ҚЫЗҒАЛДАҚТАР БІЗДЕ ДЕ ӨСЕДІ

Атырауға арнайы келген Нидерланды Корольдігінің экономика істері жөніндегі министрі Камп Хенк пен Қазақстандағы елшісі Дриссер Ханс бастаған делегацияны қабылдаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осылай деді. Өйткені, әдетте Голландияны «Қызғалдақтар елі» деп те атайды.

 

– Әйтсе де, – деді аймақ басшысы, – бізде ауа райы қатал. Сондықтан, көктемде гүлдеген қызғалдақтар бірнеше күннен кейін солып қалады. Бірақ, біздің іскерлік және әріптестік қарым-қатынастарымыз ұзаққа созылуынан үміттімін.

Облыс әкімі голландиялық кәсіпкерлерді жазы ыстық, қысы салқын өңірге еш нәрседен сескенбестен инвестиция салуға шақырды. Бүгінде Атырауда шетелдіктердің қатысуымен құрылған 900 шамалы бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды. Солардың 12-де ғана Нидерланды елінің үлесі бар. Бұл, әрине, тым аз. Оның үстіне, бұл мемлекет Қазақстан үшін ең бірінші инвестор саналады.

Осы орайда Бақтықожа Салахатдинұлы сонау 1991-1992 жылдары голландиялық «Шелл» компаниясымен жүргізілген алғашқы келіссөздерді еске түсірді. Сол шақта елімізде инвестиция туралы заңдылықтар да жетілдірілмеген, шетелдіктермен әріптестік байланыстың тәжірибесі де толықпаған. Геология министрлігінде мұнай-газ саласына басшылық еткен Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі Нидерланды еліне бірнеше мәрте сапарлаған. Елімізге көп инвестиция қажет еді. Қазақстанда қызмет істеудің тиімділігіне еуропалықтардың көзін жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келді. Әйтеуір, «Шелл» компаниясы еліміздің табалдырығын аттады. Содан бері осында бірнеше жобаға қатысып үлгерді. Бүгінде Қашаған кенішін игерушілердің қатарында.

Сол шақты жадында жаңғыртқан аймақ басшысы меймандарға мұнайлы мекеннің мүмкіндіктерін де айтып өтті. Елбасының өзі «мұнайлы астана» атаған өңірдің экономикасы негізінен көмірсутегі шикізатына бағытталған. Бұл ретте республикалық үлесте Атырау 40 пайызға ие. Қазір облыста әлемге әйгілі екі ірі кен орны игерілуде. Осында қолға алынған кешенді шаралар мәреге жеткен соң елімізде «қара алтын» өндіруде аймақтың үлесі 50 пайызға жетпек. Демек, төрт-бес жылдан соң осы меже алынбақ, өңір экономикасында үлкен дүмпу болмақ. Оның үстіне, Атырауда республика бойынша өнімнің 25 пайызы өндіріледі.

Жалпы, Қазақстан – территориясы жөнінен әлемде тоғызыншы орында. Пайдалы қазба байлықтарының 17 түрі бойынша еліміз дүние жүзінде көшбасшы мемлекеттер қатарында. Үкіметке мұнай-химия кәсіпшілігін дамытуға тапсырма берілді. Инновациялық бағдарламалар қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешеннің өрістеуіне назар аударылды. Елбасы әр өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді. Міне, осы орайда да Нидерланды кәсіпкерлерімен бірлесіп біраз іс тындыруға мүмкіндік бар. Қазір голландиялық тәсілге бейімделген құс фабрикасы құрылысы жүріп жатыр. Ол жылына 37 млн. дана жұмыртқа шығара алады. Бірақ, бұл да аздық етеді. Сондықтан, голландиялық кәсіпкерлермен бірлесіп осындай құс фабрикасын тағы  ашуға ұсыныс жасалды. Жылыжай тұрғызуда да Нидерланды бизнес иелерінің тәжірибелері қажет-ақ. Тағы да голландиялық технологиямен бекіре мен уылдырық дайындайтын цех қатарға қосылды.

Одан әрі, аймақ басшысы өңірдің елуден аса шет елмен экономикалық байланыста екендігін айтты. Өзінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған атыраулық кәсіпкерлерді Голландияға тәжірибе алмасуға жібермек ойын жеткізді.

Нидерланды елінен келген қонақтар бұл бастаманы құп алды. Барлық жағдай жасалатындығын, керекті кездесулер ұйымдастырылатындығын айтты. Мұнда ауыл шаруашылығы, мұнай-химия кешені, құс және балық өсіру жақсы дамыған. Әлемдік орташа көрсеткіштен Голландия сиыры он есе артық сүт береді екен. Жалпы, Нидерланды дүние жүзінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орынға ие. Сонымен қатар, электр энергиясын шығарудан, табиғи газды сыртқа тасымалдаудан толымды табыстары бар. Кеме жүргізу ісінде, өзен астын қазуда, дренаж жүйесін жасақтауда жақсы тәжірибе жинақтаған. Қонақтар ұсынған ең басты жаңалық – мың адамдық инженерлік-конструкторлық бюро. Оның Қазақстан нарығында жұмыс жасағанына он жыл толыпты. Бірақ, мұнайлы мекенге әлі келе қоймаған. Яғни, сұраныс болса, орындауға дайын.

– Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында дағдарыс жағдайында қолға алынар шараларды нақты айтты. Ұлттық қордан бөлінер қыруар қаражат экономиканы сауықтыруға, сөйтіп халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталады. Сырттан инвестиция тарту жалғасады. Нидерланды елінің де кәсіпкерлерін күтеміз. Оның үстіне, Атырау-Амстердам тіке әуе жолы бар. Небәрі төрт-ақ сағатта межелі жерімізге жеткізеді. Ендеше, біз қашықта тұрған жоқпыз, – деді қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз