ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН СӘТ

Атырау қаласындағы «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде жаңа жылдық шырша өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысты.
Бүгінгі күні «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында төрт пен он сегіз жас аралығындағы қырық бала бар. Олар бес отбасыға топтастырылған. Әрқайсысының ана тәрбиешілері бар.
Ағымдағы жыл балалар ауылы үшін табысты жыл болған. Бес бала патронатты тәрбиеге, бірнеше бала қамқоршылыққа алынған. Бірнеше бала туған отбасыларына оралыпты.

Жаңа жылдық шыршаға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев мерекелік құттықтау лебізін білдірді. «Жаңа жыл жаңа табыс, бақыт әкелсін. Биылғы жыл баршамыз үшін табысты жыл болды. Сіздер, Тәуелсіз елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Елдегі жасампаз істер сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда. Алдағы уақытта да оқуда үздік болып, елдің ертеңгі тұтқасын ұстар тәрбиелі, өнегелі, үлгілі азамат болып өсіңіздер. Өмірлеріңіз осы шыршадай жарық болсын» деген ол, балаларға арнаған бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Одан әрі сахнада мерекелік көріністер қойылды. Ертегілер әлеміне саяхат жасалып, балалар түрлі кейіпкерлерді бейнеледі. Балалар Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетіп, сыйлықтар алды. Өнерлі балалар ән салып, әсем билерімен мерекенің сәнін келтірді. Балалар келген қонақтарға алғыс білдіріп, шыршаны айналып ән салды. Кеш аяқталар сәтте аталмыш балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева әр баланың қалауы бойынша дайындалған сыйлықтарды үлестірді. Жаңа жылдық шырша бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз