«ҰЛАНЫМЫЗ ҰЛЫ ЕЛДІҢ»

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында өткен облыстық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы көшбасшыларының ІІІ облыстық форумы осылай аталды. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі форум өңірдің белсенді, дарынды, өнерлі «жасұландықтарының» басын қосты. 

Өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына жауапкершілікті қалыптастыру, «Жас ұлан» ұйымын нығайту және жетілдіру мақсатындағы ауқымды шараға саяси партиялар мен жастар, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және оқушылар қатысты.  

Тағылымды шара «Үздік телевизиялық жоба», «Үздік радиобағдарлама», «Ең жас тілші» және «Үздік блог» сынды секциялық жұмыстар бойынша жал-ғасып, белгілі журналистермен шеберлік сыныптары өткізілді. Оның барысында «жасұландықтар» жаңалықтарды жазу, жеткізу үлгісі, тележүргізушінің шеберлігі, әлеуметтік роликтер режиссурасы, жалпы журналист жұмысының қыр-сырына қанықты. Атырау облыстық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы Мартагүл Қанатовадан білгеніміздей, мұндай шеберлік сыныптары өскелең ұрпақтың шығармашылық потенциалын көтеру, өз ойын, көзқарасын ашық жеткізе білуде маңызы зор. Ал, «Бала би» шешендік өнер сайысы қызықты өтті. Екі қанатқа бөлінген оқушылар би-шешендердің аңыз әңгімелері мен шешендік сөздердің сырын ашып, талдап айтты. 

Форум аясында өткен облыстық конференцияда орта білім беру ұйымдарындағы балалар қозғалысын белсенді ету арқылы қазақстандық  патриотизмді дамытудың жолдары талқыланды. Сонымен қатар, форум қатысушылары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ұйым мүшелерінен құралған «Жас із кесушілер» клубтарының Ұлы Отан соғысына байланысты жинақтаған деректер мен тарихи зерттеу материалдарының көрмесін тамашалады. 

Қоғамдық іс-шараларда белсенді қатысып, оқуда, спортта, шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарда өздерін үздік жағынан көрсеткен жастарға «Ұланымыз Ұлы елдің» жыл жүлдесі табыс етілді.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз