімізде тек бейбітшілік болсын» дейді батыр. Бүгінде екі ұлы мен бір қызы барына шүкіршілік айтқан ардагер өзінің бақытты екенін жеткізді.
Біз тілдескен екінші ардагеріміз өзін Алексей Белорусов деп таныстырды. Барлаушылар тобының радисті болған жауынгер талай қанды ұрыстарға қатысқан. Сондай шайқастардың бірінде ауыр жараланған майдангер елге тек 1946 жылы оралады. «Барша халыққа, әлем елдеріне тек бейбітшілік тілеймін. Бейбітшілік болса, бақытты өмір де болады» дейді ол. Бүгінде Балықшы кентінде тұрып жатқан ардагер шағын пәтерінің ескілігін айтып қалды. «Тұруға жарамсыз пәтерін ауыстырып береміз деген құзырлы органдар уәдесін тезірек орындаса екен» дейді ардагер. Біз құттықтаған келесі пікірлесіміз тыл еңбеккері Александр Тамбовцев болды. «Соғыс біздің отбасымызда ерекше ізін қалдырды. Өйткені, біз Жеңіс туын жақындатуға тұтас отбасымызбен атсалыстық. Әкем Яков Тамбовцев соғыс басталған жылы майданға аттанып, ауыр жаралануына байланысты 1943 жылы елге оралды. Мен еңбекке он бес жасымнан бастап араластым. Ол кезде бізді мұнайшылар үшін үйлер тұрғызуға жіберген еді» деген еңбеккер де барлық отандастарына бақытты өмір мен денсаулық тіледі. «Біз соғысты көрген ұрпақпыз. Бақыт пен денсаулық сөздері бізге сол үшін де қымбат. Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін балалығымызды да, жастығымызды да, денсаулығымызды да тәрк еттік» дейді ол.
Қала тұрғыны Зинаида Әліпқызы жыл сайын өзінің осы мерекені ерекше толқыныспен күтетінін айтады. «Себебі, әкем де, ағаларым да соғысқа қатысты. Әкем қан майданнан оралмады. Жыл сайын мен әкем секілді майдан даласында қалған барша боздақтарымыздың рухына осы Мәңгілік алау жанына келіп, тағзым етемін. Енді соғыс болмасын. Соғыс балаларды жетім етпесін» деген ол қолындағы гүлін қоюға асығып, кезекті колоннаға ілесіп кете барды.
Иә, сұм соғыс ешкімді аяған жоқ. Талай шаңыраққа қара жамылдырған соғыс тым көп құрбандықты талап етті. Сол кездегі еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін қасіретін сезінген соғысты, бүгінгі бейбіт өмір жолында жан алысып, жан беріскен майдангер батырларымызды жиі еске алып отырсақ, аға буын алдындағы борышымыз да ұмытылмас еді-ау…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз