Мәңгіліктің символы

Screenshot 2 Жаңалықтар

Сонау Қазақ хандығы дәуірінен бастау алатын еліміздің өткенін саралап қарағанда, қатпарлы тарихтың сан парағынан талай оқиғаларды тізбек-теуге болады. Мәселеге елдік, ұлттық сана тұрғысынан қарасақ, жаңа дәуір көкжиегінде еліміздің ресми түрде тәуелсіз мемлекет атануы – тарихи жеңіс. Осы ретте мемлекеттік рәміздердің – Ту, Елтаңба және Әнұранның қабылдануы, жаһандық геосаяси карта сызбасына дара мемлекет ретінде өзгеріс енгізген Қазақ елінің тарихи қадамы болатын.

Screenshot_2

293 эскиз сарапқа салынды

Елтаңба үлгісіне байқау жарияланған кезде, бас сәулетші ретінде Самарқан тастарын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жүрген едім. Ол кезде мен Өзбекстанның Ташкент қаласында тұратынмын. Ал, тарихи конкурс егемендік елең-алаңында, яғни 1992 жылдың бірінші қаңтары күні жарияланды. Конкурс тиісті деңгейде өтуі үшін, мемлекеттік комиссия құрылды. Оған бүгінде марқұм болып кеткен заң ғылымдарының атасы – академик Салық Зиманов төрағалық етті. Комиссия құрамында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге, Серікболсын Әбділдин, Сұлтан Сартаев, қазірде бақилық болып кеткен Әбіш Кекілбаев сынды ел ағалары да болды.

Конкурсқа қатысу алдында толқу болмады емес, болды әрине. Қанша дегенмен, тұтас мемлекеттің тағдыры сарапқа салынатын дүние ғой. «Қалай болады? Жобам қазыларға ұнамаса ше?» деген мәселелер өз алдына, «басты символда нені бейнелеген дұрысырақ?» деген ең негізгі сұрақпен төрт айға жуық уақыт ойланып жүріп, Елтаңба эскизін наурыздың 27-сі күні 173-ші болып тапсырып кеттім. Сөйтіп, конкурстан хабар күтіп жүргенімде, мен тұратын Ташкент қаласына сәуірдің 15-і күні Алматыдан телеграмма келді. Онда Жоғарғы Кеңес отырысына шақырту алғаным туралы жазылған екен. Әрі қобалжып, әрі қуанып Алматыға келдім. Жоғарғы Кеңес отырысы апта сайын өтіп тұрды. Сөйтіп, Ташкент пен Алматының ортасында бір айға жуық уақыт жүрдім. Сол кезде білгенім, конкурсқа барлығы 293 жұмыс келіп түскен екен.

Ою, шаңырақ және пырақ

Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген буын рәміздерде бейнеленген көріністі заңдылық деп қабылдайды. Ол дұрыс та. Десе де, егемендіктің елең-алаңында еліміздің сын сағатты бастан өткергеніне тарих куә ғой. Ақиқатын айтқанда, рәміздер жобасының қай-қайсы да қиындық жағдайында қабылданды. Әлі күнге есімде, конкурс жарияланған сонау қаңтардан бергі қарбаластан кейін, Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысы маусымның төртіне белгіленіп, алдымен Елтаңба мәселесі талқыланды. Депутаттардың қарауына онға жуық жұмыс ұсынылды. Мен жасаған Елтаңба үлгісіне кей депутаттар қарсы шықты. «Бізге ескіліктің сарқыншағы болған киіз үй, оның шаңырағы, жылқылар керек емес» деп атойлаған олар кеңес отырысын кәдімгідей дауға айналдырып жіберді. Шуды басу үшін Әбіш Кекілбаев ағамыз киіз үйдің мағынасына, тарихына тереңінен тоқталып, ұзақ сөйледі. Салық Зиманов ағамыз да «Біздің гербте саяси, экономикалық астар жоқ. Бұл қазақтың болмысы» деп, біз ұсынған Елтаңба үлгісін жанын салып қорғады. Осылайша таңғы сағат тоғыздан бастап талқыға түскен Елтаңба үлгісі кешкі сағат 17.00-де ғана қабылданды.

Одан кейін Жоғарғы Кеңес отырысы Ту мәселесін қарады. Бастапқыда комиссия отырысына күннің астында қыран бейнеленген ақ түсті ту ұсынылды. Әп дегеннен оны қуаттағандар табыла қоймады. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «бұл – Қазақ елінің рәмізі. Сондықтан, онда ұлттық нақыш болуы керек» деп, Ту үлгісіне ою-өрнек салуды ұсынды. Қазіргі таңда әлем кеңісті-гінде желбіреп тұрған көк байрағымыздың жанындағы ою-өрнек осылайша кезінде Президенттің ұсынысымен көрініс тапқан еді. Әнұранды қабыл-дауда да түрлі тартысты жағдайлар орын алды.

Көшпенділер арманының көрінісі

Кейде маған журналистер «бастапқы кезеңде ортақ келісімнің болмауы рәміздердің мазмұнына кері әсерін тигізбеді ме?» деген сұрақты қойып жатады. Шыны керек, рәміздердің қай-қайсысы да ортақ келісіммен қабылдана қоймады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында, Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуміз бірлесіп отырып, үлгіге бірқатар өзгерістер енгіздік. Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдызды алып тастауға тура келді. Кейін Елтаңба үлгісі қабылданғаннан соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «халқымыз әр адамның өз жұлдызы бар» деп айтады. Біз тәуелсіздік алдық. Демек, халқымыздың аңсар арманына айналған біздің жұлдызымыздың өзі тәуелсіздік» деп, бес бұрышты жұлдызды қайта алып қалды. Бастысы, қандай қысылтаяң жағдайларға қарамастан, біз Елтаңбаның мазмұнын сақтап қала алдық. Онда тұтастай қазақтың болмыс-бітімі, ой-арманы көрініс тапқан. Жалпы, дана халқымызда «керегең кең, босағаң берік болсын» деген сөз бар ғой. Сондықтан, Елтаңба жобасын жасауда қазақтың тұрмысымен тікелей байланысты, киіз үйді негізге алдым. Киіз үйдің құрылысы сәулеті жағынан ғана емес, мәдениеті жағынан да терең ұғымға ие. Елтаңбаның екі жақ шетіне мүйізді жылқыларды орналастырдым. Біздің даламызда кезінде осындай жылқы киік болған екен. «Мүйіз тіл-көзден сақтайды» деген де түсінік бар. Сол мүйізде жеті сақина бар. Ол – жеті ата.

Өзіңіз де білетін боларсыз, исламдық бағыттағы діни жазбаларда Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пыраққа мініп, көкке көтерілгені туралы айтылады. Пырақты бейнелеу арқылы шығу тегімізді, дін мен ділімізді көрсеткіміз келді. Тұтастай алғанда,  Елтаңба – Ұлы дала көшпен-ділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.

P.S. Мемлекеттік рәміздер – өте қасиетті ұғым. Оның астарында халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігі жатыр. Сондықтан, рәміздерге деген құрмет әр отбасынан басталуы тиіс.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттiк Елтаңбасының тең авторы

(Арнайы «Atyray» газеті үшін)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз