Қоқысқа толы контейнер төңірегін бүлдіріп жатыр

  Атырау қаласындағы Кенен Әзірбаев өткелінің тұрғыны Динара Қарабалина редакцияға жазған хатында өзі тұрған мекенінің түрлі қалдыққа толы екенін айтыпты. «Қоқыс жәшігін уақытында тазаламайды, контейнерлер аузы-мұрнынан шығып жатады. Одан қалса, ұшып, ауламыздың ішін толтырады. Айтпаған жеріміз жоқ, бірақ, ешкім елең етпейді», – дейді ол.

 Оқырманның айтқан жеріне біз де барып, бәрін көзбен көрдік. Расымен де арнайы жәшік ернеуінен асып, бөтелкелер, түрлі қалдықтар алыстан-ақ көзге ілінеді. Олардың жағымсыз иісі қолқаны қабады. Бұл көше сәнін ғана бұзып қоймай, түрлі ауру таратуы да мүмкін.

 Отбасыммен бірге бірнеше жылдан бері Еркінқала селолық округіне қарасты «Балауса» шағынауданында тұрамын. Үйіміз жергілікті халық «бал» атап кеткен жасанды су бөгетінің бойында орналасқан. Өткен жылы біраз көшеге асфальт төселіп, балшықтан сәл көз ашқандай болдық.

 Ендігі проблема – біздің шағынауданда қоқыс төгуге арналған жәшіктер жоқ, болса да тым аз. Мысалы, өзім тұратын 24-ші көшеден мұндай жәшікті емге таппайсыз. Соның салдарынан әр үйдің маңында қоқыс шашылып жатады. Алға қарай Атырау қаласының әкімдігі, тиісті коммуналдық мекемелер қоқыс мәселесін шешуге қолғабыс етсе дейміз» деп жазыпты тағы бір оқырманымыз.

 Хат авторы Фарид Галиахметовтің айтқан жеріне де барып қайттық. Бұл көшедегі күл-қоқыс айлар бойы тазаланбағандай. Желмен ұшқан полиэтилен пакеттері айналада шашылып жатыр. Табиғатқа да, адам саулығына да зиянын тигізуде. Бұл жолмен ондаған оқушы сабаққа барады. «Жағдай алдағы уақытта шешімін таппаса, қоқыстан көзіміз ашылмайтын түрі бар» дейді тұрғындар. Көкарна елді мекенінің 2-ші көшесінің жайы да мәз емес. Мұнда қоқысқа арналған жәшік атымен жоқ.

  Тұрғындар көше шетіндегі бос орындарға, кез-келген жерге тастап жүре береді. Ол жерде балалар да ойнайды. Редакцияға келіп, ренішін айтқан ауыл тұрғыны тиісті мекемелерге бірнеше рет хабарлаған. Олар арнаулы автобазаға тапсырма берілгенін айтып хат та жолдаған. Алайда, мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр.

– Тұрмыстық қалдықтар желді күні біздің аулаға ұшып келеді. Өйткені, қоқыстар үйдің жанына жинақталған. Арнаулы автобаза қызметкерлері қоқысты уақытылы жинап алмайды. Соның салдарынан өзіміз өртеуімізге тура келеді. Бұған дейін бірнеше рет жауапты органдарға арыз да жазған болатынмын. Біздің жанайқайымызға көңіл бөлген жан табылмады, – дейді газет оқырманы Ізбасар Қабиев.

Шет елде бәрі де кәдеге асады 

Дамыған 50 елдің қатарындағы, мәдениетті саналатын елде қоқыс жәшігі тасалау көшелерде, үйлердің артқы жағына қойылады.

* Германия мен Жапонияда күл-қоқыстың – 30, АҚШ-та – 27, ал Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделіп, қолданысқа жаратылады. Үндістанның 14 миллион тұрғыны бар Мумбай қаласында шығарылған қоқысты кәдеге асыруға жергілікті тұрғындар аянбай атсалысып, тұрақты кәсіп етіп келеді екен.

* Швейцарияда қалдықтардың барлығы іріктеледі. Сондықтан, тұрғындарға қоқысты әртүрлі контейнерлер бойынша бөліп салу міндеттелген.

Сіз не дейсіз?

Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ, Атырау қаласының тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

– Хат иелері тұратын елді мекендердегі қоқыс қалдықтарының уақытылы тазартылмауы және мүлдем жоқтығына байланысты шағымдар бойынша арнайы бұйрық берілді. Соған сәйкес, елді мекен аумағында қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуді арнайы кәсіпорындар жүзеге асырады. Шағын елді мекендерде мұндай кәсіпорындар болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар қызметінің бақылауымен және қызмет етуімен қалдықтарды өз бетімен шығаратын орындар ұйымдастырады.

Өмірбек КАМАЛОВ, Атырау қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Кенен Әзірбаев өткеліндегі қоқыстың уақытында алынуы үшін «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырма берілді. Және алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанса, тұрғындар 25-43-56 нөміріне хабарласулары қажет. Ал, Балауса және Көкарна елді мекендеріне асфальт жолдары салынғаннан кейін, тиісінше қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары қолға алынады.

Айғанша ТІЛЕУЖАНОВА, қоғамдық белсенді:

– Мұндай қолайсыз көріністер, шынын айту керек, қаламыздың ішінде де көп кездеседі. Ал, контейнерлер айналасы жабық болмағандықтан және шашылып жатқан қоқыстар тазартылмағандықтан көшені бүлдіруде. Кейбір елді мекендерде арнайы жәшіктің болмауынан тұрғындар көліктеріне салып, қалаға тасиды. Сонымен қатар, адамдар арасында да контейнерге тастамай, сыртына лақтыра салатындар бар. Мәдениетті, тазалықты, алдымен, әркім өзінен бастаса екен. Мүмкін, учаскелік полиция қызметкерлеріне айыппұл салғызу тетіктерін іске қосу керек те болар.

*ТҮЙІН Міне, біз тілдескен адамдар осылай дейді. Соған қарағанда, Балауса мен Көкарна елді мекендерінен хат жазған тұрғындардың әзірге тазалықты өз күштерімен сақтауына тура келеді. Десе де, осы мақаладан соң құзырлы органдар іске кірісіп, мәселені оң шешер деген сенімдеміз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз