ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫН ҰЛЫҚТАУ

Тек соңғы жылдары бала дүниеге келгенде төленетін қаржы бес жарым есеге, бір жасқа келгенше төленетін қаржы үш жарым есеге өсті. Мемлекет тарапынан әйел азаматтардың қоғамның барлық саласына белсенді қатысуына, білім алуына, қызметке орналасуына мүмкіндіктер жасалып келеді. Облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 38 жоба жүзеге асса, соның 16-сына қыз-келіншектер басшылық жасап отыр. 163 шаруа қожалығының басшысы - әйелдер. Мемлекеттік қызметтің басында жүргендері де аз емес. Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов еңбек ардагерлері мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген әйелдерді қабылдап, мерекемен құттықтады.

 – Еліміздегі барлық жетістіктерде сіздердің де үлестеріңіз бар, – деді аймақ басшысы. – Қоғамның қай саласы болмасын, қыз-келіншектердің қатысуымен өсіп-өркендеп келеді. Сіздер арқылы облыстағы барлық қыздарымызды, аналарымызды, апаларымызды көк-темнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. 

Осылайша, ақ тілегін арнаған Бақтықожа Салахатдинұлы жиналғандарға ана туралы өлең де оқып берді.

Ел анасы Ділда Матайқызы мереке қарсаңында сый-сияпат жасаған аймақ басшысына деген ақжарма алғысын айта келіп, «Әйел адам – отбасының берекесі. Үйдің шамы өшпесін. Мереке құтты болсын. Азаматтарымыз аман жүрсін»,- деген тілегін арнады.

Салтанатты қабылдау барысында еңбек ардагерлері Мәдина Ғабдісәлімова, Айсұлу Көшекова, Бәтіш Карпекова, Любовь Монастырская, Рашила Мүрсалиева, Нұрлы Айтиева, Сарайшық селолық округі әкімі Алмажай Мәстекова, Исатай ауданынан келген дәрігер Күләш Нұрмановалар да лебіздерін арнады. 

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Махаббат Бекбосынованың Алғыс хатымен Зәуре Тұқфатоллақызы мен Гүлнар Қалқашқызын марапаттады. Облыста мереке қарсаңында Елбасы Жарлығымен жеті көпбалалы ана «Алтын алқамен», 45  ана «Күміс алқамен»  марапатталды. 

Бақытгүл БАБАШ.
Сурет Е.АЛТЫБАЕВТІКІ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз